Еуропа алдағы екі жылда Ресей НАТО еліне шабуыл жасауы мүмкін деп болжайды
Еуропа елдерінің үкіметтері Ресей НАТО-ның беріктігін сынап, алдағы екі жыл ішінде альянсқа мүше мемлекеттердің біріне соққы жасауға тырысуы мүмкін деп есептейді.
Бұл туралы Politico басылымы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Брюссельдегі сарапшылардың пікірінше, Кремль үшін «мүмкіндіктер терезесі» дәл қазір ашық. Мұның екі негізгі себебі бар. Біріншіден, АҚШ-та билік алдағы екі жыл бойы Дональд Трамп қолында болады, ал ол соңғы уақытта НАТО бойынша одақтастарына наразылық танытып, оларды қорғауға толық кепілдік бермей отыр. Екіншіден, Еуропа Одағы елдерінің қорғаныс әлеуетін күшейтуге бағытталған шаралары тек 2030 жылға қарай нақты нәтиже беруі мүмкін.
Басылым дереккөздерінің бірі Еуропадағы алаңдаушылықты былай түсіндіреді: егер қараша айындағы Конгресс сайлауында республикашылдар әлсіз нәтиже көрсетсе, Трамп НАТО мен Еуропаға қысымды күшейтуі мүмкін, ал Владимир Путин осы жағдайды өз пайдасына пайдалануы ықтимал.
Сонымен қатар, Брюссельде бұл сценарийді шындыққа жанаспайды деп санайтындар да бар. Олардың пікірінше, Ресей Украинадағы соғыстан әлсіреген және «екінші майдан» ашуға қауқарсыз.
Еуропарламенттің халықаралық істер комитетінің мүшесі Мика Аалтола тікелей шабуылдан гөрі гибридті сценарий ықтималы жоғары екенін айтады. Мәселен, Ресей шекара маңында арандату жасап, НАТО-ның Бесінші бабын іске қосу мәселесінде альянс ішінде алауыздық туғызуға тырысуы мүмкін. Бұл арқылы Кремль АҚШ-пен тікелей қақтығыстан қашып, Украинаны қолдайтын еуропалық елдерге қысым көрсетуді көздеуі ықтимал.
Аалтоланың айтуынша, мұндай әрекеттер Балтық теңізінде немесе Арктика аймағында дрондарды қолдану арқылы жүзеге асуы мүмкін. Егер толыққанды басқыншылық болмаса, АҚШ мұндай жағдайды аса маңызды деп бағаламауы және Таяу Шығыстағы жағдаймен айналысып жатқан тұста Еуропаға Ресеймен келіссөз жүргізуді ұсынуы ықтимал.
Дегенмен ресми бағалауларда тікелей әскери қақтығыс ықтималдығы төмен күйінде қалып отыр.
«Мен мұның ықтималдығы өте төмен деп есептеймін. Путиннің мұндай әрекеттерінің өз шегі бар, әсіресе нәтиже кепілді болмаса», – дейді НАТО-ның жоғары лауазымды дипломаты.
Еуропадағы қорғаныс мекемелерінің біріндегі дереккөз де Ресей ұзақ мерзімде Батыспен қарсыластыққа бейім болғанымен, қазіргі таңда Украинадағы соғысқа алаңдап отырғандықтан, НАТО елдеріне тікелей қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтады.
Эстония президенті Алар Карис те осыған ұқсас пікір білдірді. Оның айтуынша, Ресей қазір Украинадағы соғысқа толықтай жұмылған және Балтық елдеріне қарсы жаңа соғыс жүргізуге жеткілікті ресурсы жоқ. Соған қарамастан, мұндай сценарийді жоққа шығаруға болмайды және оған дайын болу қажет, өйткені кезінде «Украинада соғыс болады» деп ешкім күтпеген еді.