Ресейде бір түнде екі мұнай өңдеу зауыты мен Wildberries-тің екі қоймасына шабуыл жасалды
31 шілдеге қараған түні Ресейдің Волгоград облысы мен Татарстан Республикасындағы нысандарға дрондармен шабуыл жасалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылға Wildberries компаниясының екі логистикалық орталығы мен екі мұнай өңдеу зауыты ұшыраған. Волгоградта бес адам ауруханаға жеткізілді.
Волгоград облысының губернаторы Андрей Бочаров қаланың оңтүстігіндегі отын-энергетика кешеніне қарасты кәсіпорында және Дзержинский ауданындағы қоймаларда өрт шыққанын хабарлады. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үй мен жеке тұрғын үй де зақымданған.
Wildberries компаниясы өздерінің логистикалық орталығы өртенгенін растады. Алдын ала мәліметке сәйкес, нысан қызметкерлері зардап шекпеген. Тауарларды қабылдау мен тапсырыстарды жөнелту басқа қоймаларға бағытталған.
Мониторингтік арналардың мәліметінше, Волгоградтағы тағы бір нысана жылына 14,8 млн тонна мұнай өңдей алатын «Лукойл-Волгограднефтепереработка» мұнай өңдеу зауыты болуы мүмкін. Бұл кәсіпорын мамыр айында да шабуылға ұшырап, жұмысын уақытша тоқтатқан еді.
Жарылыстар туралы хабарлар Татарстаннан да түсті. Зеленодольскіде бұған дейін, 23 шілдеде шабуылға ұшыраған Wildberries логистикалық кешенінің үстінен түтін байқалған. Ал Нижнекамскіде жергілікті тұрғындар ондаған жарылыстың дыбысын естіп, мұнай өңдеу кәсіпорны аумағынан алау көтерілгенін хабарлаған. Алайда Татарстандағы нысандарға соққы жасалғаны және оның салдары әзірге ресми түрде расталған жоқ. Украина тарапы да түнгі шабуылдарға қатысты пікір білдірмеді. Бұл туралы The Moscow Times жазды.
Бұған дейін Пенза облысы, Удмуртия және Пермь өлкесіндегі Wildberries-тің тағы үш нысанында өрт шыққан болатын. 18 шілдеден бері маркетплейстің кемінде 18 тарату орталығы түрлі шабуылдарға ұшырады. БАҚ мәліметінше, компанияның қойма қуатының 15 пайыздан астамы істен шыққан.
Жалғасып жатқан шабуылдар аясында Wildberries Қазақстаннан резервтік қойма орындарын іздей бастады. Reuters агенттігінің мәліметінше, компанияға шамамен 100 мың шаршы метр қойма қажет.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Wildberries әзірге ел аумағында қосымша қойма орналастыру мәселесі бойынша ресми өтініш түсірмегенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Reuters ақпаратына сәйкес, Қазақстан Ресейден жеткізілетін мұнайды өз мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу мәселесі бойынша Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр.