Қоғам

Қостанайдағы ҚАЖ мекемелерінде ұялы байланыс сигналын шамадан тыс таратқан үш оператор айыппұл арқалады

Қостанай облысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағында ұялы байланыс сигналының рұқсат етілген деңгейден асып кеткені анықталды.

ҚАЖ

Осыған байланысты үш байланыс операторы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қостанай облысының прокуратурасы Мемлекеттік радиожиілік қызметі және ҚАЖ департаментімен бірлесіп, өңірдегі мекемелер аумағында ұялы байланыс сигналының деңгейіне өлшеу жүргізген.

Тексеру нәтижесінде үш ҚАЖ мекемесінде "Кар-Тел" ЖШС ("Beeline"), "Kcell" АҚ және "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС ("ALTEL", "Tele2") желілерінің сигналы белгіленген шектен жоғары болғаны анықталды.

Прокуратураның қадағалау актісінен кейін уәкілетті орган аталған компанияларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабы 1-бөлігінің 16) тармағы бойынша жауапкершілікке тартып, айыппұл салған.

Қылмыстық-атқару кодексінің 97-бабына сәйкес, байланыс операторлары өз желілерін оңтайландыруға, соның ішінде ҚАЖ мекемелерінің аумағында радиосигналдың таралу деңгейін төмендетуге бағытталған шараларды уақытылы қабылдауға міндетті.

Прокуратура мәліметінше, бұл талаптарды орындамау түзеу мекемелеріндегі режимдік тәртіпті қамтамасыз етуге кері әсер етуі мүмкін.

Бұған дейін Қостанай облысында ҚАЖ мекемелерінде ұялы телефондарды пайдалану арқылы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар да анықталған. Мәселен, жазасын өтеп жатқан сотталғандардың бірі телефон арқылы 4 млн теңгеден астам сомаға алаяқтық жасаған. Тергеу барысында оның ұялы телефондары тәркіленіп, өзі қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Прокуратура қабылданған шаралар ҚАЖ мекемелерінде ұялы байланысты заңсыз пайдалануға жол бермеуге және байланыс операторларының заң талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталғанын хабарлады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз