Ресейдің НАТО елдеріне шабуыл жасауға шамасы келмейді

Бұған дейін айтқан болжамдарымыз шындыққа айналып келеді. Сирек металдар бойынша келісімге қол қойылды.
Енді АҚШ қару бере бастады. Трамп Зеленскиймен Ватиканда кездесіп, 15 минуттай сөйлесті. АҚШ басшысының Киевке қарай бет бұрысы басталды. Бұған дейін Ресейді жақтап, адам қорқатын сөздер айта бастап еді, енді бұрынғыдай Украинаны қолдай бастады. Бірақ соғыстың әлі тоқтайтын түрі жоқ. Егер Ресей келісімге келмесе АҚШ Украинаға қару беріп, Ресейдің ішкі аймақтарын атуға рұқсат береді. Әскери ұшақтар беріп те, соғыс қимылдарына өзгеріс енгізуі мүмкін.
Соғыс шығындарына келетін болсақ, ресми мәліметтермен растау мүмкін болмай тұр. Кей сарапшылар «Украина тарапы 116 мың әскерінен айырылды» дейді. Бірақ 3 жылда осынша аз әскер шығын болуы мүмкін емес деп ойлаймын. Ресей жағынан да 200 мыңдай жауынгер қаза тапты делінеді. Бұған да сену қиын. Шығын өте көп екені белгілі. Ресей тарапынан 1 млн шығын болуы мүмкін. Ресей жағында 661 қазақ соғысып жатыр екен. Соның 78-і қаза тауыпты. Бұл нақты дерек. Оның ішінде Қазақстаннан барғандар да бар.
Украиналықтар Ресейді әскермен түбегейлі жеңе алмайды. Себебі Қытай, Иран, Солтүстік Корея елдері де Ресейге көмектесіп жатыр. Бұған Үндістанның да қатысы болуы мүмкін. Қытайлар Ресей аумағында қару-жарақ дайындайтын зауыттар салған. Бұл да көмек. Бірақ мұның бәрі үшінші дүниежүзілік соғыстың ұласуына алып келмейді деп ойлаймын. Алдағы уақытта Украина Қырымды, Донбасты беріп, Херсон мен Зопорежьені алып қалып, соғысты тоқтатуы мүмкін. Әрине, Ресейден бәрін күтуге болады. Дегенмен Ресей Балтық бойы елдеріне шабуыл жасамайды. Қазір Украинамен арадағы мәселесін шешіп алсын. Ресейдің НАТО елдеріне алдағы 2-3 жылда шабуыл жасауға шамасы келмейді.
Сайын Борбасов, саясаттанушы