Live

Қазақстанда 98,6 мың адам банкрот деп танылды: Олардың қарызы – 373 млрд теңге

Қазақстанда 98,6 мың адам банкрот деп танылды: Олардың қарызы – 373 млрд теңге

1

Қазақстанда 98,6 мың адам банкрот деп танылды. Олардың кредиторлар алдындағы жалпы берешегі 373 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінде айтылды.

Ведомствоның дерегінше, қазір тағы 23 195 азаматқа қатысты банкроттық рәсімі жүріп жатыр. Олардың қарызы 134,5 млрд теңгені құрайды. Осылайша, банкрот деп танылған және рәсімнен өтіп жатқан азаматтардың жалпы берешегі 507,5 млрд теңгеге жеткен.

Банкроттардың әрқайсысына шаққандағы орташа қарыз көлемі шамамен 3,8 млн теңге. Ал банкроттық рәсімі әлі аяқталмаған азаматтардың орташа берешегі 5,8 млн теңгені құрайды.

Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң 2023 жылғы 3 наурыздан бастап күшіне енді. Заң аясында азаматтарға үш түрлі рәсім ұсынылған: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Банкрот деп танылған азаматтарға қандай шектеулер қойылады?

Банкрот мәртебесін алған азаматтарға бірқатар шектеу қолданылады. Атап айтқанда:

🔺бес жыл бойы банктер мен микроқаржы ұйымдарынан жаңа несие ала алмайды (заңда көзделген ерекшеліктерден басқа);
🔺қайта банкроттық рәсіміне жеті жылдан кейін ғана жүгіне алады;
🔺үш жыл бойы қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Сонымен қатар банкроттық барлық қарыздан автоматты түрде босатпайды. Мысалы, алимент төлеу және адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу міндеттемелері сақталады.

Айта кетейік, банкрот деп танылған азаматтардың 373 млрд теңге берешегі толықтай есептен шығарылды деген сөз емес. Қарызды тоқтату мәселесі рәсімнің нәтижесі мен заң талаптарына байланысты шешіледі.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: банкрот
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз