Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 10 Маусым 2025

Саусақ іздері алынады: Қазақстан азаматтары үшін Ресейге кіру талаптары өзгерді

Ресей
Фото: zhasalash.kz

2025 жылдың 30 маусымынан бастап Ресей шекарасын кесіп өтетін шетел азаматтары үшін жаңа талаптар күшіне енеді.

Енді шекарадан өткен әрбір адамнан биометриялық деректер – саусақ іздері мен бет-әлпетінің суреті алынып, арнайы цифрлық профиль жасалады.

Бұл өзгеріс желіде түрлі пікір туғызып, кейбір БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушылары “Ресей визалық режим енгізіп жатыр” деген тұжырым жасады. Алайда бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жоққа шығарды.

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, бұл талап тек шекаралық тексеру үдерісін күшейтуге бағытталған.

«Кейбір ақпарат құралдары бұл жаңашылдықты визалық режим сияқты етіп көрсетті. Бірақ шын мәнінде, бұл – тек шекарадан өту тәртібіне қатысты шаралар. Еуропа елдерінде де, Қазақстанда да биометриялық тіркеу – үйреншікті тәжірибе. Бұл қалыпты жағдай», - деді ол.

Айта кетейік, Ресейде шетелдіктерге арналған цифрлық профиль жобасы былтыр сынақ ретінде іске қосылған болатын. Сынақ аясында Ресейге келген Қазақстан азаматтарынан алғаш рет саусақ іздері мен бет-әлпетінің сканерленген нұсқасы алынған.

Ресей билігі бұл шаралардың басты мақсаты – қауіпсіздікті күшейту және елге келетін азаматтардың қозғалысын бақылауды жетілдіру екенін мәлімдеді.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы визасыз режим сақталып отыр. Екі ел азаматтары бұрынғыдай еркін қатынай алады. Жаңа талаптар тек шекарадағы биометриялық бақылауға қатысты екенін ресми органдар нақтылады.

Дегенмен бұл өзгеріс Қазақстан азаматтары үшін жаңа шектеулер мен қолайсыздықтар туғызуы мүмкін. Шекарадан өтуге уақыт көп кетуі ықтимал, сондай-ақ биометриялық деректерді тапсыру – кейбіреулер үшін даулы мәселе болуы мүмкін.