Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:17, 13 Қараша 2018

Сәбит Юсупов. Өткен өміріме өкінбеймін

ӨТКЕН ӨМІРІМЕ ӨКІНБЕЙМІНдеректі хикая

«Сүйемін өмірді, қашаннан дәстүрлі салтым менің,

Сүйемін өмірді, сүйемін отты өмір, жарқын лебін.

Әр үйде шам жанды, жұмыстан жай басып шаршап келем,

Сүйемін өмірді, тамаша ертеңге кәміл сенем!..»

Композитор Э.Колмоновкийдің

К.Ваншенкиннің сөзіне жазылған 

«Я люблю тебя жизнь»

әнінің аудармасынан

Күшейткіш арқылы: «Құрметті жолаушылар, «Алматы – Астана» жүрдек пойызына отыру басталды. Пойыз екінші жолда тұр. Сақ болыңыздыр!» — деген хабардың естілуі мұң екен, осы жағымды сәтті тағатсыздана тосып отырған жолаушылар асай-мүсейлерін арқалап, вокзал ғимаратының төменгі қабатына қарай асыға лап қойды. Арқама қапшығымды аса салып, жанымдағы жасыл түсті шағын шабаданымды қолыма алған мен де қозғалған сеңдей сапырылысқан жұрттың арасына судай сіңіп кете бардым.        Көпірмен жоғары өрлеп, қайта төмен түсіп, екінші жолдағы діттеген пойызымның  вагонындағы купеге жайғасып жатқанымда, есігі ашық тұрған купеге жасы алпыстың арғы-бергі шамасындағы азамат енді.       — Ассалаумағалейкум!       - Уағалейкумассалам. Сәлемші болсаң төрлет! – деген мен кірушіге амандасу рәсімімен қолымды ұсындым.        - Сапарымыз сәтті болсын! – деп, қолымды құшырлана қысқан серігімнің салалы саусақтары әлді екендігі байқалып қалды.       — Әлей болсын! Астанаға жеткенше бірге серіктес болып баратын шығармыз...        — Тап солай, дәл үстінен түстіңіз!         Өзі еңгезердей болмағанымен, орта бойлы, шымыр, мығым денелі азаматтың: «күннің күндізгі ыстығы қайтпай тұр-ау» деп, алдын түймелемей, иықтарына аса салған шымқай көк спорт кәстөмін шешіп тастап, мәйкішең қалғанда байқадым, денесі буылтық-буылтық болып, бұлшық еттері толқынша ойнап тұр екен. «Адам тани білсем – шамасы жақсы спортшы боларсың» деген ойды іштей айтып, орныма жайғасқан мен арқа қабымдағы «Сары ағаш» сусынының тығынын ашып, әлігінде пойыз жолсерігінен сұрап алған екі стақанға көпіршігін шымырлатып толтыра құйдым. Осы кезде тағы да күшейткіштен: «Алматы – Астана» пойызы жүргелі тұр. Сақ болыңыздар! деген ескерту естілді де, отарбамыз сәл ғана «дір» ете түсіп, жәйімен жылжи берді. — Бисмиллә Рахмани рахим! Я, Алла, сапарымызды сәтті етіп, жолымызды оңғара көр… – деп күбірлеген мен: — ал Құдайы көрші, менің қысқаша есімім Сәбит, толығырақ  айтқанда  Ғабдул-Сәбит. Қане:«Айқап жібер, шайқап жібер Қамшыбайдың қамшысын. Алып жібер, тартып жібер, қалдырмай бір тамшысын», — демекші, таныстық үшін суымыздың бір тамшысын қалдырмай алып қоялық, – дегенімде, көршім жылы жымия:– Менің есімім –Болат. Атым құрыштай Болат болғанымен, затым сәл жасықтау. «Алып қоялық» жарықтықты ауыздан тастамаушы едік, ол сөз қазір әзілдеген кезде болмаса, көп айтылмайтын болды ғой. Сіздің есіміңізге байланысты менің де аузыма мына бір сөз тіркестері оралып тұрғаны:          «Шындығын айтар болсам осы нақ,           Екі атты бір – біріне қосып ап,           Ғабдул-Сәбит деген мұртты құрдасым           Өлең-сөздің патшасына жақын ақ...», — деген серігім жарқылдай, ақтарыла күлді. Күлген кезде көздері бұл-бұл жайнап, әдеміше келген  ақсары жүзі шуақ шашып, нұрланып кетеді екен.     – Бәрекелді! Өзіңіз дайын тұрған ақын екенсіз ғой, — деген мен көршіме риза кейіппен қолымды ұсына бере:      - Бұйырса, ендігі кездескенімізде:  «Аман ба, халың қалай, інім Болат,            Өзіңді көрген сайын көңлім толад.            «Өлеңмен жауап берші» деп айтасың,            Інім-ау, оған менде жоқ қой сауат!» деп сәлемдесетін боламын, – деп жауап қатып, екеуміз қосыла қарқ-қарқ күліп, мәз болып қалдық.      «Ат кісінескенше, адам сөйлескенше» деген сөзді атамыз қазақ қалай дәл тауып айтқан. Жаңағы бір-екі ауыз қалжыңнан кейін, екеуміз бір-бірімізді ежелден білетін адамдарша емен-жарқын, еркін әңгімелесіп, жақындасып кеттік. Жас сұрасқан соң сапарласым туралы  әлігіндегі «алпыстың ар жақ, бер жағында» деген болжамның қате екендігі белгілі болды. Оның менен екі ай үлкендігі болмаса, екеуміз де бір жылдың төлі – доңыз екенбіз.       Серігімнің жолға алып шыққан салқын қымызы бар екен, жаңағы судан босаған екі стақанға көбігін көпіршіте құйды.      «Пах, шіркін! Қымыздың бұрқыраған қышқылтым жұпар исін – ай!» -  Ауылда өскен қазақтың қара домалақ баласы емеспін бе, туған елімнің дархан даласында ермен мен жусан, адыраспан исі танауды жарып, қой баққан кездегі балалық бақытты шағым көз алдыма келіп, ауыл өмірін аңсай сағынып кеттім...       Бір сәттік үнсіздікті Болаттың:       — Ғабеке, құрдас болып шықтық, қыздар құсап сызылмай, «сен» деп сөйлесе берейік. Жолымыз қысқарсын және бір-бірімізді жете білмек үшін әңгіме айта отырайық, – деген сөзі бұзды.       - Баяғыда «Тамашадағы» Құдайберген марқұмның Парламент депутаты  болған кезіндегі: «мұндағы депутаттардың бәрі әуесқой әртістер, ішіндегі профессионал  әртіс – депутат мен ғана», дегеніндей, сенің профессионал журналист екеніңді мен «Жас Алаш», «Дат» газеттерінде жиі жарияланатын проблемалық өткір мақалаларың арқылы жақсы білемін және сүйсіне оқимын. — Ия, жазып, жарияланып жүремін. Асыра мақтап жібердің ғой.  Менен екі ай үлкендігің бар екен, бір көйлек болса да бұрын тоздырған жанды аға тұтып, жол беретін қазекемнің дәстүрі бойынша алдымен әңгіме айту сенің кезегің, – деген  сөзіме: — Жақсы. өмірбаяндық хикаяларымның пәлендей ерекшелігі болмаса да, бастан кешкендерімді айтып берейін, – деген Болат әңгімесін бастап кетті...******      — Сонау 1965 жылы мектеп қабырғасынан соң Қаз МУ-дің тарих факультеті емтиханының «конкурс» деген қызыл көз пәлесінен өтпей қалып, арман болған Алматы қаласында оқып, студенттік өмір кешу бақыты бұйырмаған бейбақпын.      Тегі, Құдай қосқан қосағым Бишаның да, өзімнің де шыққан жеріміз ауыл болғанымен, шағын, әдемі қала Талдықорғанда жиырма жылға жуық тұрып, 1994 – жылы сүйікті жарымның  көршілес  ауданның аудандық сотына судья болып тағайындалуына байланысты, киелі Ескелді би, Балпық баба, қасиетті Қарымбай бастаған онсегіз бірдей әулие- әмбиелер мәңгілік тұрақ тапқан құтты өңірге қоныс аударғанбыз. Осы берекелі де, мерекелі  мекенде 17 жыл өмір кешіп, екеуміз де іркес – тіркес зейнет демалысына шыққан соң, «қайтқан малда береке бар» дегендей, қайтадан Талдықалаға табан тіреген болатынбыз.         Жұбайым Биша қол қусырып бос отыруды бұрыннан жек көруші еді, адвокат лауазымына ауысып, мен газетте «тер төгіп», жинақы, шусыз да, таза қала – Талдықорғанда тып-тыныш тұрып жатқанымызда,  астымыздан су шыққандай, Алматыға  аяқ астынан үдере көшуге тура келді. Көшуге себеп – кенже қызымыз Динараның:        — Екеуден екеу сопайып қалай отырасыздар?  Әпкем Қарлығаш пен ағам Айдын да осында. Бөлінбей, жарылмай бәріміз бір жерде болайық. Немерелеріңіз  бауырларыңызда өсіп, тәлім – тәрбиелеріңізді көріп жетілсін -деген сөзі қамшы болды. «Бала – шаға», «немере» десе, ес қалмай жалпылдап, жайылып түсетін қазақ емеспіз бе, қызымыздың бізге тастаған уәжін жауып, «крыт» жасайтын көзір таппай қалдық. «Тататын  талқанымыз таусылған шақта осы шаңырақтан мәңгілікке сапар шегерміз...» деп долбарлап, қаланың дәл ортасындағы  евроремонтын  «қатырып» жасатып алған қабырғасы кірпіш «мына» деген үш бөлмелі пәтерді өзіміз көздеген бағамыздан да төмен сатуға тура келді...        Баяғы, Кеңес кезінде «Алматы – қазақтың астанасы, ұйғырдың асханасы, орыстың баспанасы» деген әзіл болғанымен, шындықтан алыс кетпеген тәмсіл іспеттес сөз тіркесі айтылушы еді ғой.         Көзі тірі болса, бүгіндер «80» деген сеңгірлі жасқа толатын, әсем де, әрлі әндердің қазынасы — Әсет Бейсеуов ағамыздың: «Алматым – сұлулықтың төркінісің, ән шырқаймын бір сенің көркің үшін» деп әнінде шырқалатындай, еліміздің бұрынғы астанасы  — алмалы Алматы қаласына 2013 – жылдың жасыл жапырақтары жәйімен жайқалған жадыра жазының сәтті сәрсенбісінде көшіп келудің сәті түсті.       Сүйтіп, қаладан қалаға көшкен «урбанизация» өкіліне айналып шыға келдік.******         Бұл «лауазым» атты карта ойынын қойсаңшы, судьялық қызметтен соң  адвокат болып шапқылап жүрген жұбайым туралы мен: «Биша бұрын бірдеңені бүлдірген қылмыскерге тиісті жаза кесетін әділ би еді. Енді міне, тап сол қылмыскерлерді жанын сала қорғайтын қорғаушы болып кетті. Осындай да тұрақсыздық болады екен!» – деп әзілдеп, қылжаққа басатынмын.       … Жар дегенде жалғыз баспанамызды дер кезінде сатып үлгерген екенбіз, там соғуға деп алдын-ала жинап-теріп берген ақшамыз да, Динара қызымның мініп жүрген жап-жаңа «Тойота-Королла» машинасын сатқаннан түскен, өзіміздің өлшеммен алғанда, кәдімгідей, ауыз толтыра -тамсана айтарлықтай ақша да тақыр таза таусылып, қызымыз енді несие алуға шапқылап, біраз банктердің табалдырықтарын тоздырып жүр екен.       ...Құдай-ау, «кредит» дегенің қазақ үшін иен-тегін жатқан, Тәңірімнің аспаннан түсіріп бере салған «сиы» емес пе?! Қорамызда тышқақ лағымыз, төрдегі құрсауланған ескі қоңыр сандықтың түбінде соқыр тиынымыз болмаса да, апыр – топыр несие ала салып, қызымызды ұзатамыз. Жалма-жан баламызды үйлендіре қоямыз. «Позорымызды» шашып, қатарымыздан қалмайық» деп, қоржын апарып, «киіт» ретінде жағалы киімдерді, «түріктің арзан алтындары ұят болады» деп, Алматыға арнайы барып, «өзіміздің» Ресейдің алтын-күмісін сықита сатып аламыз да, құдалық пен той-томалақтың барлық рәсімін дүрілдетіп өткіземіз. Балалардың бақыты үшін жан пида, бәрі дұрыс-ақ. Бұрынғы аталарымыз: «Қарыз ал да, қатын ал. Қарыздан құтыларсың, қатының жаныңда қалар» деуші еді. Өкінішке қарай, сол бабалар мәтелінің сәні түсіп, мәні мен мәнісі өзгеріп  кетті. «Қарыз» дегенің қазіргі кредит жарықтық — қой. Кредит алып, шашыла той жасаған жастарымыздың махаббаттары мәңгілік болмай, «қатының кетіп құтылып, кредитің жаныңда қалған» заман туып тұрғаны қиын болып жүр – ау. Араларында сәби туып үлгерсе, «екі түйе сүйкенсе – ортасындағы шыбын өлер» демекші, қанша ана жесір, қаншама жазықсыз сәби жетімдік қамытын киеді...     … Ойпырмай, мына өзіміздің өзбектер өлермен екен! Айналасы үш аптаға толмас уақыт ішінде Зәкір атты басшысы бар өзекеңдер бригадасы тереңдігі бір метр іргетас орнын қазып тастап, жер бетінен бір метр биік фундаментін бетон араластырғышсыз қолмен құйып тастапты. Сонда ғой мен таңданып: «үш өзбек бір бетонараластырғышты алмастырады екен» деп баға бергенім.       Біз, қазекеңдер қайтеміз? Бетон дайындағанда күрегімізді тіземізге шірене тіреп,  ырғап-ырғап араластыру кезінде, күректің сабы сынып, өзіміз де итшілеп шаршап бітеміз. Өзекеңдер  астаудың бір шетін жырып қояды екен де, цемент, құм мен суды шетінен шағындап, күрекпен емес, кетпенмен жәйімен ғана, еш күш жұмсамай араластырып, дайын бетонды қазылған орға астаудың жырығынан сырғыта береді екен. Әбден әдістеніп, төселіп алғандары сонша, жұмыс жасап емес, ермек жасап жүргендей, шаршамайды да, талмайды да! Арасында бірі біріне: «үкә, кук  чәйні әкелің» деп, шәугімдегі қайнақ шәйларынан қылқылдата жұтып қойып, шаруаларына қайта кірісіп кетеді. Ой, пәлі – ай! «Естімеген ел де көп, есек мінген сарт та көп» тәмсілі осындайдан шыққан-ау, сірә...        Менің нағашы жұртым – татарлар үйлеріне қонақ боп келіп кеткен қазақтардың артынан: «курәргә қуйған бик тәтті-дәмні тамақларны қазақлар түк күрмәгәндәй сыпырып – сүйіріп, жұғынын да қалдырми ашап (ашап — жеп деген сөз) киттіләр» дейді екен-ғой баяғыда. Біздің дархан қазақ, шіркін, керісінше, тамақты тауыса жемесең: «дәмсіз болды ма әлде, алсаңыздаршы» деп бәйек болып, дастархандағы жегеннен қалғанын «балаларға базарлық» рәсімімен үйіне салып беретін ежелден келе жатқан әдетін қайтерсің!       Сол айтқандай, арада ораза айт, құрбан айт мейрамы кездерінде жұмыс жасап жүрген өзекеңдерге: «елінен, бала – шағаларынан жырақ жерде сағынып жүр-ғой, жесінші» деп, құйрықтары тегенедей-тегенедей екі қой сойып беріп, сәл кейінірек Зәкір бригадирдің Наманғандағы үлкен қызының тұрмысқа шығуына байланысты тағы бір семіз тоқтыны жәркемдеп тастап, жегізіп жібердік. Әрине, ол қойлардың құнын тиесілі ақшаларынан ұстап қалғамыз жоқ, ұят емес пе?! Сүйтіп, жүріп судай жаңа тамға сол жылдың  жаңа жыл мерекесі қарсаңында кіріп тындық – ау әйтеуір!      Нишауа, Биша бәйбішем де, өзім де, Жандос күйеу баламыз да (бізді «папа, мамалап» силап, алдымыздан кесе көлденең өтпейтін, Құдайға қараған оны «күйеу» деп емес, өзіміз шын ниетпен «балам» деп атап, жақсы көреміз)  мойнымызға бір-бір несиені ілдік. Динараның еңбек ақысы әжептәуір жоғары еді, есік, терезе мен санитарлық тораптың кафельдеріне ақшамыз қалмай, бұрынғы несиесінің үстіне, ойланып, аянып жатамыз ба, қызымыздың иығына тағы бір кредит жамата салдық. Үйбай — ау, ұмытып барады екенмін, Биша бәйбішемнің адвокат болып жүрген кезіндегі судай жаңа болмаса да, қызметіне шапқылап мінуге жарап жүрген RAV көлігін де сатып, ақшасын құрылысқа жұмсап  үлгергенбіз.       Е, ештеңе етпес! Құдайым саулық берсе, «азғантай» ол кредит -  «иттерден» құтылар күн де туар. Ең бастысы, «өз үйім – өлең төсегім» демекші, балаларымыздың  қатқан, «мынауский» хан сарайындай өз баспанасы бар...******        «Алматы қаласында  үй салдық!» деп мақтана айтып жүргенімізбен, біз сияқтылар үй салуға учаске алған айналасы атшаптырып аумақ-Алматының  іргесіндегі  бұрын баубақша қоғамы (садоводческое общество) болған жер екен. Кімнің жарлық, бұйрығы екенін бір Құдайым білер, әйтеуір 6, 7, 8 сөтіктен, барлық саны 274 учаске сатылымға шығарылыпты. Бірінші жылдың өзінде үлкен, кішісі, уақытша баспанасы (времянка) бар қырықтан астам үй тұрғызылып, сол мөлшердегі жанұя қоныс тойын тойлады. «Өзім дегенде, өгіз қара күшім бар» демекші, ал дегенде қалалардағы КСК іспеттес «Тұтынушылар кооперативінің бау-бақша серіктестігін» (ТКБС) құрып алып, ұйымымыз заңды тұлғаға айналып шыға келді. Тұрғындардың жалпы жиналысында ТКБС  төрағасын, қазынашысын, ревизия комиссиясының төрағасы және мүшелерін, ал мені бақандай «Ақсақалдар алқасының төрағасы» лауазымына сайлады. Бүкіл ауылдың ағасы  – Ақсақалы атанғаным — сәл қақас еститін құлағыма жәйлі естіліп, жаныма да жаққаны соншалықты, өзіңді таққа отырған патшадай сезініп, кәдімгідей күмпиіп жүреді екенсің өзі...      Алғашқы құрылыс жұмыстарын бастаған кезде әркім өз ауласынан құдық қазғызып, су сорғыш арқылы сумен, движок арқылы тоқпен өздерін қамтамасыз етті. Бұл тірлікке бензин шақ келе ме, күзге қарай әр түтін серіктестік кассасына 200 мың теңгеден ақша құйып, электр сымдарын, бағаналары мен басқа да асай – мүсейлерін сатып алып, ауылымыз советше айтқанда «ильич шамының» шуақты нұрына малынды. Осы тәртіппен тас жол жүргізіп алып, екі жылдан соң тағы да серіктестік кассасына үйренген ақша құю тәсілімен әр шаңырақ табиғи көгілдір отын – газбен қамтамасыз етілді. Ол ол ма, өткен жылы және сол әдіспен су мұнарасын тұрғызып алып, әр шаңырақ тереңнен шығатын экологиялық таза суға қарқ болды да қалды!      Тоқсан үш жас жасап, дүниеден өткен анам марқұм: «Ырыс, қайда барасың?» десе, «ынтымағы мен бірлігі жарасқан елге барамын» деп жауап берген екен...» деген әфсананы жиі айтып отырушы еді.        Сол айтқандай, міне, осындай ынтымағы жүдә жарасқан, ауызбірліктері мықты, өзара түсіністік пен силастық ауаны қалыптасып, түтіні түзу шыққан ауылымызда 2016 –жылдың көгілдір көктемінде «Жаңа жыл» мейрамы тойланды. Күнделікті толассыз ішілетін арақтан қолағаштай мұрны қызара ісініп, қап арқалап жүрген орыстың «дед морозының» емес, түркі тілдес елдердің төл Жаңа жылы  - «Ұлы Наурыз мерекесін» дүрілдете тойладық! Үлкен-кіші жарыса ән салып, би билеген, жайқалған көкмайса үстінде қазан — қазан ас пісіріліп, қаздай тізілген сары жез самауырындар екі иінінен дем ала сарқылдаған ауыл көрінісі қандай әсем, қандай керемет! Бұрындар жаңа шұлық сатып алсақ та, «срөшнө» ақаңмен жуып жіберетін үрдістің әдіре қалғаны қашан! Бүкіл ауыл тұрғындары сүрленген құйрық май қосылып, иі қана пісілген сары қымызды сіміре ішіп, қызара бөртіп жүрміз. «Қаз жегеніне емес, орғанына семіреді» дегендей, ішіп — жегенімізге емес, ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың арқасында төл мерекемізді, өзіміз қолымыздан тұрғызып алған өз ауылымызда барлық сән, салтанатымен, қызықты өтіп жатқанына көңіліміз көгілдір көктем болып, жанымыз жәй тауып, арқа – жарқа күйде жүрміз. Бәйгеге бие тікпесем де, өзімнің шағын қаржыма жастар арасында гир тасын көтеруден жарыс өткіздім. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге силықтарын тапсыру сәтін пайдаланып, салауаттық өмір салтының денсаулыққа, әлдебір жағдай туа қалған сәтте елін, жерін қорғауда денешынықтыру мен спорттың берер пайдасы туралы қысқа да, нұсқа «лекция» оқып жіберуді де естен шығарғам жоқ.      «Мүйізі қарағайдай билік тарапынан қандай қолдау болды» дейсіз бе? Әкімдіктен көмек сұрап қайтеміз, алтын уақытты бекер қор етіп. Бәрібір олардан еш қайыр жоқ екенін білеміз – ғой. Билігің біздің ауылдың бар қиындық, проблемасы шешіліп, «алақан жаймайды-ау» деген кезде ғана «дайын асқа — тік қасық» болып, өз талаптарын қоя бастайтындығына басқы кезден-ақ көзіміз жеткен. Сөйтіп, «өз қотырымызды өзіміз қасып» дегендей, өз күшіміз бен ауызбіршілігімізге сенуге тура келген...        Тәуба!  Сол ынтымақ, бірлігіміздің арқасында, қурай басып жатқан иесіз сары далада ауыл тұрғызылып, тіршілігі қайнап жатқандығын мақтанышпен паш етіп екі бірдей газетке репортаж жазып жібердім. «Алматы ақшамы» мен «Іле таңы» газеттерінің сол жылдың 15 – сәуіріндегі санында репортажым суреттерімен қоса басылып шықты. Жаңалыққа жаны құмар дүйім ауыл тұрғындарына газеттерді таратып бергенімде, оқығандардың бәрі балаша мәз-мейрам болып, маған алғыстарын жаудырған еді.      Алайда, жаңағы билік туралы айтқан сөзімнің дәлеліндей, жанама болса да билік өкілінің менің көгілдір көктемдей көктеген көңілімді ашыған сүттей ірітіп, аяқ астынан нілдей бұзып жіберетіндігін кім болжап білген?!                                                                       … Газет шыққаннан кейін екі, әлде үш күннен кейін бе, өзімнің үйдегі жұмыс кабинетімде компьютер клавиштерінде саусақ ойнатып отыр едім, үйге тапалтақ келген шикіл сары біреу мен сұңғақ бойлы  бейтаныс екі адам кіріп келді. Қазақтың қонақжайлық салтымен:       — «Қош келіпсіздер,  төрлетіңіздер!» деп, жалпылдай бәйек болып, меймандарды диванға жайғастырдым. — Мен осы ауыл округы ақсақалдар алқасының төрағасымын–деген әлігі сары тапалтақ сұрғылт түсті куәлікті менің көз алдыма тақай тосты. Куәлігіне көз тоқтатып қарамаған күйі: — Өте жақсы, танысқаныма қуаныштымын – деп, куәлік иесі мен оның серігіне қол ұсынып, аты – жөнімді айттым. «Төрағамын» деген кісі «куәлік көрсеткенім жеткілікті» деді ме, есімін де айтпай, қасындағы азамат өзінің атын атап, маған қарап жылы жымиып қойды. — Қой, күтпеген силы қонақтарыма шәй қойып жіберейін – деп, асүйге бет алған мені қос мейманның тәпене бойлысының төбеден түскендей сөзі тоқтатты.       — Сен газетте өзіңді «Жазушылар одағының мүшесі» деп жазыпсың. Мен интернеттен қарадым, Жазушылар одағының тізімінде жоқ екенсің – ғой. Бұл қалай?«Жазушылар мен Журналистер одағын шатастырып тұрғаны несі?» — деп ойлап үлгерген мен: — Жазушылар одағының емес, газеттерде «Қазақстан Журналистер одағының мүшесі» деп жазыламын, — дегенім сол еді, әлігім қайтадан жаңағы әуеніне басты: — Өзің айтшы, Жазушылар одағында қанша мүше бар?деген тапалтақтың қылмыскерді сұраққа алған тергеушідей тықақтауы жынымды қоздырып, мен де өзі сияқты «сенге» көштім. — Е, мені қай одақта қанша мүше барын санап, есебін жүргізіп жүрген статистик деп пе едің? — Мына газеттегі мақалаңның астына «Ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы» деп жазыпсың. Төраға менмін. Олай жазуға кім саған құқық берді? — Қане, қай жерінде сенің ауылыңның аты жазылған? Көзіңді кеңірек ашып оқымайсың ба? деп, қолындағы газетін жұлып алып, жіпсиген көздерінің алдына тақадым. — «Ауыл іргесіне жаңадан қоныстанған азаматпен танысайық» деген ізгі ниетпен келген екен деп, жік жапар болып жатсам, суырдың айғырындай шақылдап, тергеп, тексеріп, тіпті басқа шығып барасың-ғой. Мен сен сияқты кеудемсоқ пасықтарды танымаймын, танығым да келмейді. Сені шақырғам жоқ, қане, шық үйден!-деп, тықылдаған пысықайды есікке қарай итеріп – итеріп жібердім.Осы кезде бағанадан үнсіз тұрған қасындағы серігі:      — Ақсақал, сіз бізді дұрыс түсінбей қалдыңыз. Газет бетінен журналист екеніңізді, жаңадан бой көтерген ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы екеніңізді оқыдық. Ауылдарыңыздағы атқарылып жатқан талай игі істеріңізге риза болып, сізбен арнайы танысуға келдік. Ондағы мақсатымыз: сізбен жақынырақ білісіп, ортақ істе тізе қоса, біріге жұмыс жасау. Міне, осы оймен сіздің шаңыраққа бас сұққан едік, – деп, қасындағы оспадарсыздың тапырақтаған мінезіне ұялғандығын білдіріп, жаймашуақтап жатыр.        Әлгі тәпененің басыну қылығына ашынып тұрған мен:      — Игі оймен келген адам ондай кеудемсоқтық жасамайды. Мынандай кеудесіне нан піскен парықсыздың жанында жүріп, сіз ұятқа қалып отырсыз. Әңгіме осымен тәмам. Тезірек үйді босатыңыздар. Әйтпесе, өз әрекетіме жауап бере алмай қалуым мүмкін!- деген мен есікті жұлқа ашып, қолыммен сыртты нұсқадым.       Шақырусыз келген қонақтар иіндері түсіп, ілби басып сыртқа беттей берді...        «Ой Алла-ай, бала емес, шаға емес, зейнет жасына таяп қалған адамның да осындай ойсыз, оспадарсыздығы болады екен-ау. «Жақсымен жолдас болсаң -жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң-қаларсың ұятқа» дегендей, әнеки, әлігі міскін өзін ғана емес, қасындағы серігін екі оттың ортасында қалдырып, ыңғайсыз жағдайға душар етті.       Баяғыда ауылдағы бір адуынды апамыз аласа бойлы күйеу баласымен ұрсысқан кезде оны кемсітіп, намысына тию үшін «еркектің тәпенесінен без», «еркектің тәпенесінен без» деп, мұқатушы еді. Сол апамыз айтқандай, бойы екі қарыс болып алып, іздегені ілік, істегені қиянат, айналасына ылаңын шашып, лайлап жүретін осындай жандар бір мезгіл істеген істері мен қылған қылықтарына есеп беріп, өз әрекеттерінің дұрыс-бұрысын саралауға да санасы жетпейді – ау! Жетсе, олай жасамаған болар еді. Бірдеңені істер, немесе айтар алдында, аз да болса ойланып, «осыным дұрыс па?» деп, өзіне  - өзі сұрақ қоюға болмас па еді?! Әлігінде ашу үстінде оң қолым өз санамнан тыс екі-үш рет сәл көтеріліп барып, өзімді күштеп басып тастадым. Әлдебіреу қиянат көрсетіп, немесе ар, намысыма тиген кезде оң қолмен, орыстар айтпақшы «правый прямой удар» беріп, ұзыннан түсіруім, әсіресе жасырақ кезімде жиі болып тұратын. Өзімді күштеп тоқтатуға мәжбүрлегенім абзал болды. Әйтпегенде, қолым көтеріліп, іс сонау жылдағы сияқты насырға шауып, тағы да темір тордың ар жағынан сығалауым әбден мүмкін еді» деген ойлар басыма еркімнен тыс оралып, сол бір дұшпаныма тілемейтін келеңсіз де, сүреңсіз өмір көз алдымнан кино экранындай көлбей өте берді...******       Мен өзі «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген сұрапылдан соң туып, әкесіздіктің, жоқшылық пен тапшылықтың рухани жан күйзелісін молынан тартқан ұрпақтың өкілімін. Бала емеспіз бе, көршілердің, немесе ауылдағы әкесі біргәдір, есепші сияқты шолақ бастықтардың балаларымен ерегесіп, төбелесіп қалатын кездер жиі болып тұратын.Өзімнің бойым шағын, тыриған арық, сондықтан әлсіздеу едім. Бірақ, әлім жетпей, таяқ жеуге айналсам, ызақорланып, қолыма не түссе, сонымен аямай салып қалатын намысқой, дүлей болып өстім. «Біреу тисе қалса» деген есеппен, соғыста болып келген нағашымның «солдатский» белдігін кәстөмнің, жаз айларында көйлектің ішінен тағып алатынмын. Сол мінезімді білетін анам марқұм: «ойбай, тыныш жүр, сотталып кетесің. Байқұс — ау, сені арашалап алып қалатын әкең де жоқ» деп, санама сақтықты жиі құйып отыратын. Анамның сол ескерту сөзінен жасқанып, талайларға есемді де жіберген едім. Әскерде жүргенімде спортпен үзбей айналысып шынығып, бокс өнерін бір кісідей үйреніп келген соң, есем кеткен біраз балалардан кегімді алып, жаным жәй тапқан болатын...       Бірақ, «жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, анам айтатын «сотталу» атты пәледен қанша сақтанып жүрсем де қашып құтыла алмадым.       Мен өзі айбынды Алатау аймағының тумасымын. Әскерден келген соң аудандық қаржы бөлімінде инспектор болып қызмет істеп жүрген кезім. Жаз айының жалындай ыстығын шашып тұрған бір күні ауылыма жету үшін аудандық автовокзалдың жанында автобус тосып тұрғанмын. Өзім құралпас үш жігіт, қиралаңдаған удай мас болмаса да, ішіп алғандары білініп тұр, жаныма таяп келді. Ішіндегі сорайған ұзын бойлысы қарсы алдыма тақалып: — Ей, братан, темекің  бар ма?- деп, ежірейе қарады.– Жоқ, темекі шекпеуші едім.          - Не, молдасың ба, әлде қызсың ба?         - Бауырым, ілік іздемей, өз жөніңе жүрсеңші. Саған кедергі жасап тұрған жоқпын, – деген мен әлігілердің төбелес шығарғалы тұрғанын сезіп, қорғануға іштей әзір болып тұрмын.         — Қараңдар, мына духтың маған кедергі жасауға қауқары жетеді екен, – деген ұзынтұра бет тұсыма оң қолын сермеп кеп қалды. Бұғып үлгерген мен еңкейген күйі бүйір тұсынан сол қолыммен осып жіберіп, «ыңқ» етіп бүгіле берген оны оң қолмен жағынан оңдырмай ұрдым. Ұзын бойлының құлағаны да ебдейсіз екен, кескен теректей сұлап түсті.Бұлай соғу менің әскердегі бокспен айналысқан кезімнен қолданып жүрген, әбден төселіп алған сенімді тәсілім еді.        Өздері үшеу болғандықтан, менен ондай қарсылықты күтпесе керек, қасындағы достары бір сәтке аңтарылып тұрып қалды да, екеуі екі жағымнан маған жақындай берді. Сол арада жығылып жатқаны да түрегелді.Тәнтіректей басып маған жақындай бергенімен, жаңағы соққыдан беті қайтып қалса керек, өзі шабуылдауға батылы жетпей, жанындағы жандайшаптарына:     — Ей, текешіктер, не қып сүмірейіп тұрсыңдар? Қане, мына духқа біздің кім екенімізді көрсетіңдер! — деп ақырып жіберді.     - Әкеңнің… Екеудің толықша келгені әріректе жатқан жұдырықтай тасты жерден көтеріп алып, төрт – бес қадам жерден маған құлаштай сілтеп қалды. Тастың бағытын аңғарып үлгеріп, сол жағыма қарай бұғып қалдым, Тигенде қалпақтай ұшырып түсіретіндей қатты ағынмен атылған тас оң жақ құлақ тұсымнан «зу» етіп өте шықты. Мен шалт қимылмен атылып барып тас иесін иек астынан баспен қақырата пердім! Ол теңселуге де шамасы келмей, шалқасынан құлап түсті. Ойдан жүйрік нәрсе бар ма: «Жеделдете, естерін жидырмай шабуылдамасам, ана екеуіне мынау қосылып, өз жағдайымды қиындатып алармын!»         Осы ой миымда найзағайдай жарқ етіп, үшіншісін тарпа бас салуды ойлап үлгергенім сол еді, арт жағымнан «баж» етіп жан ұшырған ащы дауыс естілді. Жалт қарағанда көргенім: өзім алғашқы ұрып сұлатқан ұзынтұра басын ұстаған күйі жерде ойбай салып домалап жатыр. Оның тап жанында жаңағы маған сілтенген жұдырықтай қара тас. Сөйтсем, мен жалтарып кеткендегі жанымнан зуылдай аққан тас арт жағымдағы ұзынтұраның басына тиіп, қалпақтай ұшырыпты. Ойға алған үшінші қарсыласыма жұдырық сілтеп үлгергем жоқ, сол арада бағанадан «бесплатный» гладиатор ойынын көріп, жаппай қызықтап тұрған жұртшылықтың арасынан:       — Милиция!       - Милиция келе жатыр! — деген дауыстар естіліп, артынша үш бірдей сарбаз жетіп келді.       Ой дегенің оқтан жүйрік – қой: «ойпырым–ай, вокзал маңы толған әйелдерді айтпай – ақ қояйын, еркектердің үлкен — кішісі бар, бір де біреуі «әй, қойсаңдаршы. Өз жөнімен жүрген адамда не ақыларың кетті» деп айтуға жарамағандары мені таң қалдырып, жағамды ұстатты. Менің орнымда солардың біреуі, немесе аға, яки інісі болуы әбден мүмкін-ғой. Сондай жағдай бола қалса да араша түспей, тап осылай тамашалап тұрар ма еді, қайтер еді...?!» деген ой санамда найзағайдай жарқ етті.       Келіп жеткен милиция ана үш бұзақыны алып кетті деп ойлап отырсың – ғой. Ия, үшеуіне қоса мені де ішкі істер бөліміне апарды. Бәрімізден жауап алып, хаттамаларын да толтырып, «ауылдарыңнан алысқа кетпеңдер, керек болған кезде шақыртамыз» деп, босатып жіберді.      Босатқанын  қайтейін, өң түгіл, түске де кірмейтін «қызық» үш күннен кейін басталды...      Түскі асқа кетуге аз қалған уақыт еді, қызмет орныма милиция формасындағы сержант пен аға лейтенант сау етіп кіріп келді. Менің фамилиям мен атымды сұрады да, жауабымды ести сала, «сіз тұтқындалдыңыз!» деп, қолдарымды артқа қайырып кісен салды!       Бұзақылармен  арадағы  жанжалды ертеңінде айтып беріп, басшыларым ол жағдайдан толық  хабардар болған – ды. Олардың көздері бақырайып, не айтарын білмей сілейді де қалды. «Госстрахтың» бастығы Марченко Иван Федорович өте әділ, мейірімді кісі еді:
  • Не үшін тұтқынға аласыздар? Болаттың ешқандай кінәсі жоқ – қой! – дегеніне пысқырған да жоқ, «сот ақ – қарасын айырады» — деп, алдыларына салып айдады да кетті.
  • Ғабеке, кешірерсің. Сәл мызғып алмасам, мазасызданып тұрғаным. Демалып тұрып, әңгімемді әрі жалғастырайын – деген көршім төсегін жөндеп, жатуға ыңғайланды...
******        … Менімен шатақтасып, таяқ жеген, бірақ өз жемтіктесінің атқан тасынан дене жарақатын алған «главарь» аудандық мал дайындау мекемесі бастығының баласы болып шықты. «Күштінің көті диірмен тартады»-демекші, бұзақыны «арақ ішпеген», аузыма ішімдік атаулыны татып алмайтын мені «орта дәрежедегі мас» деген анықтаманы тиісті кеңселерден әкесі алып берген екен. Менің «өздігінен әңгімелесіп, жайбарақат тұрған» үш азаматты қорлап, балағаттауымның соңы төбелеске ұласып, әлігі «арты күштінің» баласын менің «бұзақылықпен ұрып жыққанымды, артынша жұдырықтай таспен жақ сүйегін сындырғанымды» көрген куәлар да табыла кетіпті...Тергеуді ұзақ созбақтататын несі бар, бәрі алақандағыдай айқын нәрсе емес пе, «қылмыс дер кезінде ашылып», айналасы бір айдың ішінде тергеу аяқталып, сот болды. «Заңдылықтың сақталуын қатаң қадағалаушы» тұлға - прокурордың таққан айыптау қортындысын, ақ – қарасын таразылап, әділ шешімін шығараушы би (судья) қолдап, «мас күйімде бұзақылық әрекетпен жазықсыз адамның денесіне «ауыр жарақат салған» айыбым толықтай «дәлелденді». Сот аяқталып, «әділ би» мойныма үш жыл мерзімге бостандықтан айыру жазасын іліп, жазамды күшейтілген (усиленный) режимдегі колонияда өтеуге Үкімін сол мезетте қолма – қол шығарып берді... — Қазір ғана емес, Кеңес кезінде де сондай масқара заңсыздық болған екен-ау! Касациялық шағым жазып, жоғарғы сотқа шейін қуынбадың ба? — Жаздым. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды" деген тәмсілдің дәлеліндей, ол далбасамнан түк те шықпады.Үкім бекігенше Алматының тергеу изоляторында екі айдай жатып, Жоғарғы соттан: «… аудандық сотының  Үкімін  бұзуға негіз жоқ» деген жауап келді (шығарылған Үкім «әділ» болғандықтан).    … Тергеу изоляторында өзінше бір өмір, өзінше бір тіршілік. Күніне екі рет, «шиқ» етіп ыңырси ашылғанда жүйкеге тиетін темір тор мен есіктерін салдыр – гүлдір еткізіп, «қыдыруға» шығарғаннан басқа «қызығы» жоқ өмірлерін бір сәтке болса да жеңілдетіп, сергіп алу үшін зектердің ойлап таппайтыны мен жасамайтын хикаялары жоқ екен...       Есіктен жаңа тұрғын кіре салысымен: — Қай статья? Қандай мерзім?-деген сұрақ қойылады.         — Пәлен статья, түгенше жыл… — жауабы естілген соң: — Пәлі, сол да сөз бе екен? Парашада отырып – ақ жазаңды өтеп шығуға болады! Қайта ертерек отырғызғаны өте дұрыс болған. Неғұрлым ерте отырғызса — сол құрлы ерте босап шығасың – деген «жұбату»  сөздер айтылады.       Бір күні камерамызға Өскемен жақтан бір жас жігіт келіп түсті. Өзінің негізі жасық па, әлде таяқ көп жегендіктен зәрезап болып, әбден қорқып қалған ба, жалтақтап, әркімнің бетіне тура қарай алмай, жанарын төмен сала беретін бұл бейшараның аты, затына кереғар — Берік екен.      Тиесілі сұрақ-жауаптар айтылған соң, біздің камерадағы бұрын үш рет отырып, «төртінші ходкадағы» қыли көзді, түсі суық, «косой» кличкалы қазақ жігіті:      — Келгенің жақсы болды. Талайдан бері «свежий» қан ішпей, кенезем кеуіп жүр еді – деп, жатқан нарынан атып тұрды.        - Леха, тезірек қанын ішуіме дайында мына кешаны, шыдай алар емеспін! – деген «косойдың» зілді сөзінен кейін әлігі байқұста тіпті жан қалмады.     — Ой, мен қорқам. Бұрын қан беріп көрген емеспін...- деп, жыламсыраған Беріктің  көздерін, түсінің суықтығы «косойдан» да асып түсетін еңгезердей Леха қара қожалақ шүперекпен таңып тастады:     - Қане, үніңді шығарушы болма! Әйтпесе, «косойдан» кейін мен де ішем қаныңды...       Бұрын мұндайды көрмеген мен «шынымен қанын іше ме?» деп анаған іштей аяушылық білдіріп тұрмын.         Леха Берікті төменгі қабаттағы нарға жатқызды да, екі қолын нардың екі жағына мықтап байлап қойды.     — «Малый», өткір кездікті әкел!       Аласа бойлы, «қылмыскер» деуге қимайтындай он сегіз, он тоғыз жасар шамасындағы жылпос қара бала көзі таңылған Беріктің оң жақ қолының тұсына, бетон еденге қаңылтыр тәлеңкені «тарс» еткізіп қойды. Қолына қалайы қасықты алған ол соның сабымен білектегі күре тамырдың үстінен қатты батыра, кескенге ұқсатып сызып жіберді.      Камера тұрғындарының бәрі жым-жырт үнсіз қалып, айналада өлі тыныштық орнап үлгерді...        Сол арада оң аяғын сылтып басатын, соған орай «хромой» кличкалы Алик атты орыс жігіті темір шәйнекке дайындап қойған суын жаңағы тәліңкеге сыздықтата құя бастады. Сылдыр-сылдыр етіп аққан судың даусы Алик бар болғыры шәйнекті жоғарырақ көтере түсіп құйған сайын, тып-тыныш камерадағы сырылдаған су даусы қатая түсті. Беріктің нардағы басы екі жаққа кезек қалта
Тегтер: