Сараптама

Сакурамен қатар «гүлдеген» каолин: Байбек билікпен келісімге келді ме?

Жақында Ақмола облысының Зеренді ауданында Qazaq Kaolin тау-кен байыту комбинаты іске қосылды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жобаға 12 млрд теңге инвестиция салынған.

Байбек

 Кәсіпорын жылына 230 мың тонна шикізат өңдеп, 90 мың тоннаға дейін байытылған каолин шығаруды көздеп отыр. Компанияның құрылтайшылары қатарында Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбек бар. Бірақ бұл жолғы жаңалықтың ең назар аударар тұсы – комбинаттың іске қосылуы ғана емес. Компания сайтындағы мәліметке қарағанда, Qazaq Kaolin директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Бауыржан Байбектің өзі көрсетілген.

Қаңтар оқиғасынан кейін саяси сахнадан жоғалып, бірде Германиядан, бірде Жапониядан бой көрсеткен бұрынғы әкімнің аяқ астынан Қазақстандағы ірі өнеркәсіп жобасының басына келуі қоғамда түрлі сұрақ тудырды. «Ескі Қазақстанның» бір бөлігі саяси мінберден кеткенімен, енді инвестиция, өндіріс, өнеркәсіп арқылы қайта орала бастады ма? Байбек әулеті қазіргі билікпен мәмілеге келді ме? Қоғам енді осы сұрақтарды қызу талқылай бастады.

Байбек
Б. Байбек. / Фото: instagram.com/bakordamems

12 млрд теңгелік жоба, каолин және Байбек

Qazaq Kaolin ЖШС Алексеев каолин кен орны негізінде жұмыс істейді. Ресми хабарламада бұл жоба байытылған каолин өндіруге бағытталғаны айтылды. Компанияның бас директоры Марат Хасеновтың айтуынша, фабрика жылына 230 мың тонна шикізатты өңдеп, 90 мың тоннаға дейін байытылған каолин шығаруға қауқарлы. Бұдан бөлек, жоба аясында төрт түрлі фракциядағы кварц құмын өндіру де қарастырылған. Жабдықтар Германия, Қытай және Ресейден жеткізілген. Құрылыс жұмыстарына Қарағандыдағы AsiArt компаниясы қатысқан. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 12 млрд теңге.

Кен орнында негізгі өндірістік нысандар салынып, технологиялық жабдықтар іске қосылған. Алғашқы сынамалық өнім де шығарылған. Толық қуатқа шығу 2026 жылдың шілдесіне жоспарланып отыр. Кәсіпорында қазір 50-ден астам адам жұмыс істейді, ал толық іске қосылған соң қызметкерлер саны 90 адамға дейін жетпек.

Сөз арасында айта кетейік, каолин – медицина саласында, оның ішінде дәрі-дәрмек жасау, косметология, өнеркәсіп, құрылыс саласына пайдалануға болатын, тау жынысынан алынатын саз балшық.

Бір қарағанда, бұл – өңір үшін пайдалы өндірістік жоба. Жұмыс орны ашылады, бюджетке салық түседі, жергілікті инфрақұрылым жаңарады. Әкімдік те осы жағын алға тартады. Компанияның энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға 650 млн теңге инвестиция салғаны, трансформаторлық қосалқы станция қуаты үш есеге артқаны айтылды. Алайда бұл өндірістік жаңалықтың саяси астары бар. eGov деректеріне сәйкес, Qazaq Kaolin компаниясының құрылтайшылары қатарында Қыдырғали Байбек пен Бекзат Керімбай бар. Қыдырғали Байбек – Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі. Ал Бекзат Керімбайдың аты Байбек әулетіне қатысты басқа құрылымдармен де байланысты аталады. Отандық БАҚ-тың жазуынша, ол Астанада тіркелген Aray Media Group корпоративтік қорын басқарған, ал бұл қордың құрылтайшысы ретінде Бауыржан Байбектің әпкесі Айгүл Байбек көрсетілген. Одан да маңыздысы – Бауыржан Байбектің өзі Qazaq Kaolin директорлар кеңесінің төрағасы ретінде көрінуі. Яғни бұл жерде әңгіме тек әкесінің компаниясы туралы емес. Бауыржан Байбек бұл жобада саяси тұрғыдан да, корпоративтік тұрғыдан да көрінді.

Назарбаев пен Байбек
Назарбаев пен Байбек. Фото: ашық дереккөз

Әкесінің сыныптасына адал «тиін әкім»

Бауыржан Байбек – Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінде күрт көтерілген кадрлардың бірі. Ол «Болашақпен» шетелде оқыды, президент әкімшілігі жүйесінде, кейін Nur Otan партиясында қызмет атқарды, 2015-2019 жылдары Алматы қаласының әкімі болды. Сол тұста ол жас, батысша білім алған, урбанистік ойлауы бар жаңа буын шенеунігі ретінде көрінді. Бірақ ол қоғамда басқа қырынан есте қалды.

Байбек Алматы әкімі болған жылдары қалада даулы шешімдер көбейді. Трамвай желісінің тоқтауы, BRT жобасы, веложолақтар, қаланың ортасындағы көлік қозғалысын өзгерту және басқа да қоғамдық кеңістікке қатысты шешімдері жиі сынға ұшырады. Әкімдік мұның бәрін қаланы жаңғырту, қоғамдық көлікті дамыту, еуропалық стандартқа көшу деп түсіндірді. Алайда тұрғындардың көпшілігі бұл жобалар халықпен ақылдаспай, күштеп жүргізілді деп санайды.

Байбектің атымен байланысты ең танымал символдың бірі – қала орталығына қойылған сабан тиін. Әкімдік оны Алматы экологиясының белгісі ретінде түсіндіргенімен, қоғамда бұл мүсінге жұмсалған қаржы көп талқыланды. Содан кейін Байбекке «тиін әкім» деген лақап жабысты. Бұл жай ғана әзіл емес еді. Ол сол кезеңдегі қалалық саясатқа, бюджет жұмсауға және халық пікірімен санаспауға қатысты қоғамдық наразылықтың символына айналды.

Тағы бір даулы шешім – Алматыдағы Фурманов көшесін Нұрсұлтан Назарбаевтың атына беру. Бұл шешім де қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Байбек бұл арқылы Н.Назарбаевқа адалдығын ашық көрсетті. Бірақ Қаңтар оқиғасынан соң Б.Байбек саясат сахнасынан жоғалды.

Байбектің мансап жолында әкесі Қыдырғали Байбектің аты жиі аталады. Қыдырғали Байбек – Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы әрі жақын адамы. Бауыржан Байбектің билікте жылдам өсуіне осы әсер етті деген пікір бар.

Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев дәуірінің бірқатар өкілдері биліктен шеттетілді, кейбірі қылмыстық істерге ілікті, енді бірі елден кетті. Сол кезде қоғам Байбектің тағдыры не болады деп күткен. Өйткені ол тек бұрынғы әкім ғана емес, Назарбаев жүйесінің саяси символдарының бірі еді. Бірақ Байбекке қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ. Қаржылық мониторинг агенттігі, Антикор және полиция жергілікті БАҚ сұрағына берген жауаптарында оған қатысты қылмыстық іс жоқ екенін мәлімдеді.

Соңғы уақытта Байбек көпшілік алдына сирек шығып жүр. Бірде Меккеде қажылықта жүрсе, енді бірде Германияда еуропалық пианист Эвелинда Тренкнердің бюстін орнатуға демеушілік жасағаны сөз болды.

Былтыр Байбектің Жапонияда жүргені белгілі болды. Әлеуметтік желідегі пабликтер «Байбек сакура гүлдеуін көруге барды» деп жазды. Бұл да символикалық көрініс сияқты. Ел арасында «Қаңтар оқиғасынан кейін жоғалған Байбек сакура гүлдеген кезде бой көрсетті» деген сөз желдей есті.

Қыдырғали Байбек
Фото: Жас Алаш коллаж

Байбек әулетінің бизнесі қандай?

Бауыржан Байбек ресми түрде ірі компаниялардың құрылтайшысы ретінде көрінбейді. Бірақ оның отбасы мүшелерінің бизнес активтері туралы бұған дейін бірнеше рет жазылды. Әкесі Қыдырғали Байбек, шешесі Алтынай Күнғалиқызы, әпкесі Айгүл Байбек, жұбайы және бұрынғы жұбайына қатысты компаниялар туралы оқтын-оқтын сөз болады.

Қыдырғали Байбекке қатысты ең көп айтылатын активтердің бірі – элиталық жылжымайтын мүлік. Бұған дейін ашық деректерде оның Алматыдағы Esentai Apartments кешенінде, «Таң нұры» тұрғын үй кешенінде, Астанадағы Green Village кешенінде пәтерлері бар екені жазылды. Бұл мүліктердің бір бөлігі Бауыржан Байбек Алматы әкімі болып тұрған кезеңде сатып алынғаны да қоғам назарын аударған. Сондай-ақ Қыдырғали Байбекке «БЦ Нұр Тау», «БЦ Нұрлы Орда» сияқты бизнес орталықтар тиесілі екені айтылды. Бұл компаниялар мемлекеттік мекемелерге кеңсе жалға беріп, мемлекеттік келісімшарттар жасаған.

Соңғы жылдары Қыдырғали Байбек бірнеше сот процесіне қатысуға мәжбүр болды. Атап айтқанда, Астана қаласындағы Aulet тұрғын үй кешенінде заңсыз есік орнату ісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 51 750 теңге айыппұл төледі. Бұл іс ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 463-бабы (тіркеусіз кәсіпкерлік қызмет) және 319-бабы (заңсыз құрылыс) бойынша қаралды. Сонымен қатар 2023 жылы ол 28 млн теңге қарыз және 1,8 млн теңге өсімпұл өндіру жөнінде азаматтық сот ісіне қатысты.

Байбек әулетінің кино және медиа саласындағы активтері де бар. Айталық, Айгүл Байбекке тиесілі делінетін Aray Media Group Disney және Sony Pictures студияларымен жұмыс істеп, фильмдерді қазақ тіліне аударумен айналысқаны, «Дос-Мұқасан», «Қаныш» сияқты киножобаларға қатысқаны белгілі. Бұл компаниялар мемлекеттік қаржыландыру алғаны туралы да деректер бар.

Байбектің анасы мен әпкесіне қатысты мейрамхана бизнесі, консалтинг компаниялары, құрылыс және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар да аталады.

Байбек
Фото: ЖИ / Жас Алаш коллаж

Qazaq Kaolin қандай компания?

Қыдырғали Байбек Qazaq Kaolin компаниясы құрылтайшыларының бірі екенін айттық. Бұл кәсіпорын Ақмола облысында 2014 жылдан бері минералды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жұмыс істейді. Кәсіпорын Көкшетаудан 40 км қашықтықта орналасқан Алексеевка кен орнынан каолин өндіреді. Бұл – әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Statsnet мәліметі бойынша, компанияның 2024 жылғы қаржы айналымы 8 млрд теңгеден асқан. Ал былтырғы қаржысы 3 млрд теңгеге жуық. Adata-ның мәліметінше, компанияның 2024 жылы төлеген салығы 100 млн теңгеге жуық болса, былтыр қазынаға аударған ақшасы – бар-жоғы 190 млн теңге.

2023 жылы компанияның қаржы айналымы 10 млрд теңгеден асып, бюджетке 741 млн теңгеден аса салық төлеген компания соңғы жылдары құлдырай бастады ма, әлде мұның басқа себебі бар ма, ол жағы әзірге беймәлім.

Байбектердің бизнесі, кәсібі, қаржы көзі туралы бұған дейін «Жас Алаш» «Байбек. Сакура гүлдегенде» деген көлемді зерттеу мақала жариялаған.

Қазыбек Бейсебаев

Қазыбек БЕЙСЕБАЕВ, саясаттанушы: Байбек бизнес арқылы саясатқа қайта келуі мүмкін

– Біріншіден, Байбекке қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ. Оны жақсы көреміз бе, жоқ па, ол – басқа мәселе. Қазақстан азаматы ретінде елде бизнеспен айналысуға оның толық құқығы бар. Егер Байбектер отбасы бір кәсіпорын ашса, жұмыс орны қоса ашылады, ол мемлекетке пайда. Сондықтан бұдан ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын. Олардың ақшасы болғандықтан бизнес ашқан шығар.

Алайда мәселенің екінші жағы бар. Ол біраз уақыт шетелде жүрді, саяси сахнадан көрінбей кетті. Оған дейін шенеунік ретінде бірқатар жоғары қызметтер атқарды. Енді бизнес арқылы саясатқа келемін десе, оған да құқығы бар. Себебі ол – саяси кадр. Тәжірибесі бар. Партия басқарды, әкім болды. Осыдан кейін мынадай ой туады: бізде жақында сайлау өтеді. Ал Бауыржан Байбектің оған өзі қатысуға немесе біреуді жіберуге жағдайы бар. Сондықтан мұндай болжамға таңғалуға болмайды. Қала берді, оның саяси сайысқа түсуіне кедергі жоқ. Бәлкім, ескі Қазақстан өкілдері осындай жолмен «реванш» алғысы келетін шығар, кім білсін...

Соңғы жылдары Бауыржан Байбек елден тысқары жүрді. Себебі ол –Назарбаевтың адамы. Оның екі сөзінің бірінде «елбасының арқасы» дейтін. Назарбаев дәуірі аяқталған соң ол да шетел асты. Мәселен, Назарбаевқа қатысты да іс қозғалған жоқ қой. Керісінше, көзі тірі болса да Алматыда Назарбаев көшесі бар. Павлодардағы ең үлкен көше де Назарбаевтың атында. Басқа қалаларда да сондай. Назарбаевқа келгенде заң жұмыс істемейді. Сондықтан, бәлкім, «ескі Қазақстан» қайтадан күш жинап жатқан болуы әбден мүмкін.

Байбек
Бауыржан Байбек. Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Активтерді қайтару ма, әлде инвесторды қорғау ма?

Заңсыз алынған активтерді қайтару науқаны жүріп жатқалы төрт жылдан асты. Ол үшін Бас прокуратура жанынан арнайы комитет те құрылды. Бірқатар ірі бизнесмендер мен бұрынғы ықпалды тұлғалар мемлекетке заңсыз активтерді қайтарды, біразы істі болды, енді бірқатары жаңа ережемен жұмыс істеуге көшті.

Бірақ уақыт өте келе бұл науқанның сипатына сын айтыла бастады. Өйткені кімнен қанша заңсыз актив қайтарылғаны жұмбақ боп қалды. Осыдан кейін «Кімнен нені қайтарып алғаны неге жұмбақ? Активтерді қайтару талабы бәріне бірдей ме? Тиісуге болмайтын таңдаулы топтар бар ма?» деген заңды сұрақтар туындады. Бұл туралы да «Жас Алаш» «Сұрыптап іздеудің соңы: Қайтқаны бір мысқал, қайтпағаны...» деп аталатын ауқымды зерттеу мақала жариялады.

Qazaq Kaolin жобасының іске қосылуын «Бауыржан Байбектің реабилитациясы» деп қарауға бола ма? Байбек қазіргі билікпен келісімге келді ме? Байбек қай санатқа жатады: активтерді қайтаруға ма, әлде инвесторды қорғауға ма?

Тұрсынбек БАШАР

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз