Live

АҚШ Иранға мұнай сатуға рұқсат берді

АҚШ Қаржы министрлігі Иран мұнайын экспорттауға уақытша лицензия берді.

Мұнай

 Осылайша Вашингтон екіжақты реттеу аясында Иранға қарсы санкциялардың бір бөлігін алып тастады.

АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) берген лицензия 21 тамызға дейін күшінде болады. Осы мерзім ішінде Иранда өндірілген мұнай мен мұнай өнімдерін өндіруге, өңдеуге, сатуға, тасымалдауға және жөнелтуге, сондай-ақ осыған байланысты мәмілелерді, соның ішінде сақтандыру қызметтерін жүзеге асыруға рұқсат етілді.

Бұған қоса, құжат АҚШ санкциялары тізіміндегі кемелерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ лицензия Иран мұнайын тікелей АҚШ-қа жеткізуге рұқсат береді. Мұнай саудасы бойынша төлемдер АҚШ долларымен жүргізіліп, қаражат Иран үкіметінің немесе санкция салынған өзге тұлғалардың есепшоттарына түсе алады.

Уақытша жеңілдік Вашингтон мен Тегеран арасындағы аралық келісімнің бір бөлігі саналады. Ол маусым айының ортасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумда бекітілген. Құжат әскери қимылдарды тоқтатуды нығайтып, болашақ келіссөздерге негіз қалауға бағытталған.

Бұл нарыққа қалай әсер етеді?

Сарапшылардың пікірінше, Иран мұнайына қатысты санкциялардың уақытша жеңілдетілуі әлемдік нарықтағы мұнай ұсынысын арттырады. Сонымен қатар Ормуз бұғазының қайта ашылуы мұнай бағасының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.

28 ақпанда басталған әскери қақтығыстардан кейін мұнай бағасы күрт қымбаттаған еді. Ал Тегеран Ормуз бұғазын жапқаннан кейін жаһандық мұнай тасымалының шамамен 20 пайызына әсер етіп, ірі отын дағдарысын туғызған болатын. Бұл әсіресе бұғаз арқылы экспортқа тәуелді араб елдерінің мұнай секторына ауыр соққы болды.

Жаңалық жарияланғаннан кейін мұнай бағасы аздап төмендеді. 

Тегтер: Мұнай АҚШ Иран
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз