Саясат

Қылышты қынынан суыра ма?

Қыр астында сайлау тұр демекші, қазір депутат біткен белсенетін шақ келді.

Қылышты қынынан суыра ма?

Шалт қимылға құрылатын тәсілі, шап беруге дайын тұратын әдістерін жарыққа алып шығады. Себебі белгілі. Саясат арбасынан ауып қалмаудың қамы ғой, баяғы. Реті келсе, жұрт көңілін күпті еткен мәселеге мән бергенсіп, шоқты көсеп қоюға ұмтылады. Көсеудің жарамдысын ұстаса, бір жөн-ау. Қоздататын мәселесі де ел арқасын жауыр қылған, тіпті мемлекетке салмақ түсіретін шетін мәселе болса… Сендірсең тән алмайтын, өздігінен жана алмайтын өзектісі де аз емес қой, негізі. Алайда біздің депутаттар сөнбек түгіл, бықсып, жанбаған тақырыпты тауып ала қояды. Олар күйесі ғана қалған, иесі баяғыда бас тартқан пешке де көсеу тығуға ерінбейді.

      Межеге жету үшін неден болса да, тайсалмайтын шақ туды. Неден дегеніміздің өзі артық, негізі. Желдің өтімен жүруге машық жандар дауылға қойып кетеді дейсіз бе?! Жоғары жақ қабақ шытпайтын, төменгі жақ терең ойланбай, жұдырықты түйіп алып, қолды алға сермейтін тұсты танып, біліп алған. Мысалы, медальді депутат. Медаль демекші, кеудесінен орденге орын бермеген депутат аз шығар біздің қоғамда. Біз көрген медаль егесінің өңірі толған марапат. Оның да еш кемі жоқ. Еңбегі сіңген шығар, сіңіп тұрған еңбекті елемеудің өзі әбестік қой. Сонымен, әлгі депутаттың ұсынысы жайында.

     Артур Платонов: «Зейнетақы жинағын алған кезде 10 пайыз салық ұсталмауы тиіс», – депті. «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі осыған қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу қажет деп отыр. «Өйткені бұл – халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған шара. Сондықтан зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану кезінде ерекше жағдайлар қарастырылуы қажет», –  дейді Платонов. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында зейнетақы қорының бір бөлігін пайдалануға беру жайында айтты. Ел тегіс тыңдады. Сол күні зейнетақы қорының сайты самайынан тер ағып, ұсыныс берушілер мен өз қорын тексерушілердің қыспағында қалып, тіпті серверлері шамадан тыс жүктемеден жүрелеп отырып қалған ба, ол бір қызық әңгіме.  Ал депутат Платонов та бүйректен сирақ шығару жағында секілді ме, қалай, өзі? Мысалы, қазіргі Салық кодексіне сәйкес, зейнетақы жинақтарының мерзімінен бұрын алынған бөлігіне 10 пайыздық табыс салығы алынады. Әлгі жалақыдан тартып қалатын ақша, тағы да сол мамандар айтуынша, табыс салығынсыз түсетін көрінеді. Демек, депутаттың заң бұзуға үндегені ме?

       Сауал тастайтынымыз, біздің қоғамдағы көптеген заң нормаларына адами немесе адамгершілік, түсіністік тұрғысынан келгенде өзгерістер әбден керек. Тіпті осы міндетті зейнетақы қорына қатысты да. Алайда тұтас қоғам, бүкіл Қазақстан бағынып келе жатқан Салық кодексінің табыс салығына табан астында өзгеріс енгізуді қалаған депутаттың қылығын түсіне салу санаға салмақ. Сонда қалай? Жалақыдан ай сайын 10 пайыз табыс салығын төлеп жүрген біз егер Платонов айтқан ұсыныс қабылданып кетсе, әжептәуір ойланып ой қорытқан соң, Артурдың телефонын тереміз бе? Тергенде де, «Депутат Артуржан, әлгі ұсынысың дұрыс болды. Ақыры табыс салығына жеңілдік болады екен, ай сандалып әрең алатын айлықтан да әлгі 10 пайызды төлемесек дұрыс шығар-ау. Он пайыздан салық алмаған үкіметке қалған 90 пайызына да көз жұма салса болады ғой», – деп келетін қисынсыз сұрақтың мойнын қылтитып қойсақ дейміз де. Он пайыздың 10 пайызына амнистия жарияланғанда, тағы тоқсанынан да табыс салығын кешіре салса несі кетеді?! Қылышын қынынан суырған депутатқа тағы бір сауал жалынсын.

     Ар-ағаңда арамдық жоқ болар. Бірақ ұсынысынан ұшқын көріп тұрған жоқпыз. Ұшынып кететін дәнеңе жоқ. Өздері де әлеуметтік желі бетін айғыздап жазып-ақ жатыр. Қарапайым халықтың зейнетақы қорынан сылып алар ақшасы аз сияқты. Тағы сол әлгі ұлттық компанияларда жұмыс істеп жүргендер бір жырғап қалатын секілді. Тап сол Артур депутаттың өзі де шешіп алатын дәрежеде шығар. Оның әріптестері де. Айлығы шайлығынан артылып қалатындардың зейнетақы қорында да қомақты қаржысы жатқан болар. Сауалдың қасиетін осы тұста тағы бір пайдаланып, әлгі мемлекет қазынасына түсуі тиіс 10 пайызға да қақпан құрып, реті келсе өз қармағында қалдырмақ па екен, түпкі мақсат. Дәл сол салықтың алынғанынан қарапайым жұрт жапа шекпейді. «Артур атқа мінді» деген сөз тіркесіне ие болды демесеңіз, Платонов ұсынысының бұқараға пайдасы шамалы. Депутат мырза салық туралы сұрағысы келсе, алпауыттардың ортақ қазанға қанша құйып жатқанын сұратсын. Қызық сонда болады.

Тегтер: Без Тега
Амангелді Сейітхан
Амангелді Сейітхан Амангелді Сейітхан

Оқыңыз