Сараптама

Сарсемалиев ісінде марқұм отбасының малы қалай сатылғаны айтылды

Атырау облысында төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сарсемалиевтің ісі бойынша сотта жаңа деректер айтылды. Куәгерлердің бірі марқұм отбасының малы WhatsApp арқылы берілген тапсырмамен сатылғанын мәлімдеді.

Сұлтан Сәрсемәлиев

Атырауда өтіп жатқан сот отырысында негізгі куәгерлердің бірі – малшы Дархан Бақытов жауап берді. Оның айтуынша, 2024 жылдың күзінде оған WhatsApp арқылы Наурыз Мұқанғалиевтің атынан хабарлама келген. Хабарламада қой мен сиырға қарауға ұсыныс жасалып, күнделікті ақы төленетіні айтылған.

Кейін белгілі болғандай, сол кезде Наурыз Мұқанғалиев те, оның туыстары да қаза тапқан болуы мүмкін. Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы Сұлтан Сарсемалиев марқұм Наурыздың телефонын пайдаланып, оның атынан хат жазып отырған.

Жоғалған отбасы
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Куәгердің сөзінше, оған мал қарағаны үшін ақша Мақсот Қарабалиннің банк картасынан түскен. Ал WhatsApp-тағы адам мұны «Наурыздың ақшасы жоқ, әр бас мал үшін Мақсот төлесін» деп түсіндірген.

«Наурыз маған бүкіл отбасы Ташкентке емделуге кетті деп жазды. Мен күмәнданған жоқпын. Ақша Мақсоттың картасынан түскенін де ол өз ақшасы, өзі билік ете алады деп түсіндірді», – деді куәгер сотта.

Сотта айтылған дерекке қарағанда, кейін сол WhatsApp арқылы марқұм отбасының малын сату туралы тапсырмалар беріле бастаған. Қаңтардың ортасында Наурыздың атынан жазған адам «емге шұғыл ақша керек» деп, малды сатуға болатынын сұраған.

«Мен оған: “Ақша керек болса, малды сат” дедім. Ол келісті. Кейін сатып алушыларды жіберетінін, мен тек малды көрсетіп беруім керек екенін айтты», – деді Дархан Бақытов.

Куәгердің айтуынша, ол бастапқыда ешқандай күмәнданбаған. Сатып алушылар қораға келіп, малды көріп, алып кетіп отырған. Ал Бақытов мұның бәрін шетелде емделіп жатқан отбасына көмектесу деп түсінген.

Күмән Бауыржан есімді туысы қораға келген кезде туған. Ол малдың сатылып жатқанын көріп, куәгерден «неге бөтеннің малын сатып жатырсың?» деп сұраған.

«Мен таңғалдым. “Маған Наурыздың өзі жазып отыр. Бұл әкесінің ақшасы, малды сат дейді” деп жауап бердім», – деді куәгер.

Оның сөзінше, барлық нұсқау тек WhatsApp арқылы келген. Ол хабарламаларды шынымен Наурыз Мұқанғалиев жазып отыр деп сенген.

Бұған дейін сотта Сарсемалиевтің марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің телефонын пайдаланып, оның атынан хат алмасқаны айтылған еді.

Еске салсақ, Сұлтан Сарсемалиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, інісі мен қарындасын өлтірді деп айыпталып отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс ұзаққа созылған отбасылық жанжал салдарынан жасалған. Айыптау актісінде марқұмдардың денесін жасыру үшін олардың бірін жалдамалы үйдің ауласына, енді бірін ерлі-зайыптылар тұрған үйдің сарайына көмуге әрекет жасалғаны көрсетілген.

Іс бойынша басты сот талқылауы 28 мамырда Атырауда басталды. Сот процесі жалғасып жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз