Саясат

Сапархан Омаров сатқын ба?

«Олар бәрін сатып жібереді»

Сапархан Омаров сатқын ба?

2019 жылдың басынан бері ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып келе жатқан Сапархан Омаров біз жиі айтатын «бабаларымыз ұлтарақтай жерді қасықтай қаны қалғанша қорғаған» деген сөзді өзінше түсінетін сияқты. Ол тіпті орасан инвестиция үшін де жер бермей отыр екен.

Қазақстанда сонау Канададан әкелінген ерекше тұқымды бидай егу үшін жер табылмайды дегенге сенер ме едіңіз? Әрине, Қазақстанда ештеңеге таңғалуға болмайды.

Инвестор тарту, сырттан қаржы әкелу мәселесі біздің шенеунік атаулы аузынан тастамай айтып жүретін әңгіме. Есеп берсе де, елмен кездессе де, қандай инвесторлармен жұмыс істеп жатқанын міндетті түрде айтады. Инвесторлар келеді-кетеді, бірақ олардың салып кеткен ғимараты, бастап кеткен бизнесі Қазақстанда қалады. Экс-президент Назарбаевтың осыған ұқсас сөзі бар еді ғой. Инвесторларға деген көзқарас қазір де бұдан көп алшақтай қойған жоқ. Демек, Қазақстанға инвесторлар керек.

Бұрын Қазақстан мұнайға, қазба байлықтарына бай деп мақтанатынбыз. Қазба байлық та, мұнай да қазақты жақын арада ұшпаққа шығара қояр түрі жоқ. Енді не қалды? Ғылым дамымады, заманауи техника ойлап таппадық… Ұлан-ғайыр жеріміз бар ғой. Соны пайдалану керек. Осы орайда, біраз ұран тасталып, шенеунік біткен іске кірісіп те кеткен. Бірақ 30 жыл ішінде өзін әлемге танытып, қарыштап дамығанын сәт сайын айтып, ұрандатып келген Отанымызда ол да оңай емес екен. Оның бір дәлелі – бизнесмен Марат Әбиевтің сөзі. ALIBEKOVKZ YouTube-арнасына берген сұхбатында ол 7 млрд АҚШ доллары тұратын инвестиция үшін ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтан ұлтарақтай жер ала алмай жүргенін айтыпты.

Оның айтуынша, «Болашақтың архитекторлары» деген арнайы жобаға инвесторлар 7 млрд АҚШ долларын бөлуге дайын отыр. Оны игеру үшін мемлекеттен көк тиын да қажет емес, тек бос жатқан жерден бөліп берсе болды.

Әбиевтің оқиғасын қысқаша баяндасақ, олар Канададан сыртқа экспортталмайтын бидай тұқымын көп әуремен Қазақстанға алып келіпті. Бұл тұқымнан құрғақшылыққа қарамастан, 35 центнерлік хай-про сапасындағы өнім алған. Бұл кәдімгі бидайдан 50 пайыз қымбат тұрады. Енді мұны егу керек. Әрине, инвесторлар мен бизнес ашамын деген адамға көмегін аямайтын ауыл шаруашылығы министрлігі жер берсе болды.

«Қазақстанның агроөнеркәсібін дамыту стратегиясы қандай болуы керек? Бәрін үш айдың ішінде егжей-тегжейлі қағазға түсірдік. Жобамызды халық көрсін деп арнайы фильм түсірдік. Ол фильмді еліміздің президенті байқапты. 14 қазанда бізге мемлекеттік хатшы инспектор хабарласып, жұмыс тобы құрылды деді. Сосын, ауыл шаруашылығы министрлігіндегі кездесуде министрдің орынбасары айтады, «сендер жер алғыларың келеді ғой, сонда?» Иә дейміз. «Әзірге жер жоқ» дейді. «Бәрін таратып қойдық». Әй, бұл қалай, Қазақстанда жер деген жетеді ғой. Қазақстанда 22 млн гектар егіс алқабы бар. Біз бесеуін ғана сұрап отырмыз. «Жер жоқ» деді. Біз басымызды салбыратып кетіп қалдық. Президент әкімшілігі де үнсіз қалды», – дейді Әбиев.      

Әбиев бұл жерде цифрдан сәл шатасып отырған сияқты. Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған 202 млн га жер бар. Мұны осыдан аз уақыт бұрын ғана Сапархан Омаровтың өзі айтқан және оның жартысына жуығы игерілмей жатқанын, енді соны игеру жолында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын әйгілеген. Болашақта жерді пайдалану және иемдену тәртібі оңай әрі жылдам жасалатынын жиі айтып жүрген Омаров жазда 2 млн га жерді мемлекет меншігіне қайтарып алғанын да мәлімдеген. Осы қыркүйекте ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында да жерді қайтарып алу мәселесі сөз болған.

«Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген латифундистер көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс. Үкімет пен парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес», – деген еді Тоқаев.

Бірақ министр Омаров бұл сөзді де өзінше ұққан сияқты. Яғни мемлекет меншігіне қайтқан жер де бос тұрмау керек. Игеру керек қой. Ал Омаров мырза министрліктің өзін «шөп қорыған ит» кебіне түсіргісі келетіндей. Игерілмеген соң жер жеке адамның иелігінде болды не, мемлекеттің иелігінде болды не, бәрібір емес пе?! Президент жолдауы шыға салысымен насихаттап ала жөнелетін, келесі жолдауға дейін екі сөзінің бірінде цитат келтіріп отыратын шенеуніктердің өзі жолдауды орындау тұрыпты, оны түсінбеді деген аса жақсы ат емес. Тоқаевтың жолдауын қойыңызшы, кейде осы өз айтқан сөздерін өздері түсіне ме екен деген де күмән пайда болады. Олай дейтініміз, министр Омаров жақында бос жатқан жерді игеру туралы мынадай сөз айтыпты: «Қазақстанда осы күні ауылшаруашылық жерлерінің жалпы көлемі – 202 млн га, оның ауылшаруашылық мақсатында 106,4 млн-ы пайдаланылуда, ал запастағы жер – 96,7 га. Көп жер әлі де жерді игерушілерге тиесілі емес. Біздің негізгі міндетіміз – бос жатқан жерлерді түгелдей экономикалық айналымға салу және оларды тиімді пайдалану».      

Былай қарасаң, бәрі оп-оңай: президент жолдауында айтты, министр де сол сөзді қайталап берді. Одан бөлек, бизнесті қолдау бар, цифрландыру, бюрократиялық кедергілерді жою, еститін мемлекет және т.б. толып жатқан бастамалар бар, бәрін жіпке тізіп келгенде мақсат түсінікті сияқты. Бірақ іс мүлде кереғар. Әбиев бұған тікелей министр Омаровтың өзін кінәлі деп есептейді. Өйткені латифундистерге оның да қатысы бар көрінеді.

 «Министр маған «Қазақстанда мүлдем жер жоқ» деді. Сол әңгімеден кейін мен цифрлық даму вице-министріне бардым, Азамат Батырқожа дегенге. Ол айтады, «екі және одан көп жыл бойы пайдаланылмай тұрған жерлер бар» деп. Заң аясында ол жерлерді латифундистерден тартып алуға болады екен. Латифундистерді біздің ауыл шаруашылығы министрі қорғаштап отыр. 2012 жылы министрдің әйелі мемлекетпен соттасқан екен. Мемлекет оның ауылшаруашылық мақсатындағы жерін қайтарып алмақ болыпты. Пайдаланылмай босқа жатқаны үшін. Бірақ оның жерін тартып ала алмады, жер әлі де министрдің әйелінің меншігінде тұр. 2016 жылы жаңағы министр жерді шетелдіктерге сату туралы заң жобасын әзірлеуге белсене қатысты. Ол сатқын. Сатқын керек пе бізге? Сапархан Омаров сияқты сатқындар министр болмауы керек. Біз осы министрді кетіруге тырысамыз. Мен халықты жемқорлардан қорықпауға шақырамын. Біз қорқып отыра берсек, олар жерімізді сыртымыздан сатып жібереді. Олар бәрін сатып жібереді», – дейді Әбиев.

Әбиев келтірген мәліметке сүйенсек, 2012-18 жылдар аралығында Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуға 12 млрд доллар инвестиция тартыпты. Жылына 2 млрд доллардан келеді. Ал енді 7 млрд долларды құюға дайын отырған инвесторларға жер табылмайды. Әбиевтің өзі де «Тоқаев фильмімізді көрді» депті ғой, бәлкім, бұл мәселе қараусыз қалмас деп сенеміз. Әйтпесе «жемқорлардың кесірінен адал жастар бизнесін жасай алмай жүргенін» мойындауға тура келеді.

Тегтер: Без Тега
Алмас Нүсіп
Алмас Нүсіп Алмас Нүсіп

Оқыңыз