Қоғам

Петропавлда жаттықтырушыдан күшті әсер ететін таблеткалар тәркіленді

Қазақстанда құрамында психотроптық және күшті әсер ететін заттар бар дәрілік препараттардың заңсыз айналымына қарсы бақылау күшейтілді.

Жөтел дәрісі

Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасын тоқсан сайын өткізіп келеді.

ІІМ мәліметінше, кезекті рейд 21–25 қыркүйек аралығында өткен. Бес күн ішінде полиция қызметкерлері 1500-ден астам медициналық мекеме мен дәріхананы, сондай-ақ 142 кәсіпорынды тексерген. Нәтижесінде 249 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Тексеру барысында құрамында есірткі заттары бар 28 мың дәрілік препараттың айналымы тоқтатылды. Сонымен қатар заңды айналымдағы химиялық заттар мен прекурсорлардың заңсыз мақсатта пайдаланылуына жол бермеу шаралары жүргізілді. Осы бағытта 675 тонна түрлі прекурсордың айналымы шектеліп, 90 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полиция әсіресе дәрілердің рецептсіз сатылуына алаңдап отыр. Құрамында психотроптық немесе күшті әсер ететін заттары бар препараттар дәрігердің рецептісі бойынша ғана берілуі тиіс. Алайда тексерулер кезінде мұндай дәрілерді заң талаптарын бұза отырып сатудың бірнеше фактісі анықталған. Оның ішінде препараттарды кәмелетке толмағандарға сату жағдайлары да бар.

Мәселен, Петропавлда жүзу жаттықтырушысы ұсталып, одан құрамында күшті әсер ететін заттар бар 56 таблетка тәркіленді. Түркістандағы дәріханалардың бірінде мұндай препараттарды лицензиясыз сату фактісі анықталып, 5 мыңнан астам таблетка тәркіленген.

Ал Оралда лицензиялау талаптарының бұзылуына байланысты 500 тонна тұз қышқылының айналымы шектелді.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз