спорт

"Қызыл-Жар" футбол клубының бұрынғы президенті 414 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді

"Қызыл-Жар" футбол клубының бұрынғы президенті 414 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді

Григорий Лория

Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті "Қызыл-Жар СҚ" футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жариялады. Ол бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 1954 жылғы 18 наурызда туған Қазақстан азаматы Григорий Отарұлы Лорияға жалпы сомасы 414 млн теңгеден асатын бюджет қаражатын жымқыру және салық төлеуден жалтару деректері бойынша күдік келтіріліп отыр.

2023 жылы жергілікті бюджеттен "Қызыл-Жар СҚ" футбол клубын қаржыландыруға 1,7 млрд теңге бөлінген.

Тергеу нұсқасы бойынша, клубтың бұрынғы президенті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен алдын ала сөз байласқан. Олар жалған қаржылық құжаттарды пайдаланып, жеке шоттарға негізсіз ақша аударуды ұйымдастырған. Сондай-ақ бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтер енгізген.

Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы туралы мәліметтер әдейі төмендетіліп көрсетілген деген күдік бар.

Қаржылық мониторинг агенттігі іздеу жарияланғанн азаматтың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білетін адамдарды хабарласуға шақырды.

"Іздеу жарияланған тұлғаның қайда екені туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, Қаржылық мониторинг агенттігінің кезекші бөліміне +7 7172 70 84 78 телефоны арқылы хабарлауды сұраймыз", – делінген агенттік хабарламасында.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында "Қызыл-Жар" футбол клубының бұрынғы президентіне іздеу жарияланғаны хабарланған болатын.

Қазіргі уақытта Григорий Лорияға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденген жоқ.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз