Әлеумет

Қайрат Сатыбалдының бұрынғы қонақүйі 12,7 млрд теңгеге қайта сатылымға шығарылды

Алматыда бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған DoubleTree by Hilton қонақүйі қайтадан аукционға қойылды.

Қайрат Сатыбалды

Нысанның бастапқы бағасы 12,76 миллиард теңге.

Қонақүй Алматы қаласындағы Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан. Жалпы ауданы 16 мың шаршы метр болатын 11 қабатты ғимаратта қонақүй бөлмелері, бассейн, спа-аймақ, фитнес орталығы, мейрамханалар мен конференц-залдар бар.

e-Qazyna порталындағы мәліметке сәйкес, аукцион 13 қазанда сағат 10:00–де өтеді. Сауда бағаны көтеру әдісімен ұйымдастырылады. Нысанның бастапқы құны – 12 759 410 000 теңге, ал баланстық құны – 4,7 миллиард теңге.

Бұған дейін қонақүй 25 қыркүйекте сатылымға шығарылған. Алайда аукционға қатысуға ниет білдіргендер болмағандықтан, сауда өтпеді деп танылған.

Қайрат Сатыбалдыұлы
Фото: ашық дереккөз/Қайрат Сатыбалдыұлы

DoubleTree by Hilton қонақүйі 2023 жылғы 18 қыркүйекте Қайрат Сатыбалдыұлы мен Алматы қаласының мемлекеттік мүлік департаменті арасында жасалған сыйға тарту шарты негізінде мемлекет меншігіне өткен. Сол кезде ғимарат 6,49 миллиард теңгеге бағаланған.

Еске салайық, Қазақстанның экс- президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 2022 жылы "Қазақтелеком" компаниясына келтірілген залал және басқа да қылмыстық істер бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін оның бірқатар ірі активі мемлекетке қайтарылды.

Бұған дейін Мәжілістің бұрынғы депутаты Ермұрат Бапи Алматыдағы Hilton қонақүйінің мемлекет меншігіне алыну жағдайына қатысты күмән келтіріп, нысанның бағасы төмендетілуі мүмкін екенін айтқан. Ол Бас прокуратурадан бұл жағдайдың заңдылығын тексеруді сұраған еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз