Сараптама

Қаруымыз HIMARS-тай болу үшін...

Қазақстанның әскери әлеуеті қалай, соғыс техникаларымыз уақыт талабына сай ма? Соңғы үлгідегі әскери қару-жараққа Қазақстан әскерінің қолы қашан жетеді?

Қаруымыз HIMARS-тай болу үшін...

Қорғаныс қабілетімізді қашан қолға аламыз? Бұл – бүгінгі күннің өзекті сауалы. Осы сұрақтарды саясаттанушы, әскери журналист Асхат Қасенғалиға қойдық.

–Көрші елдердегі саяси-географиялық жағдайлар біздің де ұйқымызды бұзып жатқаны рас. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Ел басына күн туа қалса, ел шетін жаудан қорғайтын әскери саламыздың әлеуеті қалай?

–Қазақстан қорғаныс саласы қару саласынан бастап сарбаздарды оқыту-жаттықтыруда ресейлік үлгіге басымдық беретіні жасырын емес. Әскери мамандарды оқытуды да ресейлік оқу орындарына басымдық беріліп келді. Қоғамда, билікте «Ресей әскері теңдессіз» деген түсінік бар. Ресейлік қару да, әскери тактика да озық, үздік деген ой қалыптасқан. Алайда посткеңестік елдердегі соңғы ірі екі соғыс Әзербайжан-Армения, Ресей-Украина соғысы көрсетіп бергендей, ресейлік үлгінің, қарудың осал тұстары жетерлік екен. Технология, техника тұрғысынан артта қалған. Жақында ғана армян премьері «Ресей қаруына 99,9 пайыз басымдық беріп, үлкен стратегиялық қателік жібердік» деді. Қазақстан да сол бір стратегиялық қателікті жібермеу үшін қорғаныс саласында диверсификация жүргізуге талпынуда. Әсіресе қару сатып алу, жаттығу өткізуде. Бірақ біздің әлі де Ресейге тәуелділігіміз өте жоғары деңгейде.

Әскер саласында өзгеріс жасайтын тұстар көп. Ол қару алудан бастап, идеологияға дейінгі аралықты қамтиды. Әскери мамандардың әлеуметтік жағдайын көтеру де аса маңызды, әскердегі әлімжеттік мәселесі де жастар үшін қорғаныс саласына барудың престижін азайтуда. Бұның шешімін бүгін табуға тиісті мәселе. Мұның бәрі – ел басына күн туса, әскердің қорғаныс қабілетіне әсер ететін факторлар.

–Көрші Ресейдің жағдайын көріп отырмыз, Украинамен соғысқан алғашқы аптаның өзінде шамасы белгілі болды. Әскери қару-жарағы ескі, әскери техникасы тозған, қорғаныс саласы парақорлыққа батқан дегендей. Мәскеуге еліктегенде алдыға жан салмайтын әдетіміз бар еді...

–Иә, ол рас. Мәскеуге әскери салада көп жалтақтап келдік. Техниканы да сол тараптан алдық, әлі де алып келеміз. Украина соғысы Мәскеудің сенімді одақтасы емес, қауіпті көрші екенін көрсетіп берді. 90-жылдары Украина аумағының тұтастығына кепіл берген елдің бірі – Ресей еді, енді өзі ол кепілдікті бұзып, соғыс ашып отыр. Яғни Кремльмен жасасқан кез келген құжат Мәскеу қалаған сәтте қоқыс жәшігіне тасталуы мүмкін. Бұл бізге сабақ боларлық жайт. Әсіресе қорғаныс саласында.

Ресей Украинаға басып кіргенде әскери сарапшылар «Киев көп болса бір апта шыдайды» деп айтып жатты. Ол жағы түсінікті де. Әскери рейтингте Ресей екінші орында тұрған ел, ал Украина соғысқа дейін 22-орында тұрды. Әлемде ең көп танкке ие Ресей әскері әп-сәтте Украина сарбаздарын тізе бүктіріп, соғыс партизандық сипат алады деген болжам жасалды. Бірақ олай болмай шықты. Украина әскері өзінің ұрыс жүргізу қабілетін сақтай отырып, шабуылды тойтарды. Бұл Ресей әскеріндегі көптеген минусты көрсетіп берді. Олардың әскери шеруде жер-көкке сыйдырмай мақтап жататын қарулары ұрыс даласында айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Әскердегі жемқорлық, оқ-дәрі мен әскери техникаға дейін сатып жіберу, мобилизацияланғандарға арналған әскери форманы сату, мұнай сату бойынша көшбасшы бола тұра әскерге арналған жанармайды нарыққа шығарып, саудалау сынды жайттар бірінен соң бірі шығып жатты. Бұл жемқорлық, парақорлық біздің әскерде де жоқ емес, бар. Өйткені әлем бойынша жемқорлық кең жайылған елдің біріміз. Ресейдің әскеріндегі жемқорлыққа күлетін жағдайда емеспіз. Сондықтан да кез келген саланы қуатты етуді қаласақ, алдымен жемқорлықты ауыздықтау жолдары жасалуы тиіс.

–Біздің әскери техникаларымыздың ішінде қазіргі соғыс жағдайына төтеп беретін, соңғы соғыс талаптарына сай қандай әскери техникаларымыз бар?

–Бізде жоғарыда айтқанымыздай, барлық маңызды әскери техникалар Ресей өнімі саналады. Бізде Т-72 танктері негізгі танк саналады. Әрине, оларды модернизациялау ұдайы жүріп тұрады. БТР, БМП түрлерінің басым бөлігі кеңестік, артынша ресейлік типтерден алынды. Авиация күштерінің негізін көбіне МиГ-29, МиГ-31, Су-24, Су-25, Су-27 құрайды. Су-30М ұшақтарын да сатып алған еді. Тікұшақтар да ресейлік және кеңестік типтер, мысалы, Ми-24, Ми-8 дегендей. Әуе қорғанысы да ресейлік С-300, С-125 кешендерінен тұрады. Бук зениттік зымыран кешені де бар. Ал алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымыран кешендерінен кеңестік Ураган, Град, Смерчтерді айтсақ болады. Өзіміз де қару өндіру саласында «Арлан», «Алан» сынды бронды техникаларды жасап шықтық, «Найза», «Семсер», Айбат сынды миномет, зымыран кешендері жасалды. Бірақ олардың саны аз, шектеулі.

Атап айтқанымдай, бізде көбі ресейлік және кеңестік техника. Ал заманауи соғыс дәлдікті қажет етеді. Мысалы, HIMARS та зымыран кешені саналады, бірақ онда дәлдік бар. Нысанаға соққы жасауда зымыранының ауытқуы өте сирек. Бізде мысалы оның баламасы ретінде ресейлік «Ураган»-ды айтсақ болады. Бірақ оның дәлдігі және оқтау уақыты ұзақ. Яғни минустары көбірек. Сол сияқты артиллерияда да минустар бар. Украинаға Батыс елдері берген М-777 артиллериясының саны аз болса да, саны басым ресейлік және кеңестік артиллериядан артық екенін көріп отырмыз. Бұдан бөлек радарлардың да маңызы жоғары. Ол да бізде Ресейдің өнімі, өкініштісі. Сондықтан біздің әскердің техникасын жаңарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Оның ішінде тек қана сырттан сатып алмай, отандық әскери техника өнімдерін шығаруға да ден қойылуы тиіс.

–Өзіңіз айтқандай, HIMARS пен дрондарды көптеп сатып алуға не кедергі? Оларды пайдалана алатын әскери мамандар дайын ба Қазақстанда?

–HIMARS 2022 жылы Украина соғысында сөзсіз өзін жақсы қырынан танытып, жарнамасын жасай білді. Батыстық технология, дәлдік пен зымырандардың қашықтықты еңсеру жылдамдығы әлемді қайран қалдырды. HIMARS бір-екі жыл бұрын шыққан қару емес. Таяу Шығыстағы әскери операцияларда, Иракқа қарсы операцияларда АҚШ кеңінен қолданды. Тек біздің медиаға Украина майданы арқылы таныс бола бастады. HIMARS-ты АҚШ билігі қазіргі таңда Қазақстанға сатпайды деп ойлаймын, ол кез келген азаматқа түсінікті. Батыс қару саласындағы технологиясын барынша қорғайды, ал Қазақстан НАТО-ға қарсылас саналатын Ресеймен бір әскери ұйымда. HIMARS-ты тіпті НАТО-ға мүше бола тұра, әлі күнге алмаған, алуға тапсырыс беріп, келіссөз жүргізіп жатқанына ұзақ жылдар болған елдер бар. Сондықтан бұл зымыран кешеніне ұқсас балама түрлерін іздеген дұрыс.

Lрон алуға қатысты сұрағыңызға келетін болсақ, бұл салада алға жылжу бар. Жалпы, Қазақстан әскерінде барлаушы және соққы жасаушы дрондар бар. Алғашқы соққы жасаушы WingLoong-1 дрондары Қытайдан келді. Біздің түсінікте «Қытай өнімі нашар» деген ой қалыптасқан, алайда ол олай емес. Бейжің экономика, көлік саласы, IT технология, медицинада алға кетті. Әскери саланы да дамытуда. Сондықтан бұл дрондарды да аса сапасыз дей алмаймыз. Соққы жасаушы дрондардың қатарын толықтыру үшін түркиялық Anka дрондары сынақтан өтуде. Оны өз жерімізде құрастыруға қатысты Анкарамен келісім де жасалды. Жақын аралықта біздің әскер осы дрон түрімен толығады деуге болады.

Бүгінде барлаушы дрондар әскердің көзіне айналды. Жау позициясын анықтау, соққы жасаушы артиллерияға бағыт беру, ақпарат жинауда таптырмас құрал. Қазақстан әскерінде барлаушы дрондардың бірнеше типі бар. Израиль, Ресей өнімдері. Өзіміз де дрон құрастыру саласын ақырындап қолға алып жатырмыз. Мысалы, «Шағала» дроны өз тиімділігін көрсетті. Осындай дрон түрлерін арттыру керек. Ұрыс даласында камикадзе дрондар да өз тиімділігін көрсетуде, сөзсіз бұл тәжірибені Қазақстан да ескереді.

Зымыран кешендерін сатып алу, дрондар паркін арттыру маңызды. Зымыран кешендері бойынша Батыспен келіссөздер ұзаққа созылуы ықтимал, сол себепті оны бізге сатуға дайын өзге елдерді іздестіру қажет. Мүмкін Түркия, мүмкін Қытаймен келісім жасау керек. Ал дрондарға қатысты келіссөз жүргізу аясы кең. Себебі әлем елдері дрон өндірісіне назар аударуда. Оның ішінде біз де бармыз.

–Әскери маман демекші, қорғаныс және әскери саламызда ақсап тұрған қандай проблема бар?

–Қазір мамандарды ресейлік оқу орындарынан бөлек, түркиялық оқу орындарында оқыту алға озуда. Бұл – жаңа бағыт. Себебі Түркия НАТО-ның мүшесі, оқыту жүйесі мүлде бөлек, әскери идеологиясы да айрықша. Әскери мамандарды дайындауда жоғары технологияны жылдам игеретін кәсіби әскерді жасақтау маңызды. Себебі әскери техника нарығы дамуда, ол әскерилердің білімі жоғары болуын талап етеді.

Қорғаныс саласында проблема жетерлік. Біріншісі, ол әскери техниканы жаңарту мәселесі. Екіншісі, идеология мәселесі. Оның ішіне әскердегі әлімжеттікті азайту, психологиялық кеңес беруді арттыру, жауынгер рухын көтеру шаралары және әскери ұжымның біртұтастығын көтеру сынды кешендерді де қоссақ болады. Үшінші, әскери қоймалардың қауіпсіздік мәселесі бар. Әлем елдері әскери қоймалардың қауіпсіздігіне үлкен мән береді. Украина қазірдің өзінде зымыран соққысынан сақтану және диверсиядан қорғану мақсатында жерасты әскери қоймаларын салуды бастады, ал Иранда ол бұрыннан бар. Біздегі соңғы жылдардағы қоймалардың жиі жарылуын еске алсақ, бізге де қажет шараның бірі деуге болады.

–Әскери әлеует дегеннен шығады. Әскеріміздің жалпы саны қанша? Олардың білімі мен біліктілігі қай деңгейде?

–Әлемде әскери әлеуетті есептейтін Global Firepower дейтін ұйым бар. Беделді ұйымның есептеуіне назар аударсақ, 2023 жылы Қазақстанда 77 мың әскер болған. Бұл Орталық Азиядағы ең көп әскер саналады. Әрине, бұл сан әскер саласына жақын мамандарды қоспағандағы көрсеткіш. Әскери бюджет те бізде ОА бойынша ең жоғары саналады. 2022 жылы біздің әскери доктринаға өзгеріс енгізілді. Онда сарбаздардың біліміне, кәсібилігіне де қатысты өзгерістер бар. Себебі ХХІ ғасыр сарбазы тек физикалық емес, интеллектуалдық тұрғыдан да мықты болуы тиіс. Батыс елдерімен, АҚШ сарбаздарымен арнайы жасақтардың, ұшқыштардың тәжірибе алмасуы артуда. Бұл да әскердің деңгейін көтереді.

Сұхбаттасқан

 Жарас ШӨКЕ

Тегтер: Без Тега
Жарас Шөке
Жарас Шөке Жарас Шөке

Оқыңыз