Қоғам

Салтанат Серікқызы, саясаттанушы: Адал азамат қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті

Биылғы оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептер, соның ішінде жекеменшік білім ордалары да «Адал азамат» атты біртұтас тәрбие бағдарламасына көшті. Бұл жай ғана атаудың өзгеруі емес, бұл – «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидасын қоғамның іргетасына айналдырудың стратегиялық қадамы.

Жастар практикасы

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығымен бекітілген бұл құжат бұрынғы «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының логикалық жалғасы. Алайда биылғы бағдарламаның ауқымы кеңірек. Енді тәрбие жұмысы тек мемлекеттік мектептермен шектелмейді. Жекеменшік сектордың да осы жүйеге енуі ел көлемінде бірізді идеологиялық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бағдарлама аясында мектептерде «Өнегелі 15 минут», ұлттық аспаптар үнімен қоңырау соғу және ұлттық ойындарды дәріптеу сияқты жаңа форматтар енгізілді. Сонымен қатар мектептің сыртқы келбетінен бастап ішкі мазмұнына дейін ортақ брендбук негізінде безендірілмек.

Осы бағдарламаның маңыздылығы мен іске асыру тетіктері туралы саясаттанушы-магистрант, Павлодар қаласының әкімдік қызметкері Салтанат Серікқызымен сұхбаттасқан едік.

– Салтанат, биыл «Адал азамат» бағдарламасы ресми күшіне енді. Оның бұрынғы жоспарлардан басты стратегиялық айырмашылығы неде?

– «Адал азамат» жобасының басты фокусы – кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және заңға бағынатын мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру. Бұл жоба аясында шаралар тек қағаз жүзінде емес, заманауи форматтарда диалог алаңдары, театрландырылған қойылымдар, квиздер мен дебаттар түрінде өтеді. Ең басты жаңалық – бағдарлама бақылаудың мүлдем жаңа деңгейіне көшті. Соған байланысты арнайы медиа-жоспар әзірленді, ол арқылы 2026 жылға арналған жұмыстардың жүйелі бағыт-бағдары айқындалды.

– Алғаш рет жекеменшік мектептер де бұл бағдарламаға міндеттелді. Әкімдік өкілі ретінде айтыңызшы, осы процесті қалай үйлестіріп жатырсыздар?

– Жекеменшік мектептер – біздің білім беру жүйеміздің үлкен сегменті. Бірақ құндылықтар бөлінбеуі тиіс. Әкімдік жанындағы ішкі саясат және білім басқармалары бұл мектептерге әдістемелік қолдау көрсетіп, мониторинг жүргізеді. Біз оларды «бақылаушы» ретінде емес, ортақ мақсаттағы серіктес ретінде көреміз. Бірыңғай брендбук пен мазмұндық жоспар барлық балаға тең тәрбие алуға мүмкіндік береді.

– Әкімдік тарапынан мектептердегі буллингтің алдын алу және «Қауіпсіз қоғам» жобаларына қандай нақты қолдаулар көрсетіледі?

– Әкімдік тарапынан жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында «Заң және Тәртіп» идеологиясы белсенді ілгерілетілуде. Бұл – азаматтық жауапкершілікті нығайту мен девиантты мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыс. Біз тек мектептерде емес, колледждер мен университеттерде де прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі, полиция және адвокатура өкілдерімен бірлесіп ашық лекциялар мен семинарлар өткіземіз. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдардың сарапшыларымен бірге арнайы кеңес беру рейдтері де ұйымдастырылып тұрады.

– Саясаттанушы ретінде айтыңызшы, мектеп қабырғасындағы «адал еңбек – адал табыс» қағидасы 10-15 жылдан кейін Қазақстанның саяси-әлеуметтік бет-бейнесін қалай өзгертуі мүмкін?

– Бұл – саяси мәдениеттің трансформациясы. Бүгінгі мектеп оқушысы 15 жылдан кейін әр салада қызмет ететін маман болады. Егер біз оның бойына «табысқа тек еңбекпен және адал жолмен жетеді» деген түсінікті сіңірсек, біз сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін, құқықтық сауатты, жауапты азаматтық қоғамға айналамыз. Бұл мемлекеттік аппараттың сапасын арттырып, демократиялық институттарды нығайтады.

Адал еңбек пен адал табыстың қадірін білетін, заңға бағынатын әрі мемлекетшіл азамат тәрбиелеу – тек мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Өйткені бүгін мектеп партасында отырып «Адал азамат» бағдарламасымен оқыған бала – ертеңгі Әділетті Қазақстанның басты капиталы.

Жалпы, «Адал азамат» – бұл тек ұран немесе жоба емес, ол қоғамның сапасын айқындайтын негізгі құндылық. Адалдық, жауапкершілік, әділдік сияқты қасиеттер әрбір адамның бойынан табылған кезде ғана мемлекет дамып, сенімге негізделген қоғам қалыптасады. Сондықтан «Адал азамат» идеясы – әркімнің өзінен басталатын өзгеріс. Егер біз күнделікті өмірде шынайылық пен әділдікті ұстансақ, онда бұл бастама нақты нәтижеге айналады. Адал азамат қалыптастыру – тек мемлекеттік саясаттың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Негізінде, әрбір азамат заңды құрметтеп, өз міндетіне жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана әділетті әрі өркениетті мемлекет құру мүмкін болады. Бұл бағыттағы бастамалар ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Адал азамат болу әрқайсымыздың қолымызда. Бұл үлкен реформалардан емес, қарапайым әрекеттерден басталады. Сондықтан әрқайсымыз қоғамға қандай үлес қосып жүргеніміз туралы ойлануымыз керек.

Cұхбаттасқан

Назерке АЛПЫСБАЙ

Тегтер: Адал азамат
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз