Қаңтар оқиғасы бойынша қанша адам рақымшылыққа ілігеді – Бас прокуратура жауабы
ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шыңдалиев ҚР Парламенті Мәжілісінде журналистерге берген сұхбатында Қаңтар оқиғасына қатысқандарға берілетін рақымшылыққа қатысты пікір білдірді.
Әсет Шыңдалиев рақымшылыққа қанша адам ілігеді деген сұраққа жауап бере отырып, Қаңтар оқиғасы бойынша 1 мыңнан астам істің тергелгенін атап өтті.
«Қазірше қанша екенін нақты айта алмаймын. Бұл мәселені алдағы уақытта пысықтайтын боламыз. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы тапсырма берді. Қазіргі кезде 1 мыңнан астам іс тергелді, 1 мыңға жуық адам сотталды. Осы статистиканы қарау керек болады. Әзірге оның қанша адам болатынын айтуға дайын емеспін», – деді ведомство өкілі.
Ол тиісті заң жобасын дайындау барысында статистикалық мәліметтер міндетті түрде халыққа ұсынылатынын жеткізді. Сонымен қатар экстремистік қылмыстарды ұйымдастырғандарға рақымшылық жасалмайтынын баса айтты.
«Тергеу сатысында біз барынша гуманизм таныттық деп айта аламын. Қаңтар оқиғасынан кейін Президенттің өзі де жеңіл қылмыс жасағандарды бас бостандығынан айыруға болмайды, оларға адамгершілікпен қарау керек деп айтқан болатын. барлығы 983 адам сотталды, оның 100-ден астамы нақты мерзімге кесілді алды, қалғаны түрлі шектеу немесе шартты түрде сотталды», — деді ол.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген болатын.