Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:29, 18 Сәуір 2024

«Семей орманы» резерваты мен үш облыс орман өртіне дайын емес

в
Фото:

«Семей орманы» резерваты, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары өрт қаупі болуы мүмкін кезеңге толық дайын емес. Бұл туралы ҚР Үкіметінде өткен кеңесте айтылды.  

Экология және табиғи ресурстар министрлігі 158 мемлекеттік орман иеленушіні тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев «Семей орманы» резерваты, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары өрт қаупі жоғары кезеңге толық дайын емес деп мәлімдеді.

Сонымен қатар ЖЖМ резервінің жоқтығы, орман өрт сөндіру станциялары ғимараттарының апатты күйде не тіптен болмауы, өрт сөндіру мұнараларының жетіспеушілігі, арнайы техниканың тозуы сынды кемшіліктер анықталған. Рациялардың болмауы және арнайы киімдердің жетіспеушілігі мәселелері де өзекті.

Сондай-ақ ТЖМ-ге бір апталық мерзімде аэровизуалды бақылау және өртті сөндіру үшін көрсетілетін тікұшақ қызметінің көлемін ұлғайту бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Экология министрлігіне орман қоры аумағында өрттерді ерте анықтау жүйелерін орнату, орман және табиғатты қорғау мекемелерін материалдық-техникалық жарақтау жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Бұдан бөлек, ІІМ мен әкімдіктер өрт қаупі жоғары кезеңде жеке тұлғалардың орман қоры аумағында болуына жол бермеу, оның ішінде ықтимал қасақана өртеуден сақтау шараларын қабылдайды. Мұндай фактілер анықталған жағдайда азаматтар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ТЖМ-де 441 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс жасайды. Өңірлерде 230 ерікті құрылым, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың 709 бекеті бар. Бозымбаев мемлекеттік өртке қарсы қызмет жоқ жерлерде тағы 49 өрт сөндіру бекетін құруды жеделдетуді тапсырды.

Фото: orda.kz

Тегтер: