Қазақтың элитасына тықыр таянды
Көлеңкелі экономикаға соғыс жариялаған билік шынымен ашықтықты талап ете ала ма?
Қазақстанда көлеңкелі экономиканың үлесі кемінде 20 пайыздан асатынын анау-мынау емес, «жекелеген сарапшылардың бағалауына» сүйене отырып Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап жіберді. Сол Ақордада күні кеше мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі президент жанындағы комиссияның отырысы өтті.
Айта кетсек, Қырымбек Көшербаев бұған дейін де елде аста-төк дарақы тойларды өткізуден бас тартуды ұсынған болатын. Ақордадағы отырыста көлеңкелі ақшамен күресудің баяғы ескі әдістері тағы айтылды: қолма-қол ақшаның айналымын азайтып, бақылауы оңай келетін аударымдардың айналысын көбейту, салықтық және кедендік әкімшілікті жетілдіру, есепшоттардағы қаражаттарды қолма-қол ақшаға айналдырушылармен күресу. Биліктің бұл пиғылы рас болса, онда енді қаржы полициясы «тығылып үлгермегендердің» бәрін аямайды. Қысқасы, көлеңкедегі қолма-қол ақшаны «тазарту» үшін заңды салаларға тасып келген «насостардың» талайы тоқтап қалайын деп тұр. Бұл дегеніміз – оффшорларда ақшасы жоқ, жекеменшік компаниялары Лондон қор биржасында саудаланбайтын, активтерін шетелге әлі шығарып үлгермеген қазақ байларының басына қиын күндер тууы мүмкін деген сөз. Бұлар біздегі элитаның басым бөлігі.
Қатаң карантин режимі қаланың төменгі жағының экономикасына тым ауыр соққы боп тиіп, қазір Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пұшайман күйге түскен. Өйткені Алматының төменгі жағы толықтай көлеңкелі бизнеспен күн көреді. Төменгі жақтағы аудандардың бірінің бейресми қожайыны саналған Бағдат Мәнізоровты күмәнді тірлігі үшін жауапкершілікке тартуға тіпті Шпекбаев басқаратын агенттіктің күйі келмей қалғанын көзіміз көрді. Бірақ санитарлық дәрігерлердің асқан ыждағаттылығы ол жақта да іскерлік белсенділікті біраз тұншықтырып тастағаны рас.
Мәселен, Қызылорда облысының әкімі болып салық маманы және қаржыгер Қуанышбек Ысқақов тағайындалып кеткен еді. Ол біздің елдегі ақшаның қайда және қалай кетіп жататынын жақсы біледі, оның әкім болғаны белгілі нәтижеге әкеп соқты. Бірақ қаржы мәселесін қатты ұғатын әкім орнында бір жыл да отыра алған жоқ, қазір орынбасарымен бірге істі болып, үстінен тергеу жүріп жатыр.
Ресми Нұр-Сұлтан енді шекара арқылы күмәнді есептермен тауар өткізуді дәстүр етіп алған Жамбыл облысына әкімнің орынбасары етіп мемлекеттік кірістер комитетінде төраға орынбасары болған Талғат Мамаевты тағайындады. Соған қарағанда қызықтың көкесі енді басталады. Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов салықты аз төлеу мақсатында мемлекеттік кірістер департаментінен өз туысқанының фирмасына жүргізілген салықтық тексерудің шынайы қорытындыларын жасыруды талап еткені үшін 2019 жылы ұсталып қалды. Бұл жағдайдың өзі көп нәрсені аңғартады – билік енді ашықтыққа бет бұрған жағдайда ықпалды топтардың қолдауынсыз, қарадан көтерілген жалғыз әкімді қалыптасқан жүйе бас салып «жеп» қойды. Көлеңкелі экономикамен күрес бұл жолы тура «заңдастырылып үлгерген ақша» мен «әлі заңдастырылып үлгермеген ақшаның» арасымен өте шығатын сыңайлы. Есепте жоқ көлеңкелі ақшаның ағыны мен салықтық заңнаманың бұзылуы себепті соңғы кездері талай отставкалар мен ірі лауазым иелерінің ұсталуына куә болдық. Президент соған алаңдайтын сыңайлы. Ендігі мәселе – көлеңкелі экономикамен күрес әдеттегідей, қағаз жүзіндегі көзбояушылық болмай, шын күрес болып шықса не болады? Онда әне-міне өсейін деп отырған біреулердің алдынан лифтінің есігі тарс жабылатын сияқты. Қысқасы, элитаға қиын болады.