Саясат

Қызық емес сайлаудың «қызықтары»

Естеріңізде болса, мен алдымыздағы сайлауға «қызық емес» деген баға беріп, мақала да жазғанмын.

Қызық емес сайлаудың «қызықтары»

Енді «қайтып алдым» деуден басқа амалым жоқ сияқты, себебі сайлаудың көркін қыздыратын бәсекелестік болмаса да, сайлауға қатысты «қызықтарға» қарық болып жатырмыз. Барлығын болмаса да, бірнешеуін сіздердің назарларыңызға ұсынайын.

     Мұхтар Әблязов коронавирустан өткен індет болып шықты. Жолап кеткенін жалп еткізеді. Өздерінің жақтастарына «ЖСДП партиясына кіріңдер!» деп ұран тастап еді, үш күннің ішінде оппозициялық партия саналатын ЖСДП «парламенттік сайлауға қатыспаймыз» деп шыға келді. Әрине, бұл  партияның осы сайлау болады дегеннен бергі ұстанымы шығар, бірақ, менің ойымша, бұл шешімнің Әблязовтің ұранына тікелей қатысы бар. ЖСДП «мынау пәле жолап кетіп, жаманатты болмайық» деп ойлаған болуы керек. Өте қате пікір және қате шешім. Сайлауда халық партияның бағдарламасына дауыс береді, ал басшыларының бұйрығын тыңдап, ЖСДП-ның қатарына енген бірнеше азаматтың партия ұстанымын өзгерте алмасы анық. Қысқасы, «жұқпалы ауруы бар адамның» жақындауы мұң екен, оппозициялық партия карантинге кетті. Мұны байқаған Мұхтар ініміз «осы тәсілмен талай партияны талқандауға болады екен» деген шешімге келіп, жақтастарына «Ақ жол» қатарына тұруға шақырыпты. Алаштың ізбасарлары арасынан «келе берсін, көріп алдық» деген сындарлы сөзді естимін бе деп едім, өкінішке қарай, олар да есіктерін тарс жауып, сайлау біткенше партияға мүше қабылдауға тыйым салыпты деген хабарды естідік. Ақылға сыймайтын шешім. Әдетте партия қатары сайлау кезінде толығады емес пе?

      Осы қызық жағдайды көріп отырып, неліктен Мұхтар Әблязов өздерінің жақтастарын «Нұр Отанның» қатарына кіруге шақырмайды деген ой келеді. Сол уақытта, мүмкін, «былғанбайық» деген мақсатпен билік партиясы да сайлауға қатысудан бас тартар ма еді?!

      Екінші қызық – сайлауға қатысатын партиялардың ұсынған үміткерлерінің саны. Қырық жылда бір келетін бұл тойға (саяси науқанға) «Адал» партиясы – 19, «Ауыл» партиясы – 20, ал «Ақ жол» партиясы 32 адам ұсынып, бәрімізді таңғалдырды (шынымды айтсам, «Ақ жолдан» мұндай қадам күткен жоқпын). Елу мыңнан 300 мыңға дейін мүшесі бар саяси құрылымдардан парламентке баратын 100 адамның шықпағаны мүлдем түсініксіз. Партиялар парламентке барып, өздерінің тұғырнамаларында көрсетілген мақсаттарына сай заң жобаларын өткізуге күш салады. Бұл  талассыз ақиқат (егер олар сырт көзге Қазақ елінде көппартиялық жүйенің бар екенін дәлелдеу үшін ғана құрылды десеңіздер, мәселе басқа). Сол заң жобаларын өткізу үшін парламентте өз депутаттары санының көп болғаны қажет. Бұл да талассыз ақиқат. Онда жоғарыдағы партиялардың «жүзден аса орынның ішінен жиырма адамымыз өтсе болды» деген ұстанымының астарында не жатыр? Күреске палуандар «мен жеңемін» деп түседі емес пе? Әлде қазақтар бәйгеге аттарын қосып жатып, «менің жүйрігім сегізінші болып келеді» дей ме? Әлде бұл қанағатшылдық сезімі ме? «Ауыл» мен «Адалдың» басшылары «барлық орынды біз алып қоймайық, тойымсыз деген жақсы ат емес» деген сындарлы ойға келген болар. Ал, мүмкін, жоғарыдан «Нұр Отанға» – 75, «Ақ жолға» – 9, «Ауылға» – 8, «Халық партиясына» 8 пайыз деп, алдын ала бөлініп қойылған болар?! Сондықтан партия жетекшілері ақшаны шығын қылмай, парламентке баратын адамдарын шақтап, берілген орыннан көп асырмай ұсынған да болар. Мүмкін, партиялардың бұл түсініксіз қадамы «Нұр Отан» өз дегенін істейді» деген қорқақтық та болар. Әрине, болжам көп, бірақ бұл басқа елдерде кездеспейтін қызықтың бірі екенінде дау жоқ.

       Сайлау алдында партияның атын ауыстыру – саяси жұмыста, саяси технологияда ең тиімсіз, ең ақымақ деп танылатын қадам. Сайлаушылардың көпшілігінің санасында партияның аты ғана қалады, сондықтан сайлаудың алдында ешқандай «ақыл-есі дұрыс» партия атын ауыстырмайды. Ал бізде «Бірлік» «Адал» болды, коммунистер бір күнде «Халық» деген атауды иемденіп шыға келді. Алайда бұл ат ауыстырудың себебі анық сияқты: бұл екі партия да (ашығын айтсақ, басқалары да) осы уақытқа дейін саяси аренада іске асырған нақты істерімен атымыз халықтың жадында қалды деп мақтана алмайтын сияқты.

      Ең басты қызық орталық сайлау комиссиясының кеше ғана шыққан қаулысы болды.  Бұл қаулының ең қызығы және қоғамдық ұйымдардың алаңдаушылығын тудырып отырғаны – екі ғана мәселе. Біріншісі – фото, бейнетүсірілім кезінде заңбұзушылыққа барып жатқан азаматтарды түсіру үшін рұқсатын алу (!) болса, екіншісі – сайлауды бақылауға жарғысында адамдардың құқығы мен еркіндігін қорғау міндеті көрсетілген ұйымдарға ғана беріледі деген талап. Өз басым  заңды белден басып, бір бума бюллетеньді сайлау жәшігіне салып жатқан адамнан «сізді түсіріп алып, ертең сотқа беруіме бола ма?»  деп, рұқсат сұрап тұрған бақылаушыны көзіме елестете алмаймын. Ал 20 мыңға жуық үкіметтік емес ұйымның ішінен жарғыларында адам құқығы мен еркіндігін қорғау туралы міндеті жазылған бес ұйым таба аламыз ба, білмеймін. Демек, бұл азаматтық қоғамға, олардың саяси процестерді бақылау, мониторинг жасау құқығына қарсы қаулы болып табылады. Демократияның 30-шы жылында «Қош бол, бақылаушылар институты!» дегеніміз қызықтан гөрі шыжыққа ұқсайды.

        Меніңше, сайлаудың басты «қызығы» – саяси бағдарламалар мен тұғырнамалардың бәсекелестігі (өткен президенттік сайлауда, сөз жоқ, «қоғамды толық өзгерту қажет» деп басталатын Ә.Қосановтың бағдарламасы халықтың басым көпшілігінің қолдауын тапты). Әңгіме матрешка сияқты бірінен-бірі айнымайтын бес партия нақты да ашық бәсекелестікті көрсете ала ма екен? Өздерінің басты қарсыластары – «Нұр Отан» бағдарламасының әрбір жолын жоққа шығарып, сындарлы сын мен бұлтартпас дәлел келтіре ала ма екен? «Нұр Отан» да қарап қалмай, «Ауылдың» алдына қойған мақсаттарын жіліктеп отырып іске алғысыз қылып, «Ақ жолдың» көтерген мәселесін күлкіге айналдыра ала ма? Егер ондай болмаса – бәрі бекер, қызықсыз сайлау, кезекті қойылым болып қала береді.

Тегтер: Без Тега
Дос Көшім
Дос Көшім Дос Көшім

Оқыңыз