Шағын гранттар аясында экология мен тарихи мұраны насихаттайтын жобалар іске қосылды
Абай облысында жергілікті қауымдастықтардың бастамаларын қолдауға арналған шағын гранттық бағдарламаның алғашқы нәтижелері көріне бастады. Мемлекеттік қолдауға ие болған бірнеше жоба өңір тұрғындарын қоғамдық іске жұмылдырып, табиғатты қорғау мен тарихи мұраны сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыруды мақсат етеді.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда. Оған Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Қазақстанның Азаматтық альянсы серіктес ретінде қатысып, өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар бастамалардың жүзеге асуына мүмкіндік жасаған.Жоба аясында алғашқылардың бірі болып Ақсуат ауданында экологиялық бағыттағы жұмыстар қолға алынды. «Таза Қазақстан – таза Ақсуат» бастамасы ауыл тұрғындарының табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ұйымдастырушылар алғашқы күндерден-ақ жастардың қолдауына сүйеніп, аумақтарды тазалау және қоршаған ортаны күтіп ұстауға арналған акциялар өткізді. Бұл жұмыстарға «Жасыл ел» жасағының мүшелері белсенді атсалысуда. Алдағы уақытта бастамаға үш жүзге жуық адамның қатысуы жоспарланып отыр.
Өңірде жүзеге асырыла бастаған тағы бір жоба Жарма ауданындағы Шалабай ауылымен байланысты. «Ұлы Дала Ізі» бастамасы тарихи орындарды қорғау мен олар туралы мәліметті көпшілікке қолжетімді етуді көздейді. Жоба авторлары ежелгі қорғандарға қатысты деректерді жинақтап, ғылыми мәліметтерді бір жүйеге келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.Жиналған ақпарат негізінде тарихи ескерткіштердің жанынан QR-код орнатылған ақпараттық тақталар қойылады. Осы арқылы келушілер мобильді құрылғылардың көмегімен археологиялық нысандардың тарихы туралы толық мәлімет ала алады.
Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары мен жастарға арналған өлкетану бағытындағы кездесулер, танымдық дәрістер және тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастыру жоспарланған. Жоба ұйымдастырушылары мұндай іс-шаралар жастардың туған өлкенің өткені туралы танымын кеңейтіп, мәдени мұраны сақтауға деген жауапкершілігін күшейтеді деп есептейді.
Бағдарлама авторларының айтуынша, шағын гранттар жергілікті белсенді азаматтардың бастамаларын нақты іске айналдыруға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай жобалар қоғамның белсенділігін арттырумен қатар, өңірдің табиғи және тарихи байлығын сақтауға бағытталған ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.