«Ойға тұсау, сөзге кісен»: Қылмыстық кодекстегі 274-бап «саяси құрал» ма?
Сәуір айының аяғында халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымының жыл сайынғы сөз бостандығы рейтингі жарияланды. Бұл тізімде Қазақстан 180 елдің ішінде 149-орында тұр. Былтыр 141-орында болғамыз, демек бір жылда сегіз саты кейін сырғыдық. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес, сөз еркіндігі индексінде Қазақстан Солтүстік Корея, Иран, Қытай сияқты мемлекеттермен бір қатарда тұр...
3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Дәл осы айтулы дата алдында жарияланған рейтингтегі нәтижеміз нашар. Одан да маңыздысы – жыл сайын кері кетіп бара жатқанымыз. 2005 жылы – 112, 2025 жылы – 141, ал 2026 жылы – 149-орын тиіпті. Негізі бұл көрсеткіш жыл сайын жақсарып, сөз бостандығы еркін елдердің қатарына қосылсақ жарасар еді. Алайда...
Қазақстанда сөз бостандығы шектеулі екенін тәуелсіз сарапшылар мен халықаралық ұйымдар бұрыннан айтып жүр. Бірақ мемлекеттік органдар мен билікке жақын жүретін мамандар бұл пікірмен келіспейді. Билік өкілдері «Қазақстанда сөз бостандығы сақталады, әркім өз ойын ашық жеткізуге құқылы» дегенді жиі айтады. Мысалы, мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Жас Алаш» тілшісіне берген сұхбатында «елде сөз бостандығы шектен шығып кетті» деген-ді.
«Депутат ретінде біздің елде сөз бостандығының деңгейі керемет деп есептеймін. Кітаптар шығып жатыр, кино түсіріліп жатыр. Газет шығып, сайттар істеп тұр. Әлеуметтік желілер бұғатталған жоқ. Менің ойымша, керісінше, бізде сөз бостандығы тым артықтау, адамдардың мәдениеті жетпей жатады», – деген еді А.Сарым.
Бірақ мәжілісменнің бұл пікірімен келіспейтіндер көп. Билік сөз бостандығын шектейтін тәсілдерді меңгеріп алған. Шенділер көңіліне жақпаған пікірді «ұлттық, нәсілдік араздықты қоздырды», «мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірді» немесе «жалған ақпарат берді» деген желеумен ауыздықтап қояды. Әсіресе жоғарыдағылардың былығын бетіне басып, кемшілігін көрсеткен белсенділерді екіұшты заң тармақтарына сүйеніп, жауапқа тартуға әуес.
Сарапшылар кейінгі жылдары тәуелсіз журналист, блогер немесе белсенділерге қысым бұрынғыдан күшейіп кеткенін айтады. «Араздық қоздыру», «жалған ақпарат тарату», «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» деген сияқты баптармен белсенділердің аяғына тұсау салынған. Бұл баптар билік үшін қажет кезде, керек жерден табылатын құралға айналып барады.
Тіпті Конституцияның өзіне сөз бостандығын шектеуі мүмкін екіұшты талап қосылды. Қазір қолданыстағы Ата заңның 20-бабында: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Әркім заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқылы», – деп жазылған. Бұрын бұл бап 3 тармақтан ғана тұратын. Таратуға болмайтын ақпараттар тізімінде мемлекеттік құпияға жататын, елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, ұлтаралық араздық қоздыратын және зорлық-зомбылыққа шақыруға тыйым салатын тармақтар ғана бар еді.
Ал биыл жаңа Конституция бойынша шектеу біршама көбейді. Қазір сөз еркіндігіне қатысты 23-бап алты тармақтан тұрады. «Сөз еркіндігіне кепiлдiк берiледi, цензураға тыйым салынады» деп жазылғанымен, 4-тармақта «Сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс» деп тұр.
Сарапшылар айтып жүрген «мәні бұлыңғыр, екіұшты» талаптар – осы. Мысалы, «қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеу» деген сөздің астары тым түсініксіз. Мамандар осы талап сөз еркіндігін шектеуге таптырмас құрал болуы мүмкін деп болжайды. Яғни билік қырына алған азаматтың сөзінен «араздық қоздыратын» немесе «жалған ақпарат» таба салуы мүмкін. Қажет болса, филологиялық сараптама арқылы кез келген сөзді өздері қалағандай тәпсірлей салады.

274-бапқа қарсылық
Дәл осындай «ойға тұсау, сөзге кісен» болған шектеулердің бірі – ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы (көрінеу жалған ақпарат тарату). Бұл бап бойынша кінәлі азаматқа мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Егер жалған ақпарат қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтардың немесе ұйымдардың құқығына, мемлекеттің мүддесіне елеулі зиян келтіру қаупін тудырса, кінәлі адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
«Жалған ақпарат тарату» бабы 2015 жылы 1 қаңтардан бастап Қылмыстық кодекске енген. Содан бері оппозициялық белсенділер, тәуелсіз журналистер мен блогерлерді қоса есептегенде жүзден аса азамат осы баппен істі болып, қылмыстық жауапқа тартылған.
Сарапшылар бұл бапты «сөз еркіндігін шектеу құралы» деп атап жүр. Мамандар 274-бапты «қоғамдық сынды тұншықтырып, журналистер мен белсенділерді қылмыстық қудалау қаупін туғызады әрі шамадан тыс саясиланған» деп бағалайды. Өйткені бұл баптың анықтамасы тым жалпылама болғандықтан, ол бойынша адамға кінә тағу оп-оңай. Кез келген сөзді «жалған» деп тани салуға болады. Оған тіпті сарапшының да қажеті шамалы. Ал халықаралық ұйымдар «Қазақстан билігі бұлыңғыр қылмыстық айыптауларды көп қолданады» деп санайды. Мысалы, БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі «бұл бапта нақты түсінік жоқ, адам құқығына келгенде заң болжам жасайтындай емес, нақты болуы керек. Заң талабы қарапайым азаматтың өзі нені істеуге болатынын не болмайтыны түсінікті болатындай жазылуы қажет» деп мәлімдеген.
Құқық қорғаушылар кейінгі кезде 274-бап журналистердің кәсіби жұмысын атқаруына кедергі келтіретін тетікке айналып бара жатқанын айтады. Мысалы, биыл жыл басынан бері бірнеше журналист пен блогерге «көрнеу жалған ақпарат таратты» деген айып тағылды. 20 наурызда журналист Ботагөз Омарова тергеуге шақырылған, кейін үйқамаққа жіберілді. 30 наурызда блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан ұсталды, оған қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Сондай-ақ Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенова мен ҚазТАГ агенттігінің редакторы Әмір Қасенов бірнеше айдан бері үйқамақта отыр. ҚазТАГ директоры Әсем Матаевқа да осы бап бойынша іс қозғалған. Бірақ кейін істің оған қатысты бөлігі тоқтады.
Осыған орай журналистер қауымы, заңгерлер, құқық қорғаушылар «жалған ақпарат» туралы бапты Қылмыстық кодекстен алып тастауды ұсынды. Атап айтқанда, былтыр желтоқсанда да заңгерлер мен журналистер тобы Қылмыстық кодекстегі «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабын әкімшілік кодекске көшіріп, ізгілендіруді талап етіп, петиция жариялаған. Ал биыл сәуір айының басында оннан аса қазақстандық журналист ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Қылмыстық кодекстен 274-бапты алып тастауды сұрады. Олар бұл бап «журналистерге қысым жасау құралы ретінде қолданылатынын» айтқан.
Жақында, 22 сәуір күні бір топ журналист баспасөз жиынын өткізіп, «көрінеу жалған ақпарат таратуды» Қылмыстық кодекстен алып тастауды және Қылмыстық кодекстің 274-бабын қайта қарауды ұсынды. Жиында сөз алған спикерлер «аталған бап өте бұлыңғыр жазылғанын және қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін ақпаратты ажырататын нақты критерий болмағандықтан, журналистер мен белсенді қолданушыларды қудалаудың құралына айналып кеткенін» айтты. Журналистер осы баптың алғашқы екі бөлігін декриминализациялауды, сол бөлікті Әкімшілік кодекске ауыстыруды ұсынады.
Баспасөз жиынына қатысқан спикерлер 274-бап бойынша күдікке ілінген журналистер де-факто сот үкімі оқылғанға дейін жазаға ұшырайтынын мәлімдеді, яғни олар үйқамаққа алынып, кәсіби міндеттерін орындаудан шеттетіледі. Журналист Лұқпан Ахмедьяров кейінгі 15 жылда Қазақстандағы құқық қолдану тәжірибесі айтарлықтай өзгергенін айтады. Бұрын журналистерді жауапкершілікке тарту нақты тәртіппен жүзеге асатын, алдымен сотқа дейінгі талап-арыз жолданып, кейін іс азаматтық-құқықтық тәртіппен қаралатын. Ал қазір журналистердің өзін қорғау мүмкіндігі шектеліп барады.
«Өкінішке қарай, қазір журналистің кінәсін анықтау мен сараптама жасау құқығы полицияға берілген. Оның үстіне бұл міндетті тергеуші емес, қарапайым учаскелік инспектор да атқара береді. Ол 274-бап бойынша келіп, журналисті жауапқа тарта алады. Тіпті жауапкершілікке тартудан бұрын адамды «қорқытып-үркіту», қысым көрсету жағдайлары жиі кездеседі. Яғни шақырту қағазынсыз полиция бөлімшесіне жеткізу, аса қауіпті қылмыскердей ұстау, шоттарын бұғаттау, дереу тінту жүргізу әрекеттері жасалады», – дейді Ахмедьяров.

Назира ДӘРІМБЕТ, журналист: Бұл бап журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіруі мүмкін
– Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 274-бабы іс жүзінде сөз бостандығын шектеу құралына және журналистерге қысым жасау тетігіне айналып барады. Қазір бұл баптың қолданылуы алаңдаушылық туғызып отыр. Өйткені «көрінеу жалған ақпарат тарату» және «қауіп тудыру» ұғымы нақты әрі айқын анықталмаған, бұл оны әртүрлі түсіндіруге мүмкіндік береді.
Соның салдарынан бұл бап журналист, блогер, белсенділерге жалпы азаматтық қоғам өкілдеріне қысым көрсету құралына айналды. Олар өз пікірін ашық айтуда сақ болуға мәжбүр. Ал ақпараттың жалған екенін анықтау тек соттың құзырында болуы тиіс, алайда бүгінде іс жүзінде тергеу органдарының субъективті бағалауының өзі қылмыстық істі бастауға жеткілікті.
Бұл бап бойынша журналистердің жауапқа тартылуы жиілеп, олардың кәсіби қызметіне кедергі келтіретін жағдайлар көбейген. Бұл өз кезегінде өзін-өзі цензуралауға әкеліп, қоғамның маңызды ақпарат алу құқығына кері әсер етеді. Сондықтан біз әріптестерімізбен бірге тиісті мемлекеттік органдардан Қылмыстық кодекстің 274-бабын қайта қарауды талап етіп, баспасөз мәслихатын өткіздік. Атап айтқанда, «қауіп тудыру» ұғымын нақтылау, сондай-ақ баптың жекелеген бөліктерін қылмыстық емес, әкімшілік құқықбұзушылық санатына ауыстыруды ұсындық. Қылмыстық Кодекстің 274-бабы бірінші бөлігінің диспозициясын қоғамдық тәртіптің нақты бұзылуы мен нақты зиян келтіру фактісінсіз «қауіп тудыру» тұжырымдамасын қолдану бөлігін заңнамалық деңгейде қайта қарауға, сондай-ақ 1 және 2-бөліктерін әкімшілік құқықбұзушылықтар қатарына енгізу мүмкіндігімен декриминализациялау керек деген бастама көтердік.
Сөз бостандығы мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін құқық қолдану практикасын айқындау және заңнаманы жетілдіру маңызды деп ойлаймын. Егер бұл норма өзгермесе, ол алдағы уақытта да тәуелсіз журналистика мен қоғамдық пікірді шектеудің құралы болып қала береді.
Бұл бап журналистердің кәсіби қызметіне бірнеше тұрғыдан кедергі келтіруі мүмкін. Біріншіден, құқықтық жауапкершілікке тартылу қаупі журналистер арасында өзін-өзі цензуралауды күшейтеді.
Екіншіден, қоғамдық маңызы бар, бірақ даулы тақырыптарды зерттеу мен жариялау қиындайды.
Үшіншіден, ақпарат көздері де қысымнан қауіптеніп, журналистермен ашық сөйлесуден бас тартуы мүмкін. Соның нәтижесінде қоғамның толық әрі объективті ақпарат алу мүмкіндігі шектеледі.
Сөз бостандығы – демократиялық қоғамның негізі. Мемлекетте сөз бостандығы бұзылса, азаматтардың басқа құқықтары да оңай бұзылады. Мұндай елде азаматтар елдің ертеңіне сенбейді. Ал сөз бостандығы сақталған елде азаматтар мемлекет пен қоғамға қатысты өз ойын ашық айта алады. Бір сөзбен айтқанда, сөз бостандығы қоғамның демократиялық дамуына, адам құқығының қорғалуына және елдің экономика деңгейіне тікелей әсер етеді.
Ғасыр басында ЮНЕСКО зерттеу жүргізіп, елдегі сөз бостандығы мен жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі тікелей байланысты екенін анықтаған. Яғни журналистер жұмысында шектеу неғұрлым аз болса, мемлекет соншалық бай, ал керісінше болса, мемлекет соншалық кедей деген сөз.
Әкімшілік кодексте де жалған ақпарат таратуға қатысты бап бар. «Жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату» (456-2-бап) деп аталады. Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған азамат айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады. Демек жалған ақпарат таратуға қатысты гуманистік заң бар. Ендеше, бұл әрекетті Қылмыстық кодекске де қосып, азаматтардың жазасын қатаңдатудың қажеті қанша?
Сарапшылар 274-баптан бөлек, Қылмыстық кодекстегі 174-бап (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық немесе дiни алауызды қоздыру) пен 405-бапты (Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу) «саяси баптар» деп санайды. Бұларға ортақ ерекшелік – нақты әрі бірізді түсініктің жоқтығында. Яғни нақты ненің көрнеу жалған ақпарат екені немесе ненің ұлттық алауыздық қоздыру екенін мамандардың өзі дөп басып айта алмайды.
Қуаныш Қаппас