Ресейдегі тоғыз әуежай жұмысын уақытша тоқтатқан
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы 3 ақпанда Баку – Астрахан – Баку бағытындағы жолаушы рейсін қауіпсіздік мақсатында белгісіз мерзімге тоқтата тұратынын хабарлады.
Астрахан облысының басшысы 3 ақпанға қараған түні Украина дрондары өңірге шабуыл жасады деп мәлімдеген. Оның сөзіне қарағанда, дрондар отын-энергетика кешенін, атап айтқанда, газ өңдеу зауытын нысанаға алған болуы мүмкін.
Әзербайжанның әуекомпаниясының баспасөз қызметі: "Кейінгі уақытта, соның ішінде бүгінгі күнді қоса алғанда, Астрахандағы (Ресей) әуе кеңістігі қайта-қайта жабылғанына байланысты Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы қауіпсіздік мақсатында Баку – Астрахан – Баку бағытындағы барлық рейсті белгісіз мерзімге тоқтата тұрады".
BBC агенттігінің жазуынша, 3 ақпанға қараған түні Ресейдегі тоғыз әуежай жұмысын уақытша тоқтатқан: Волгоград, Астрахан, Қазан, Нижнекамск, Саратов, Ульяновск, Владикавказ, Грозный және Махачқала.