Сауд Арабиясы Израильден көмек сұрады
Сауд Арабиясы Йемендегі хуситтердің белсенділігі күшейіп, стратегиялық маңызы зор Баб әл-Мандеб бұғазына жақындауына байланысты Израильден барлау және өзге де көмек сұраған.
Бұл туралы Israel Hayom басылымы хабарлады.
Басылым мәліметінше, Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман бұл өтінішті АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) арқылы Израильге жеткізген. Эр-Рияд хуситтердің Баб әл-Мандеб бұғазын толық бақылауға алып, Қызыл теңіздегі кеме қатынасын тоқтатуы мүмкін деп алаңдап отыр.
Баб әл-Мандеб - Қызыл теңізді Аден шығанағымен жалғайтын әлемдегі маңызды теңіз жолдарының бірі. Оның жабылуы мұнай мен басқа да жүктерді тасымалдауға айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Қауіптің күшеюі Сауд Арабиясының мұнай экспортына да әсер етіп отыр. Елдің Энергетика министрлігінің мәліметінше, дрондардың жаппай шабуылынан кейін «Шығыс–Батыс» мұнай құбырының жұмысы тоқтаған. Оның тәуліктік өткізу қуаты шамамен 7 млн баррель.
Бұл құбыр Сауд Арабиясының шығысындағы мұнай кен орындарынан мұнайды батыстағы Янбу портына жеткізеді. Бұған дейін Ормуз бұғазы арқылы тасымалдау қиындағаннан кейін Эр-Рияд мұнай экспортының негізгі бөлігін осы бағытқа қайта бұрған еді.
Сонымен қатар Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі Шарура әскери базасына соққы жасағанын мәлімдеді. Хуситтердің әскери өкілі генерал Яхья Сари операция барысында көп мөлшерде баллистикалық зымыран мен дрон қолданылғанын айтты.
Ол Сауд Арабиясы Йемендегі әскери операцияларын жалғастырған жағдайда корольдік аумағының ішкері бөлігіне жаңа шабуылдар жасалуы мүмкін екенін ескертті.
Осылайша, Йемендегі қақтығыс Қызыл теңіздегі кеме қатынасына ғана емес, Сауд Арабиясының мұнай экспорты мен аймақтағы қауіпсіздік жағдайына да тікелей әсер етіп отыр.