Әлеумет

Сәтқалиев Балқаш жағалауында салынатын екінші АЭС жобасы туралы айтты

Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елде салынатын екінші атом электр станциясының (АЭС) жобасына қатысты мәліметтерді жария етті. Нысанға уақытша атау да берілген.

Қазақстан

Жаңа станция қайда салынады?

Екінші АЭС Балқаш көлі жағалауында орналасады деп жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда осы аумақтағы үш ықтимал алаң зерттеліп жатыр. Нақты орын кейінірек анықталады.

«Екінші атом станциясына алдын ала атау берілді — орналасуына байланысты ол “Мойынқұм” АЭС-і деп аталады», - деді министр.

Қуаты мен технологиясы

Жоба екі энергоблоктан тұрады. Әр блоктың қуаты – 1200 МВт. Жалпы қуаттылығы 2400 МВт болады. Бұл оңтүстік өңірлердегі электр энергиясы тапшылығын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Құрылысын кім жүргізеді?

Министрдің сөзінше, жобаны жүзеге асыруға негізгі үміткер — қытайлық China National Nuclear Corporation компаниясы.

«Қазіргі таңда вендорды анықтау бойынша серіктестермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. CNNC екінші атом станциясының бас мердігері ретінде қарастырылуда», - деді ведомство басшысы.

АЭС «Мойынқұм» құрылысының нақты басталу және аяқталу мерзімі жобалық құжаттар ресми түрде бекітілгеннен кейін белгілі болады.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін атом энергетикасын дамыту стратегиялық маңызға ие екенін атап өткен болатын.

АЭС
Фото: Жас Алаш коллаж

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін елімізде үш атом электр станциясын салу қажет екенін мәлімдеген. Ол бұл жобалардың энергетикалық қауіпсіздік пен төмен көміртекті даму жолындағы стратегиялық маңызын атап өткен. Ал биыл маусымда Қазақстан үкіметі бірінші АЭС-ті салу бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Ресейдің «Росатом» компаниясы болатынын айтқан. Екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады.

Дегенмен қоғамда АЭС салуға қатысты көптеген сын-пікір мен алаңдаушылық бар. Экологтар атом станциясы Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертуде. Саясаттанушылар мен белсенділер, әсіресе, Ресеймен энергетикалық тәуелділік мәселесін көтеріп отыр. Атап айтқанда, «Росатом» жобасына қатысу Қазақстанды геосаяси және энергетикалық тұрғыда Мәскеуге тәуелді етіп қоюы мүмкін деген қауіп айтылады.

Тегтер: АЭС
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз