Қызылордада бес айлық сәбиін арбамен алып бара жатқан әйелді көлік қағып кетті
Қызылордада Mitsubishi Lancer көлігінің жүргізушісі бес айлық сәбиі бар әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жол апатынан нәресте көз жұмғаны хабарланды. Полиция күдіктіні үш тәулікке жуық уақыттан бері іздестіріп жатыр.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, жол апаты 13 қазанда сағат 17:10 шамасында болған.
Mitsubishi Lancer көлігінің жүргізушісі бес айлық баласын арбамен алып бара жатқан 26 жастағы әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Зардап шеккен ана мен бала ауруханаға жеткізілген. Әлеуметтік желідегі мәлімет бойынша, бес айлық сәби алған жарақаттарынан көз жұмған.
Полиция не дейді?
Қызылорда облыстық полиция департаменті адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы және оқиға орнын тастап кету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басын анықтағанымен, оны іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
"Қызылорда облыстық полиция департаменті күдіктінің жүрген жерін анықтап, оны ұстау үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Қаладан шығатын жолдарда бақылау күшейтілді. Күдіктіні ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шараларына департаменттің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды", – деп хабарлады полиция.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке қарағанда, жол апатынан бері үш тәулікке жуық уақыт өтсе де, күдікті әлі ұсталған жоқ.
Еске салайық, 5 қазанда Алматы облысында Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі жол жиегінде отырған балаларды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен еді. Апат сәті бейнежазбаға түсіп қалған.