Шахмұрат Мүтәліп «Қазмырышты» 5 млрд долларға сатып алуы мүмкін
Шахмұрат Мүтәліп «Қазмырышты» 5 млрд долларға сатып алуы мүмкін
Швейцариялық Glencore компаниясы Қазақстандағы ірі мырыш пен алтын өндірушілердің бірі - «Қазмырыштың» бақылау пакетін жергілікті инвесторға сату жөніндегі келіссөздерді жалғастырып жатыр.
Бұл туралы компанияның бас директоры Гэри Нэгл Goldman Sachs ұйымдастырған жабық конференцияда мәлімдеген.
Financial Times мәліметінше, мәмілені жасау немесе одан бас тарту туралы шешім алдағы екі ай ішінде қабылдануы мүмкін. Сарапшылар активтің құнын 5 миллиард долларға дейін бағалап отыр.
2026 жылдың ақпан айының соңында Bloomberg Glencore компаниясы «Қазмырыштағы» 70 пайыздық үлесін қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке сатуды талқылап жатқанын хабарлаған. Ол - Integra Construction құрылыс тобының иесі. Сол кезде мәміле құны шамамен 4-4,5 миллиард доллар деп бағаланған. Сондай-ақ Glencore сатып алуды қаржыландыруға көмектесуі мүмкін екені айтылған.
Шахмұрат Мүтәліптің басқа да мәмілелері бар
Кәсіпкер биыл тағы бір ірі мәмілеге қатысқан. Мамыр айында оған тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы ERG тобының 39,3 пайыз акциясын сатып алған. Оның ішінде Патох Шодиевтің 18,6 пайызы және Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі 20,7 пайыз үлес бар.
Бұдан бөлек, Шахмұрат Мүтәліп Қазақстандағы ең ірі үш алтын өндірушінің қатарына кіретін «Алтыналмас» компаниясының 100 пайыз акциясын сатып алу процесінде жүр.
«Қазмырыш» қанша пайда тапты?
Курсивтің бұған дейінгі мәліметінше, «Қазмырыш» 2025 жылы ортақ иелеріне, соның ішінде Glencore-ға 771,3 миллион доллар пайда әкелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 67 пайызға көп. Ал 2024 жылы компанияның таза пайдасы 462,3 миллион доллар болған.
Пайданың өсуіне компания өндіретін металдар бағасының қымбаттауы әсер еткен. Мырыштан бөлек, кәсіпорын қорғасын, мыс, алтын, күміс және басқа да бағалы металдарды өндіреді.
2025 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, «Қазцинктің» акционерлері арасында «Казастур Цинк АГ», «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы, Best Invest, Center Capital Investment және Pasar Holdings Incorporated AG болған. Қаржылық есепте Glencore International AG компанияның түпкілікті бақылаушы тарапы ретінде көрсетілген, оның үлесі 69,74 пайызды құраған.
Glencore неліктен активтерін сатпақ?
Glencore бірнеше ірі активін сатуды қарастырып отыр. Атап айтқанда, компания Конго Демократиялық Республикасындағы активтерінің 40 пайыздық үлесін сатуы мүмкін. Қарызды қоса есептегенде, бұл активтердің құны шамамен 9 миллиард доллар деп бағаланған.
Инвесторлардың бірінің айтуынша, активтерді сату Glencore бизнесінің құрылымын ықшамдап, басқа тау-кен компаниясымен ірі мәміле жасауын жеңілдетуі мүмкін.
Бұған дейін Glencore бәсекелесі Rio Tinto компаниясымен бірігу жөнінде келіссөздер жүргізген. Алайда биыл жылдың басында тараптар мәміле бойынша ортақ шешімге келе алмаған.
Сонымен қатар Glencore 2026 жылдың қорытындысы бойынша сауда бөлімшесінің пайдасы 5 миллиард доллардан асады деп күтеді. Бұл көрсеткіш компания тарихындағы 2022 жылдан кейінгі екінші жоғары нәтиже болуы мүмкін.