Әлеумет

Семейдегі орман өртіне арналған «38. Соңғы нүкте» фильмі 3 қыркүйекте прокатқа шығады

3 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында «38. Соңғы нүкте» атты драмалық фильм-катастрофа көрерменге жол тартады. Туынды 2023 жылы Семей орманында болған қайғылы оқиғаға арналған.

1

«38. Соңғы нүкте» – 2023 жылғы Семей орманындағы қайғылы оқиғаны негізге ала отырып түсірілген драмалық фильм-катастрофа. Туынды табиғи апатпен бетпе-бет келген орманшылардың тағдыры арқылы адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, достық пен отбасы, ерлік пен таңдау тақырыптарын қозғайды.

Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысы бойынша түсірілген.

2023 жылы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында алапат өрт болып, 15 орман қызметкері қаза тапты. Ел жадында қалған осы қайғылы оқиға «38. Соңғы нүкте» фильмінің негізіне айналды.

1

ФИЛЬМ ТУРАЛЫ

Оқиға орман ішінде күнделікті қызметін атқарып жүрген бір топ орманшының айналасында өрбиді. Кенеттен тұтанған өрт аз уақыттың ішінде бақылаудан шығып, олардың өмірін түбегейлі өзгертеді.

Жалын күшейген сайын кейіпкерлер табиғаттың алапат күшімен ғана емес, өз қорқыныштары мен өмірде жасаған таңдауларының салдарымен де бетпе-бет келеді.

Алайда ормандағы өрттің артында не жатыр? Кейіпкерлерді осы жағдайға алып келген не? Және адам өмір мен өлімнің арасында қалғанда қандай таңдау жасайды?

1

«38. Соңғы нүкте» осы сұрақтарға жауап іздей отырып, көрерменді соңына дейін ширығуда ұстайтын адам тағдыры мен табиғат апаты тоғысқан оқиғаны ұсынады.

Фильм нақты адамдардың өмірбаянын немесе 2023 жылы болған оқиғаны дәлме-дәл қайталамайды. Кейіпкерлер мен оқиғалар көркемдік мақсатта өзгертіліп, авторлық интерпретация негізінде жасалған.

1

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТОП

Продюсер: Нұржігіт Хайдар

Режиссер: Төребек Бейсебаев

Сценарий авторлары: Нұржігіт Хайдар, Мақсат Жұмахан.

Қоюшы оператор: Асылхан Мелдебеков

Қоюшы суретші: Олжас Алменов

Жанры: драма, катастрофа

«38. Соңғы нүкте» – табиғат апаты туралы ғана емес, сын сағатта адамдық қасиет пен өмірдің шынайы құны сыналатын драмалық фильм-катастрофа.

1

Туынды 2023 жылғы Семей орманындағы алапат өрт кезінде қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан орман қызметкерлерінің рухына арналады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз