Саясат

Қарулы жасақтан қашқан жастарға балконнан қарап тұрдық...

Мен Желтоқсан көтерілісіне қатысқаным жоқ, қатыстым деп айта алмаймын. Бірақ ол күндер көз алдымда өтті.

Қарулы жасақтан қашқан жастарға балконнан қарап тұрдық...

     16 желтоқсан күні сағат 11-дің шамасында министрлікке барып едім, жастардың Брежнев атындағы алаңға жиналып жатқанын естідім. Баспалдақтан түсіп келе жатқанымызда село-құрылыс министрінің бірінші орынбасары Г.Медведов маған қарап: «Қонаевтың орнына Қазақстаннан маман табылмағандай басқа республикадан Колбинді жібергенін түсінбедім», – деді. Мен де бұған таңғалғанымды айттым. Содан қайтарымда алаңға барып, не болып жатқанын көрейін десем, бір көше қалғанда, милиционерлер бізді машинамен әрі қарай өткізбеді. Жұмысқа келе сала, Арқалық қаласында тұратын ағам Кәкімбек Исмурзинмен хабарласып, жастардың алаңға шығып жатқанын айтып едім, ол: «Мен де  халықты жинап, ертең көтеріліске шығарамын», – деді. Ағамның мінезін білемін, бір нәрсеге ұрынып қала ма деп, мен де адам баласымын ғой, «бекер айттым-ау» деп ойладым.

 Түскі демалыстан бір сағаттай өткенде маған жасы елуден асқан, архив кабинетінде істейтін Үміт Қалиқызы келді. Ол біздің қыздардың алаңға барғысы келетінін, оларға бөлім бастықтары рұқсат бермей жатқанын айтты. «Казогртехстрой» институтында 500-ден аса қызметкер болатын. Олардың ішінде қазақтар саны 7-8 пайыздан аспайтын.  Дәл сол күні директор да, бас инженер де іссапарда болатын, сондықтан ол маған – директордың орынбасарына келіпті. «Олар кімдер?» деп сұрасам, небәрі төрт адам екен. Мен рұқсатымды бердім. Бірер сағаттан кейін Үміт Қалиқызы қайтадан келді. Бұл жолы «алаңдағы жастар таңертеңнен бері тамақ ішпеген, солардың тамағына мешіттегілер ақша жинап жатыр, әр адам өз мүмкіндігінше беруде»  деген соң, мен де ақша бердім.

Жұмыстан кейін үйіме жаяу қайттым. Менің пәтерім К.Байсейітова көшесіндегі екі 16 қабатты ғимараттан сәл төмен, Пушкин кітапханасынан жоғары, бес қабатты ғимараттың 4-қабатында, яғни жастар жиналып жатқан алаңның тура жанында болатын. Әдеттегідей Абай  даңғылымен  көтерілмей, Қ.Сәтбаев көшесімен көтерілдім. Алаңда Мир (Желтоқсан) көшесінен Фурманов көшесінің шығысына дейін, Сәтбаев көшесінің бойында адамдар сыймай тұр екен. Мен ауыл шаруашылығы  министрлігінің алдынан әрі-бері екі-үш рет өттім де, пәтеріме қайттым. 

   Кешкі сағат тоғыз жарымнан кейін көршім Молдан (Халық шаруашылығы институтының доценті), оның әйелі үшеуіміз К.Байсейітова көшесіндегі 16 қабатты ғимараттың қасына келіп тұрдық. Үкімет үйінің  батыс жағынан соққан прожектор жарығы Абай даңғылына дейін жетіп тұр. Алаң тып-тыныш. Тек жастар жағы ғана милиционерлерге анда-санда тас лақтыруда. Бойы тапал бір жігіт милиционерлер саптарына қарғып кіріп, біреуінің қалқанын тартып алып шықты. Оны көріп, біз бір мәз болып қалдық. Біраздан кейін Фурманов көшесі жағынан Үкімет  үйіне адам  толған бірнеше машина келді. Олар шекарашылар училищесінің курсанттары болуы керек. Енді олар милиционерлерге қосылып, жастарға тас лақтырып, жақындағыларын ұрып, ығыстыра бастады. Сосын,  теледидардан сан рет көрсетіп жүргендей К.Байсейітова көшесімен жастар қаша бастады. Біз де үйімізге қарай жүгірдік. Менің сол аяғыма тас тиді. Пәтерімізге келіп, балконнан қуғыншылардан жастардың қашқанына қарап тұрудан басқа амалымыз қалмады.

     Ертеңіне үйден Қ.Сәтбаев көшесіне көтеріліп келе жатыр едім, бір милиционер «әрі қарай баруға болмайды» дегенде, куәлігімді көрсеттім. Алаңға қарасам, онда  бірнеше автобус тұр екен, 40-50 шамалы темір таяқпен қаруланған жасақшылар жүр. Мир көшесіне жақындай бергенімде, К.Байсейітова көшесінде тұрған 20 шақты жас өтірік шегіне бастаған жасақшыларға ұмтылды. Олар да аздап күтті де, жастарға қарсы жүгірді. Төбелес емес, жастарды ұру басталып кетті. Еңгезердей екі орыс бір жігіттің тек шашынан ұстап, оны сүйрете жөнелді (адам шашы қандай мықты болады!). Мен бұрышта тұрған қазақ милиционерге қазақша: «Аналар ана жігітті өлтірді ғой», – деп едім, «өтіңіз, өтіңіз» деп, жылағандай болды. Ол байғұстың да жаны күйіп тұрғанмен, дәл қазір қолынан еш нәрсе келмейтінін түсіндім. 

    Сол күні жұмыста отырғанымда бөлім бастығы Зоя Баймырзаева келді. Әңгіме үстінде ол: «Кеше кеште екі қызым жиналып, алаңға бармақшы болып жатыр екен. Менің «бармаңдар» дегеніме көнбеген соң, әкесіне «бұларды тоқтатшы» дедім. Ораз болса «барғылары келсе, барсын» деп бұрылып кетті», – деді. Ораз Баймырзаев – Алматы қаласының бас архитекторы, қаладағы талай белгілі ғимараттардың авторы. Міне, осындай қиын-қыстау кезенде өз қыздарын майданға жіберуге дайын болған азаматтар да болыпты.  

    Совет өкіметі осы көтерілісті мемлекетіміздің бірлігіне іріткі  салған ұлтшылдар жасады деп, теледидар, радио және газеттерден  күн сайын үгіт-насихаттарын жүргізумен болды. Оның үстіне оқу, кәсіпорын, мекемелерде көтеріліске қатысқандарды «әшкерелеу» жиындарын өткізді.  Біздің институтта да осындай жиналыс болды.

Құрбан болғандардың, түрмеге қамалғандардың, оқудан, жұмыстан қуылғандардың аттары жыл сайын айтылып жүр. Олардың ішінде Арқалықта 17 желтоқсан күні  200 жасты  ұйымдастырған, Алматы жастарын қолдаған плакаттары бар, ереуілге шыққан ағам Кәкімбек Исмурзин де бар (ол сол үшін партия атынан жазбаша қатаң сөгіс алған). Бұлар ғана емес, бүкіл қазақ халқы жазаланды. Көшеде, қоғамдық көліктерде, көптеген кәсіпорындарда қазақтарға «ұлтшылдар» деп қарайтын болды.  Қала жұрты екіге бөлінді: орыс және қазақ немесе қазақ және орыс. Қазақша сөйлеу ұят, тіпті қылмыс саналды. Екі қазақ бір-бірімен қазақша сөйлесе бастаса, «неге сендер орысша сөйлеспейсіңдер»  деп тиісетін. Бұған шыдамаған қазақтар көшеде, қоғамдық көліктерде  сан рет төбелесуге дейін барды. Тісін қайрап жүргендер шовинизм не екенін сонда көрсетті.

    Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1991 жылдың 16 желтоқсан күні «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заң қабылдады. Осы күн «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» деп саналды.  Желтоқсан көтерілісі осы күнде басталған соң,  екі атаулы дата бір күнге келіп тұр. Оның үстіне Еуропаның Рождествосы, жаңа жылға дайындық, совет заманынан қалған әдет – жаңажылдық шырша ұйымдастыру қызу жүретіндіктен, жаңа мемлекет құрған күніміз жай мерекенің біріне айналып бара жатыр. Ал Желтоқсан оқиғасына қалай баға беріп жүргеніміз көз алдарыңызда.

    Тура бір жылдан кейін жеке мемлекет болғанымызға 30 жыл толады. Сондықтан «тәуелсіз» деген сөзді ұмытып, 16 желтоқсанды не басқа күнді «Демократиялық Қазақ Республикасы күні», «Республика күні» деп атаудың уақыты келді.

Тегтер: Без Тега
Әбдікәрім Жұмыров
Әбдікәрім Жұмыров Әбдікәрім Жұмыров

Оқыңыз