Ресейде Ту-22М3 стратегиялық бомбалаушы ұшағы апатқа ұшырады
Ту-22М3 ұшағы Иркутск облысында қону кезінде апатқа ұшырады. Бұл туралы Ресей Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, ұшақ жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындаған. Экипаж мүшелері дер кезінде катапультамен секіріп үлгерген. Әскери ведомство олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді.
Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бомбалаушы ұшақ оқ-дәрісіз ұшқан.
Куәгерлердің айтуынша, ұшақ Свирск қаласының маңына құлаған.
Ту-22М3 – дыбыстан жылдам ұшатын, алыс қашықтыққа арналған стратегиялық бомбалаушы-зымыран тасығыш ұшақ. Оның құны шамамен 100 миллион доллар деп бағаланады.
Бұл ұшақтар Ресейдің Әуе-ғарыш күштерінің алыс қашықтықтағы авиация құрамына кіреді. Сондай-ақ олар Ресейдің ядролық триадасының маңызды элементтерінің бірі саналады.
Ту-22М3 ұшақтары ядролық қарудан бөлек, қанатты зымырандар мен әртүрлі авиациялық бомбаларды тасымалдауға қабілетті.
Айта кетейік, бұл соңғы жылдардағы алғашқы апат емес. 2025 жылдың сәуірінде дәл осындай ұшақ Иркутск облысының Усолье ауданында құлаған болатын. Ал 2024 жылдың тамызында тағы бір Ту-22М3 Иркутск облысының Черемхово ауданында апатқа ұшыраған еді.