Әлеумет

Қазақ тілі Ұлттық ғылым академиясына да керек емес пе?

Алматыда өткен халықаралық ғылыми жиында қазақ тіліндегі ілеспе аударма қарастырылмаған.

1

Бүгін, 16 қазанда Алматыда өтіп жатқан Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялары одағы Бас ассамблеясының IX отырысында қазақ тіліндегі ілеспе аударманың болмауы қатысушылардың наразылығын туғызған.

"Жас Алаш" редакциясына жеткен мәліметке сәйкес, халықаралық жиында шетелдік ғалымдардың баяндамалары қазақ тіліне аударылмаған. Қатысушыларға берілген құлаққаптар арқылы ілеспе аударма тек орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жүргізілген.

"Құлаққаптарда орыс, ағылшын және түрік тілдерінде ғана аударып жатыр. Қазақ тілінде жоқ. Шетелдік ғалымдарды студенттер өздері түсінбейтін тілде тыңдап отыр", – дейді қатысушылар.

Жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де елдердің ғылыми орта өкілдері қатысуда. Басқосуда түркі әлеміндегі ғылыми ынтымақтастық, ортақ зерттеулер мен түркі тілдерінің дамуына қатысты мәселелер талқыланып жатыр.

Алайда дәл осы түркі тілдерінің ғылыми әлеуеті сөз болған халықаралық жиында мемлекеттік тілдегі аударманың қарастырылмауы наразылық туғызған.

Әсіресе басқосуға қатысқан қазақтілді студенттер мен жас зерттеушілердің шетелдік ғалымдар баяндамасын толық түсіну мүмкіндігі шектелген. Қазақстанда ұйымдастырылған халықаралық ғылыми жиында қазақ тіліндегі ілеспе аударманың не себепті қамтамасыз етілмегені әзірге белгісіз.

"Жас Алаш" редакциясы бұл мәселеге қатысты Ұлттық ғылым академиясына сауал жолдайды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз