Өңір

Қарағандыдағы шұжық өндіруші кәсіпорын жабдықтарын жаңартуға мемлекеттік қолдау алды

Қазақстанда отандық өндірушілер жаңа жабдық сатып алуға және өндірісті жаңғыртуға жұмсаған қаражатының 40–50 пайызына дейінін мемлекет есебінен өтете алады.

Шұжық зауыты

Мұндай қолдау кәсіпорындардың технологиялық әлеуетін арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға және бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған. Қарағанды облысындағы шұжық өнімдерін шығаратын "Тай" компаниясы осы мүмкіндікті тиімді пайдаланды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, кәсіпорын 65 млн теңгеге шұжық өнімдерін қаптауға арналған заманауи жабдық сатып алған. Жаңа құрылғы өндіріс үдерісінің бір кезеңін автоматтандыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде жұмыс қарқыны жеделдеп, дайын өнім көлемі шамамен 30 пайызға артқан.

Жабдықты сатып алуға жұмсалған шығынның бір бөлігі мемлекет тарапынан өтелді. Нақтырақ айтқанда, кәсіпорынға 25,9 млн теңге қайтарылған. Бұл қаржы өндірісті одан әрі жетілдіруге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік беріп отыр.

"Бұл біз үшін елеулі қолдау. Қайтарылған қаражат өндірісті одан әрі жаңғыртуға, жабдықтарды жаңартуға және өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді", – деді "Тай" ЖШС техникалық директоры Серік Жұртыбаев.

Министрліктің түсіндіруінше, өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік ынталандыру шараларын жүзеге асыратын оператор – QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы. Қолдау екі негізгі бағыт бойынша көрсетіледі. Оның бірі – еңбек өнімділігін арттыру, екіншісі – отандық өнімді ішкі нарыққа ілгерілету.

Аталған бағдарлама аясында кәсіпорындар технологиялық жабдық сатып алуға, цифрлық шешімдерді енгізуге, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және өндірістің тиімділігін күшейтуге жұмсаған шығындарының 40–50 пайызын өтете алады. Бұл тетік өндіріс орындарына қаржылық жүктемені азайтып қана қоймай, жаңа технологияларды игеруге де жол ашады.

Мұндай мемлекеттік қолдау әсіресе өндірісін кеңейтіп, құрал-жабдықтарын жаңартуды көздейтін шағын және орта кәсіпорындар үшін маңызды. Өйткені заманауи технологияға салынған инвестиция өнім сапасын жақсартып, еңбек өнімділігін арттыруға және нарықтағы сұранысқа бейімделуге мүмкіндік береді. "Тай" компаниясының тәжірибесі де мемлекеттік қолдаудың нақты өндірістік нәтижеге ықпал ете алатынын көрсетеді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: қарағанды
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз