Live

Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы үйқамаққа жіберілді

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде болған адам жарақатынан кейін ұсталған ұйымдастырушы үйқамаққа жіберілді.

1

Сот оны тергеу изоляторына қамауға санкция бермеді.

Шымкент қалалық прокуратурасының мәліметінше, сот күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын қараған. Бұған дейін концерт ұйымдастырушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.

"Сот күдіктіні қамауда ұстауға санкция беруден бас тартып, оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады", – деп хабарлады қалалық прокуратура.

Ұйымдастырушыға қандай жаза қолданылуы мүмкін?

Полиция мәліметінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 306-бабының 2-бөлігі – "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету" бойынша тергеліп жатыр.

Аталған бап бойынша күдіктіге 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 2026 жылғы есеппен 21 миллион 625 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бес жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.

Бұдан бөлек, сот үш жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысуға немесе белгілі бір лауазымды атқаруға тыйым салуы мүмкін.

Еске салайық, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртастың концерті өткен. Іс-шараға келген көрермендер тапталып қалып, бірнеше адам зардап шекті.

Полицияның алдын ала мәліметінше, ұйымдастырушылар концерт алаңының сыйымдылығынан әлдеқайда көп билет сатқан. Соның салдарынан адамдар шамадан тыс жиналып, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төнген.

Оқиғадан кейін сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың жетеуі дәрігерлік тексеруден соң үйлеріне жіберілді. Ал 18 жастағы қыз ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының соңғы мәліметінше, зардап шеккен қыздың жағдайы әлі де тұрақты ауыр.

Әлеуметтік желілерде концерт кезінде адамдар қаза тапқаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда полиция бұл мәліметті жоққа шығарып, оқиға салдарынан адам өлімі тіркелмегенін мәлімдеді.

11 қазанда концертті ұйымдастырған 1984 жылы туған азамат ұсталған еді.

Қазір оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық істің барысы Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз