Әлеумет

Қазақстан мен Қытай шекарасында бөгет салынады

Биылғы жылы Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Қорғас өзені бойынан «Шүкірбұлақ (Алмалы)» бірлескен сел ұстайтын бөгетінің құрылысы басталмақ.

Қазақстан мен Қытай шекарасында бөгет салынады
Осынау бөгетті салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын бүгін мәжілістің жалпы отырысында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов таныстырды.–Өткен жылдың маусым айында біздің үкімет пен Қытай үкіметінің арасында Қорғас өзеніндегі «Шүкірбұлақ» бөгетін бірлесіп салуға арналған келісімге қол қойылған болатын, – дейді бұл жөнінде ішкі істер министрі Қ. Қасымов. – Себебі «Қорғас» халықаралық орталығы жоғары сел мен тасқын қаупі бар аумақта орналасқан. Құрылысқа екі жақ тең қаржы бөледі. Құрылыстың жалпы сметалық құны 11,7 миллиард теңге. Бұған қаражат 2017-2020 жылдарға арналған жалпы бюджетте қаралған. Биылғы жылға 3 млрд. 800 млн теңге бөлінген. Құрылыстың мерзімі – 3 жыл. Құрылысты бақылау үшін Қазақстан-Қытай комитеті құрылады. Осы комитет қабылдап алады.Ал, инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бөгеттің жобасы жасалынып, сараптамадан өткенін және қазір бұл жоба Қытай елі мамандарының сараптамасынан өтуде екенін айтады.  Қорғас – трансшекаралық өзен, оның ортасымен мемлекет шекарасының сызығы өтеді. Сондықтан депутаттар құрылыс кезінде өзен арнасы бұрылып, мемлекеттік шекара сызығы өзгеріп кетпей ме деген алаңдаушылығын білдірді.Бұған ішкі істер министрі Қ. Қасымов пен ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры, генерал-майор Д. Дилманов:– Су каналы тек Қазақстан жағынан өтеді. Бұл құрылыс өзен арнасын өзгертпейді. Шекара сызығы баяғыдай ортада қалады, ешқандай өзгеріс болмайды, – деп жауап берді.МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз