Қоғам

Сайлау заңнамасын бұзудың 8 фактісі тіркелген: Прокуратура маңызды ескерту жасады

Қазақстан прокуратурасы Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында азаматтарға сайлау заңнамасының талаптарын сақтау жөнінде үндеу жасады.

Бас прокуратура

Прокуратура органдарының мәліметінше, сайлау процесінің барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуына бақылау жүргізіліп келеді. Жалпы сайлау науқаны құқықтық талаптар аясында өтіп жатыр.

Бүгінде сайлау заңнамасын бұзудың сегіз фактісі тіркелген. Оның үшеуі сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге, ал бесеуі үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт материалдарын таратуға қатысты.

Осы фактілер бойынша жеті жеке тұлға мен бір заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың барлығы кінәсін мойындап, заңсыз жарияланымдарын онлайн-платформалардан өшірген.

Прокуратура сайлау алдындағы үгіттің 2026 жылғы 22 тамызда сағат 00:00-де аяқталатынын еске салды. Ал 22 және 23 тамызда, яғни дауыс беру алдындағы және дауыс беру күнінде кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынады.

Бұған дейін сайлау комиссияларының немесе дауыс беру орындарының сыртында орналастырылған баспа үгіт материалдарын сол жерде қалдыруға болады. Интернетте бұрын жарияланған үгіт материалдарын да өшіру міндетті емес.

Алайда бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты бетіне қайта шығаруға болмайды.

Сонымен қатар дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе бейнежазбаға түсіріп, оны таратуға тыйым салынады.

Прокуратура белгіленген талаптарды бұзған азаматтар мен ұйымдар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде заңсыз үгіт жасағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл қарастырылған.Айыппұл мөлшері құқық бұзушылық жасаған тұлғаның мәртебесіне қарай 15-тен 35 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді.

Прокуратура азаматтарды сайлау заңнамасының талаптарын сақтап, белгіленген тыныштық кезеңінде үгіт жүргізбеуге шақырды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз