Қырғыздар неге қызығады?
Президент Қ.Тоқаевтың биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауы Қазақстан үшін де, күллі әлем үшін де аса қиын кезеңде жария етілді.
Күнделікті жағдай індетке қарай ыңғайлану үстінде.
Дегенмен, атап кету керек, қазіргі президенттің қазақтың рухани өміріне сілкініс жасауы зиялы топ өкілдері үшін жағымды жаңалық болды. Биылғы «Абай және ХХІ ғасыр» атты бағдарламалық мақаласы, 2020 жылы Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы сияқты мерейтойлардың атап өтілуі Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» тұжырымы арқылы бастап берген көш одан әрі жалғасын тауып отырғанын көрсетті. Оның ішінде қазақтың ұлы философ ақыны Абай мерейтойының тек Қазақстанда ғана емес, жалпы, түркітілдес мемлекеттерде атап өтілуіне ықпал жасалды.
Абай қазақ пен қырғызға ортақ тұлға болса, әл-Фараби жалпы шығысқа танымал ғалым екені баршаға аян. Осы орайда, аталған мерейтойлар екі ел үкіметтерінің келісімімен Қырғызстанда да атап өтіле бастады. Мәселен, осы жылы Бішкекте Абай Құнанбаевтың және әл-Фарабидің мерейтойларына орай, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысқан онлайн-конференциялар болып өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы жолдауында: «Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал боссөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді», – деп атап көрсеткен болатын. Шынында да, даңғаза тойлардан гөрі Абай мен әл-Фарабидің мұраларын жинақтау, олардың шығармаларын басқа ұлттар мен халықтар арасында дәріптеу анағұрлым пайдалы деп ойламын.
Сондай-ақ жолдауда қоғамдық бақылаудың маңызын күшейту туралы айтылды. Бұл, шынында да, жұртшылық арасында қызу талқыланып жүрген мәселе. Әлбетте, президент белгілеп берген осындай және басқа да өзекті мәселелер бойынша мемлекеттік саясат бағыттарын іске асыру елді өркендетудің бірден-бір жолы деп есептейміз.