Семейде шыршаны безендіру кезінде зардап шеккен мұғалім ауруханадан шығарылды
Семейде шыршаны безендіру кезінде жарақат алған мұғалім Қуат Айтқалиев ауруханадан шықты. Бұл туралы үкіметте өткен брифингте ҚР Білім министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.
Оның айтуынша, мұғалім емделіп, жұмысқа қайта оралады. Министр білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне педагог мәртебесіне қатысты заңнаманың бұзылуына қосымша мониторинг жүргізуді тапсырғанын айтты.
"Мәселені нақты бір мұғалімнің айналасында ғана емес, ауқымды қарап шешу керек. Елімізде бұл жағдай қайталанбауы үшін біз мониторингті жалғастырамыз", - деді Бейсембаев.
Ол сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс әкімдігі ұстаздың емделуін ерекше бақылауға алғанын хабарлады.
Айта кетейік, желтоқсанның 21-і күні Шығыс Қазақстанның Семей қаласында жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде No49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев биіктен құлап, жарақат алды. Республиканың Білім министрлігі мұғалімдерді әдеттен тыс жұмыстарға тарту «Педагог мәртебесі туралы» заңға үзілді-кесілді қайшы келетінін мәлімдеді. Бұқаралық ақпарат құралдары Қуат Айтқалиевтің бас-ми жарақаты мен бас сүйек ішіне қан құйылуы салдарынан жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады. Нейрохирургтер оның бас сүйегінің бір бөлігін алып тастады.
Бұл Семей қаласының шенеуніктерінің мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ әрекеттерге тартуына қатысты бірінші жанжал емес. 2021 жылдың күзінде Семейде көше сыпыруға мұғалімдерді жіберген шенеуніктер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алдағы уақытта семейлік мұғалімге тағы бір ота жасалады деп жоспарланған.