Сеул Украинада тұтқынға түскен солтүстіккореялық сарбаздарды қабылдауға дайын
Оңтүстік Корея билігі Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысып, кейін украин әскері тұтқындаған Солтүстік Корея сарбаздары бостандыққа шыққаннан кейін Оңтүстік Кореяға көшкісі келсе, оларды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Бұл туралы 23 маусымда Сеулдің Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Сеул Солтүстік Корея әскери тұтқындарын КХДР-ға қайтаруға немесе Ресейге жіберуге қарсы екенін де атап өтті.
Бұған дейін, 22 маусымда, Yonhap агенттігі Украина сыртқы істер министрі Андрей Сыбиганың келесі аптада Оңтүстік Кореяға сапармен келетінін хабарлаған. Ол Оңтүстік Корея СІМ басшысы Чо Хёнмен екіжақты қарым-қатынастарды және Украинадағы солтүстіккореялық әскери тұтқындар мәселесін талқыламақ.
Оңтүстік Корея СІМ мәліметінше, Чо Хён мен Андрей Сыбига арасындағы кездесу 30 маусымда Сеулде өтеді. Келіссөздердің негізгі тақырыптарының қатарында Ресей мен Украина арасындағы соғыс және Украинадағы солтүстіккореялық тұтқындардың тағдыры бар.

Украинадағы солтүстіккореялық тұтқындар
2025 жылдың басында Ресейдің Курск облысына жіберілген Солтүстік Кореяның екі әскери қызметкері Украина Қарулы күштерінің қолына тұтқынға түсті. Кейін олар Оңтүстік Кореяға көшкісі келетінін білдірген.
Өз кезегінде Оңтүстік Корея үкіметі ел конституциясына сәйкес Солтүстік Корея азаматтарының барлығы Оңтүстік Корея азаматтары болып саналатынын еске салды. Сондықтан Сеулге қоныс аударғысы келетін барлық әскери тұтқындарға қажетті қорғау мен қолдау көрсетілмек.
«Олардың еркін таңдауына сүйене отырып, Оңтүстік Кореяға тез арада қоныс аударуына жәрдемдесу – үкіметтің өзгермейтін ұстанымы», – деді Yonhap агенттігіне жоғары лауазымды оңтүстіккореялық шенеунік.
Оның айтуынша, Сыбиганың Сеулге сапары осы мәселе бойынша нақты ілгерілеуге жол ашуы мүмкін.
Пхеньян әскери тұтқынға түсуге тыйым салады
DW-ге сұхбат берген оңтүстіккореялық белсенділер мен Солтүстік Кореядан қашып кеткен азаматтардың айтуынша, Пхеньянның әскери доктринасы сарбаздарға тұтқынға берілуге қатаң тыйым салады.
«Егер украиналықтардың қолына түсу қаупі туса, әскери қызметкерлерге өз-өзіне қол жұмсау бұйырылған», – деді 1990-жылдары Солтүстік Кореядан қашып кеткен Ким Ыджин.
Оңтүстік Корея Конституциясының 3-бабына сәйкес, КХДР тұрғындарының барлығы ресми түрде Оңтүстік Корея азаматтары болып есептеледі және түбектің оңтүстігіне кез келген уақытта келуге құқылы.

КХДР әскері Украинадағы соғыста
Сәуір айында КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын Пхеньянда Ресейдің Украинаға қарсы соғысында қаза тапқан солтүстіккореялық әскери қызметкерлерге арналған мемориалды салтанатты түрде ашқан болатын. Рәсімге Ресей Мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володин мен Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов қатысты.
Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметінің (NIS) бағалауынша, Ресей жағында соғысу үшін Украинаға 15 мыңнан астам солтүстіккореялық әскери қызметкер жіберілген. Олардың шамамен 6 мыңы қаза тауып, тағы 4 мыңы жараланған.
Украинадағы соғыс бесінші жылға жалғасып отыр, ал Солтүстік Корея Ресейге әскери қолдау көрсетуді жалғастыруда.