Әлеумет

Бектенов аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін бір айда әзірлеуді тапсырды

Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған Үкімет отырысында қаралды.

Байлық

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне бір ай ішінде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Жиында инвестиция тарту жүйесін жетілдіру мәселесіне де назар аударылды. Бектенов капитал үшін жаһандық бәсеке күшейген жағдайда шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, мемлекеттік органдардың қайталанатын функцияларын жою қажеттігін атап өтті. Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктеріне "Бәйтерек" холдингімен бірлесіп, он күн ішінде инвестициялық процестерді басқарудың бірыңғай жүйесін құру жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Премьер-министр инвестиция тиімділігін жаңа өндірістердің саны мен сапасына, сондай-ақ олардың экономикаға қосқан нақты үлесіне қарай бағалау керектігін айтты. Осыған байланысты Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне "Бәйтерек" және "Самұрық-Қазына" холдингтерімен бірлесіп, бір ай ішінде терең өңдеу жобаларының тізбесін әзірлеу міндеттелді. Әр жоба бойынша әлеуетті инвесторлар, іске асыру мерзімі, жергілікті өнім үлесі мен экономикалық тиімділігі айқындалуы керек.

Мемлекеттік сатып алуға шағын және орта бизнестің қатысуын кеңейту мәселесі де талқыланды. Тиісті министрліктерге "Атамекен" палатасымен және квазимемлекеттік сектор өкілдерімен бірлесіп, бір апта ішінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігіне жаңа Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді пысықтап, мемлекеттік органдармен жедел келісу міндеті жүктелді.

Бұдан бөлек, Қаржы министрлігіне жергілікті жерлерде салық түсімдерін арттыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту және салықтық-кедендік әкімшілендіруді толық цифрландыру тапсырылды. Бұл жұмыста жасанды интеллект құралдарын да пайдалану көзделген.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз