Сарапшы цифрлық Құрылтайдың қалай жұмыс істеуі керегін түсіндірді
Цифрлық Құрылтайдың негізін заңнамалық бастамадан заң ретінде қабылдануына дейінгі бүкіл жолын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық заң жобасы картасы құрауы тиіс.
Бұл пікірді Алматыда өткен «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» атты сараптамалық алаңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Айгерім Жүнісова айтты.
Сарапшының айтуынша, заң шығарушы билікті цифрландыру тек электрондық құжат айналымымен немесе отырыстардың онлайн-трансляциясымен шектелмеуі керек. Шынайы e-Parlament – бұл заң шығару үдерісінің ашықтығын, айқындығын және азаматтардың толыққанды қатысуын қамтамасыз ететін жаңа ұйымдастыру моделі.
Айгерім Жүнісова цифрлық шешімдерді енгізу конституциялық реформаны іс жүзінде жүзеге асыру кезеңінде ерекше өзектілікке ие болып отырғанын атап өтті. Жаңа Конституцияның күшіне енуі және Құрылтай сайлауының тағайындалуы елдің ашықтық, есептілік және қоғамның мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне кеңінен қатысу қағидаттарына негізделген заң шығарушы биліктің жаңа моделіне көшуін білдіреді. Сарапшының пікірінше, заманауи цифрлық құралдар осы өзгерістердің ажырамас құрамдас бөлігіне айналуы тиіс.
Бүгінде заң жобаларын әзірлеуге қатысты ақпараттың көбіне әртүрлі платформаларда шашыраңқы орналасатынын, соның салдарынан азаматтар мен сарапшыларға құжаттың талқылау барысында қалай өзгергенін бақылау қиын екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселені заң жобасының бастамашысы, сараптамалық қорытындылар, енгізілген түзетулер, талқылау барысы және дауыс беру нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын бірыңғай цифрлық заң жобасы картасын енгізу арқылы шешуге болады. Бұл заң шығару үдерісін барынша ашық әрі түсінікті етеді деген пікір білдірді Айгерім Жүнісова.
Сарапшы сондай-ақ Құрылтайдың жаңа моделі саяси партиялардың рөлін күшейтіп, бағдарламалар арасындағы бәсекелестікті арттыратынына назар аударды. Мұндай жағдайда азаматтардың заңның түпкілікті мәтінімен ғана емес, оны әзірлеу, талқылау және жетілдірудің бүкіл барысымен танысу мүмкіндігі болуы аса маңызды. Оның айтуынша, цифрлық шешімдер заң шығару қызметіне деген қоғамдық сенімді нығайтып, қоғам мен депутаттар арасындағы тиімді кері байланысты қамтамасыз етуі тиіс.
Сонымен қатар Айгерім Жүнісова заң жобаларын қарапайым тілде жазылған қысқаша түсіндірмелермен сүйемелдеуді, азаматтардың цифрлық қатысу тетіктерін дамытуды және түзетулерді талдау, заңнамадағы қайшылықтарды анықтау мен қоғамдық ұсыныстарды жүйелеу үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалануды ұсынды.
Сарапшының пікірінше, заң шығарушы билікті цифрландыру жай ғана техникалық жаңғырту емес, саяси жаңғырудың маңызды құралдарының біріне айналуы тиіс. Оның айтуынша, технологиялар саяси өкілдікті алмастыру үшін емес, заң шығару үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайта отырып, депутаттардың неғұрлым сапалы әрі негізделген шешімдер қабылдауына жәрдемдесу үшін қызмет етуі қажет.
Мемлекеттік органдардың, жетекші талдау орталықтарының, ғылыми қауымдастықтың, жоғары оқу орындарының, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың өкілдерін біріктірген сараптамалық алаңды ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды