Саясат

Қазақ қайда барасың?

Шетелге көшуге неге құмармыз?

Қазақ қайда барасың?

Бүгінде шетел асып, жайлы жерден жұмақ іздегендер қатары толастамай тұр. Ресми статистикаға жүгінсек, осы жылдың қаңтар-маусым айларында елден көшкендердің саны 10 977 адамды құраған. Оның 9,5 мыңы Ресейді паналаса, Өзбекстанға – 131,  Беларусь еліне – 101, Қырғызстанға – 33, Украинаға – 22, Әзірбайжанға 16 қазақстандық қоныс тепкен. 1169 жерлесіміз  батысқа қарай бағыт алыпты. Германияға – 780,  АҚШ-қа – 131, Канадаға – 59, Израиль мемлекетіне – 20, Түркияға – 17, Грекияға 7 тұрғын тұрақтаған.

2020 жылда өзге елге қоныс аударғандардың 3395-і – жоғары білімі бар мамандар. 1,8 мың – техникалық, 990 – экономикалық, 539 – педагогикалық, 313 – медициналық, 213 – заң факультетін, 136 – архитектура, 85 – ауылшаруашылық, 2,1 мың адам өзге де мамандықты игергендер.

Шетелде тұратын жерлестеріміздің орташа жасы 38,5 көрсетеді. 20-64 жас аралығындағы ел тумалары 72 пайыздан асады. Бұл – жұмысқа қабілетті ел азаматтары шетелге шамадан тыс ағылып жатыр деген сөз.  

Бұл туралы әлеуметтанушы Мәнсия Сапарғалиқызы шетел асқан қазақ жастары елдің әлеуметтік жағдайына көңілі толмай кетіп жатқанын баяндады:

«Бізде соңғы 3-4 жылда жастардың шетелге түпкілікті қоныс аударып кетуі көбейді. Ресми деректерге сүйенсек, 2016 жылы – 34 мың, 2018 жылы – 74 мың, 2019 жылы – 45 мың, ал биыл шетел асқандардың саны 100 мыңды шамалаған. Бұл статистикаға қарап отырсаңыз, шетелге көшу үдерісі артып отырғанын байқаймыз. Ал оның ішінде 18-24 жас аралығындағы жастардың көшу көрсеткіші 32 пайызды көрсетеді. Оның 23,7 пайызы жақын шетелге, әсіресе Ресейге орын тепсе, қалған пайызы алыс шетелге, оның ішінде Канада, АҚШ, Германия сынды мемлекеттерге тұрақтайды екен. Енді жастардың шетел асу себептеріне тоқталсақ.  Мысалы, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелден тәжірибе алмасу мақсатында 100 мың студент оқуға кетсе, оның 300-і сол елдерде қалып қойған. Бұл шетелге білімді, білікті мамандардың кету процесінің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар мектеп түлектерін бакалавриатқа, тіпті мектеп қабырғасына да шетел студенттерін қабылдайтын елдер жетерлік. Сол себептен елдегі тіл білетін жастардың таңдауы  біздің ЖОО-ларға емес, шетел университеттеріне түсуі ықтимал. Әрине, біз жастардың өсуіне жағдай жасауымыз керек. Алайда олар елге қайтып келетіндей етіп жоспарлаған дұрыс. Дайын маман болғанда болашағын Қазақстанмен байланыстыратындай әлеуметтік жағдай жасалуы керек немесе белгілі бір құқықтық нормалар арқылы қайта келу процесін ұйымдастырған да дұрыс.

Ата заңымыз бойынша әрбір адам білім алудағы таңдау құқығы өз еркіне беріледі. Сондықтан біз оларды елде білім алуға мәжбүрлей алмаймыз. Біздің қолымыздан келетіні, алдымен, «әлеуметтену» деген бар ғой. Яғни мектеп бітіре салып, 17-18 жасында баланы шетелге жібермеген дұрыс. Себебі бала енді қалыптасып жатқан кезде сол жаққа бауыр басып, дәстүрлі құндылықтардан жат бола бастайды. Оларға елде қалғаннан гөрі шетелде қоныстанған ыңғайлы. Сондықтан толық қалыптасып болғаннан кейін ғана шетелге жіберген дұрыс. Нақтырақ айтқанда, магистратура оқуға ғана жіберген абзал. Екінші мәселе – елдің әлеуметтік жағдайы. Бұл тұрғыда ата-ана мен бұқаралық ақпарат көздерінің тигізер әсері жоғары. Ата-ана күнде баланың көзінше елдегі нашар ахуалды айта берсе, ол бала құлағына сіңісіп кетеді де, бала елден безіне бастайды. Кейін елден біржолата көшуіне әкеп соғады. Шетел көріп, сол жақта 4-5 жылын өткізіп келген жастарға елдің жағдайы сәйкес келмей қалуы мүмкін. Яғни көп жағдайда ел ахуалы қанағаттандырмай жатады. ЖОО-ны тамамдап, дипломмен келген жастар жаңа идеясын жүзеге асыру үшін мемлекеттен қолдау таппау салдарынан елде қалуға құлықсыз болып қалады. Ал елде жүрген жастардың шетел асуының себебі – дұрыс жағдай жасалмауы. Жалақының мардымсыздығы, жұмыс көзінің тапшылығы жастарды шетелден жайлы өмір іздеуіне мәжбүрлейді», – дейді әлеуметтанушы.

Бұр тұрғыда Польша мемлекетіне көшкен Інжумаржан Тұрсынқұлова аталмыш елдің әлеуметтік жағдайы Қазақстаннан әлдеқайда жоғары екенін айтады:

— Бұл елде әрбір балаға 18 жасқа дейін мемлекеттен ақша бөлінеді. Нәресте дүниеге келген кезде алдымен 100 мың теңге көлемінде жөргекпұл төленеді. Және бұл көмек бала бір жасқа толғанша ай сайын беріліп тұрады. Жеті жасқа дейін 50 мың теңгеден,  1-сыныптан мектепті тәмамдағанша 35 мың теңге көлемінде жәрдемақы үлестіріледі.  Үшінші баладан бастап берілетін ақша сомасы көбейеді және  барлық жанұя мүшесі ұшақ билетін 50 пайыз жеңілдікпен ала алады. Жалпы, Польшада өмір сүру деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда жоғары. Айлық жалақы азық-түлікке, киімге, пәтер ақысына және мейрамханадан тамақтануға дейін жетеді. Біздегідей ештеңеге жеткізе алмау деген жоқ. Жұмыссыз жүргендер тым аз. Жеке кәсібін ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан жақсы көмек көрсетіледі. Алғашқы жылдары салық төленбейді. Жастарға ақша жинап, аяққа тұрып кетуіне ықпалдасады. 25 жасқа дейін мемлекет ешқандай салық талап етпейді.

      Пандемияға байланысты балалы жанұяларға әр балаға 50 мың теңгеден жәрдемақы берілді. Айлығы 550 мың теңгеден аспайтын мемлекет және шетел азаматтарына 100 мың теңгеден көмек көрсетілді. Польшаның тағы бір артықшылығы – медицинасы жақсы дамыған. Осыдан екі жыл бұрын балам күйіп қалды. Қазақстанда екі рет ота жасаттық. Бір санынан тері алып жамаған болатын. Тері алған саны да күйген сияқты болып қалды. Кейін Польша мемлекетінде балам тағы үш рет пышаққа түсті. Нәтижесі көз қуантарлық. Біздің елде осындай мықты дәрігерлер жоқтығы қынжылтады. Бұл мемлекетте өмір сүрудің тағы бір артықшылығы – Еуропаның өзге елдеріне арзан бағада оңай қатынауға болады. Алматыдан Нұр-Сұлтанға барып-келгендей ғана қаражат жұмсалады. Жалпы, екі елді салыстырсақ, Польшада өмір сүру әлдеқайда оңай.

Қазіргі уақытта қазақстандықтардың 22 пайыздан астамы шетелде өмір сүріп жатыр екен. Әлемде біздің ел тысқа табан тіреушілердің пайыздық көрсеткіші жағынан Сириядан кейін екінші орынға жайғасқан. Ал шетел асқандардың жалпы саны бойынша Қазақстан 15-орынды иеленеді.

Неге мемлекеттен жырақтауға құмармыз? Елдегі жұмыс тұрақсыздығы, жалақының мардымсыздығы, баспанамен қамтылмау шетел асушылардың өзекті мәселесіне айналған. 

Бұл туралы Түркия елінде өмір сүріп жатқан Гүлия Әлияқпарова былай деп пікір білдірді:

— Түркиядағы ең төменгі жалақы теңгемен есептегенде 250 мыңды құрайды. Бұл Қазақстанмен салыстырғанда тым жоғары көрсеткіш. Түріктерде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Азық-түлік бағасы да айтарлықтай арзан. Мысалы, жасыл желек 50 теңге, қызанақ пен қияр бағасы 200 теңгені құрайды.

Жоғарыдағы пікірлер шетел асушылардың ықтиярлығын ықшамдау үшін елдегі әлеуметтік жағдайды реттеу керегін көрсетеді. Алайда қазіргі уақытта азаматтарымызды тек өзге елде «ұлтан болуға» ғана итермелеп жүрген секілдіміз.

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз