Қоғам

Қайрат Шәріпбаевтың қызына қатысы бар компания Ақтөбе ЖЭО акционерлерінің қатарынан шықты

Ақтөбе жылу электр орталығының ірі акционерлерінің бірі ауысты.

Ақтөбе ЖЭО

QazaqGaz ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Қайрат Шәріпбаевтың қызына қатысы бар Inform System компаниясы кәсіпорын акционерлерінің қатарынан шықты. Оның орнына Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген Central Asia Warehouse Private Equity Fund инвестициялық қоры келді.

Қаржылық есептілік депозитарийінің деректеріне сәйкес, "Ақтөбе ЖЭО" АҚ акционерлерінің құрамындағы өзгеріс 2026 жылғы 9 қазанда тіркелген. Құжатта Inform System ЖЭО-ның дауыс беретін акцияларының кемінде 10%-ына иелік ететін акционерлер тізімінен шығарылғаны көрсетілген. Оның орнына Central Asia Warehouse Private Equity Fund енгізілген. Алайда берілген акциялар пакетінің көлемі, мәміленің құны мен шарттары жарияланбаған.

Шәріпбаевтардың ЖЭО-ға қандай қатысы бар?

Акционер ауысқанға дейін Ақтөбе ЖЭО Inform System компаниясына тиесілі болған. Kursiv басылымының бұған дейінгі мәліметінше, компанияның ортақ иелері Asia W Partnership және DanKo Commerce болған. Asia W Partnership компаниясы Қайрат Шәріпбаевтың қызы Қорлан Шәріпбаеваға тиесілі. Қайрат Шәріпбаев бұған дейін QazaqGaz ұлттық компаниясын басқарған. Ал Inform System компаниясының екінші ортақ иесі DanKo Commerce Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген Orizzonte Solido Group FZE компаниясына тиесілі. Kursiv дерегінше, оның иесі – Қайрат Шәріпбаевтың ұлы Данияр Қайрат.

Жаңа акционер кім?

Central Asia Warehouse Private Equity Fund инвестициялық қоры 2025 жылғы 17 қазанда Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. AFSA реттеушісінің тізімінде қордың акционері ретінде Provident Fiduciary Ltd компаниясы көрсетілген.

Қордың басшысы – Әсет Әбдіғаппаров. Басшылық құрамында Байрам Валиев пен Айбат Сәбит те бар. Қор құрылған кезде оның негізгі бағыты Орталық Азиядағы қойма жылжымайтын мүлкіне инвестиция салу деп көрсетілген. Қордың жоспарланған көлемі 200-250 миллион доллар болған. Қойма жылжымайтын мүлкіне инвестиция салуға бағытталған қордың энергетикалық кәсіпорынның акционері болуы әзірге түсініксіз. Қордың түпкілікті бенефициарлары туралы ақпарат та жарияланбаған. 

Тегтер: Ақтөбе ЖЭО
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз