Саясат

Саратовта дрондар мұнай өңдеу зауыты мен Ozon логистикалық орталығына шабуылдады

11 қыркүйекке қараған түні украиналық дрондар Ресейдің Саратов қаласындағы мұнай өңдеу зауытына соққы жасады. Сондай-ақ Ozon маркетплейсінің логистикалық орталығы шабуылға ұшырады.

1

Telegram арналарының хабарлауынша, Саратов мұнай өңдеу зауытында өрт шыққан. Өрттің нақты неден тұтанғаны ресми түрде айтылған жоқ.

Саратов облысының губернаторы Роман Бусаргин түнгі сағат екілер шамасында дрон шабуылы қаупі туралы хабарлады. Оның сөзінше, шабуыл салдарынан азаматтық инфрақұрылымға зақым келген. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

DW мәліметінше, Саратов мұнай өңдеу зауыты бұған дейін де кемінде 16 рет шабуылға ұшыраған.

Ozon логистикалық орталығында өрт шықты

Ozon компаниясының баспасөз қызметі Саратовтағы логистикалық орталығына дрон соққысы жасалғанын растады.

«Саратовтағы логистикалық орталығымыз дрон шабуылына ұшырады. Қызметкерлерді жедел эвакуацияладық. Алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер жоқ. Өрт шықты, оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеп жатыр», – делінген компания хабарламасында.

Шабуылдан кейін орталықтағы тауарлар маркетплейс сөресінен уақытша алынып тасталған. Компания Саратов пен облыста тапсырыстарды жеткізу мен қабылдауды, сондай-ақ сатушылардан тауар қабылдауды уақытша тоқтатты. Жолда келе жатқан жүктер басқа логистикалық орталықтарға бағытталып жатыр.

Волгоград пен Тула облысына да дрондар шабуылдады

11 қыркүйекке қараған түні Волгоград та дрон шабуылына ұшырады. Облыс губернаторы Андрей Бочаровтың мәліметінше, қаланың Красноармейск ауданындағы көпқабатты тұрғын үй зақымданған.

Екі ер адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ губернатор дрон сынықтары Волгоградтың оңтүстігіндегі өнеркәсіптік кәсіпорын аумағына түскенін мәлімдеді. Кәсіпорынның атауы айтылған жоқ.

Тула облысында дрон шабуылынан екі адам қаза тауып, тағы үш адам жараланған. Облыс губернаторы Дмитрий Миляевтың айтуынша, түн ішінде Ресей Қорғаныс министрлігінің әуе қорғанысы күштері өңір аспанында 26 дронды атып түсірген. Аймақта дрон шабуылы қаупі әлі сақталып отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз