Ресей Киевтегі екі жанармай құю станциясы мен қоймаларға соққы жасады
Ресейдің Киевтегі жанармай құю станциялары мен қоймаларға жасаған соққысынан жеті адам зардап шекті.
Кейін жараланғандардың бірінің ауруханада қайтыс болғаны хабарланды. Одесса облысында порт инфрақұрылымына шабуыл жасалды.
Ресей дрондары 15 қыркүйек күні таңертең Киевтегі жанармай құю станциялары мен қойма нысандарына соққы жасады. Бұл туралы Киев мэрі Виталий Кличко хабарлады.
Оның мәліметінше, Дарница және Голосеев аудандарындағы жанармай құю станцияларына дрондар түскен. Салдарынан жеті адам жараланып, барлығы ауруханаға жеткізілді. Олардың екеуінің жағдайы ауыр болған. Кейін Кличко ауруханаға түскендердің бірінің қайтыс болғанын мәлімдеді.
Киев қалалық әскери әкімшілігінің мәліметінше, қаланың солтүстігіндегі Оболонь ауданында қойма ғимараттарына да соққы жасалған. Киев пен облыста әуе дабылы жарияланды.
Одесса мен Запорожье облыстарына да шабуыл жасалды
Одесса облысында Ресей күштері азаматтық инфрақұрылымға жаппай шабуыл жасаған. Облыстық әскери әкімшілік басшысы Олег Кипердің айтуынша, тұрғын үйлер, логистикалық нысандар, порт және көлік инфрақұрылымы зақымданған.
Соққы салдарынан жеке үйлердің шатырлары, қасбеттері мен терезелері бүлініп, ондаған гараж бен автокөлікке зақым келген.
Запорожье облысында да Ресей ұшырған дрондар инфрақұрылым нысанына соққы жасаған. Жергілікті биліктің мәліметінше, оқиға орнында өрт шығып, төтенше жағдайлар қызметі оны сөндіруге кіріскен. Шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бір адам жараланған.
Украина 200 дронның 187-сі жойылғанын мәлімдеді
Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері Ресей Украина аумағына 200 соққы дронын ұшырғанын хабарлады. Олардың арасында Shahed, «Гербера» және «Пародия» типті имитациялық дрондар болған.
Украина тарапының алдын ала дерегінше, әуе қорғанысы күштері 187 дронды атып түсірген немесе радиоэлектрондық құралдармен басқан. Жеті жерде дрондардың нысанаға түскені, тағы үш жерде құлаған дрондардың сынықтары анықталған.
Ал Ресей Қорғаныс министрлігі соққылардың «Украинаның логистикалық орталықтары мен порттарына, сондай-ақ Украина Қарулы күштерінің мүддесіне пайдаланылған теңіз кемелеріне» бағытталғанын мәлімдеді.