Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:29, 25 Қаңтар 2024

"Шәріпханов шаршасаңыз, айтыңыз" – президент Тоқаев

Шәріпханов
Фото: из открытых источников

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, төтенше жағдайлар министрі Шәріпхановты сынға алды, деп жазды Zhasalash.kz.

Іс-шараға президент әкімшілігінің басшылығы, қауіпсіздік кеңесі, үкімет мүшелері, қалалар мен облыстардың әкімдері, сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан аумағының үштен бір бөлігі жер сілкінісіне бейім екенін атап өтті. Соңғы 5 жылда сейсмологиялық станциялар 45 мыңнан астам жер сілкінісі оқиғасын тіркеді, олардың басым бөлігі төмен балдық жер сілкіністері болған.

«Ашығын айтқанда, Алматыдағы төтенше жағдай кезінде құзырлы органдар шұғыл шараларға толық дайын болған жоқ. Қала тұрғындары өзін қалай ұстау керектігін білмей абдырап қалды. Дегенмен, бұл жиынның басты мақсаты сын айту емес, нақты шешім қабылдау. Мысалы, адамдардың көпшілігінде «дабыл чемодандары» да дайын емес. Мұны балабақшалар мен мектептердегі балаларға үйрету керек. Мұндай тәжірибе Алматыда бұрыннан бар, оны қайта жаңғырту қажет. Қазіргі таңда азаматтарды төтенше жағдайларға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Уәкілетті органдар халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік органдарда жүйелі түрде оқытуды жүргізу қажет. Бұл дереу басталуы керек өте маңызды жұмыс», - деді президент.

Сондай-ақ президент ескерту дабылының қосылмағанын дұрыс болғанын айтты.

“Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын. Құлақтандыру бірнеше негізгі міндетті шешуі керек. Олардың қайсысын бұрын қолдану керектігі қауіп-қатердің ауқымына байланысты. Алайда қолданыстағы алгоритмдерде бұл ескерілмейді. Қатты жер сілкінісі кезінде адамдарды зілзаланың физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызықтырмайды. Олар табиғат апатының қаншалықты жойқын екенін онсыз да сезінді. Мұндай сәтте, ең бастысы, тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды”, – деді Президент.

Осы тұста Тоқаев төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың жұмысының нәтижесі көрінбей жатқанын айтып, болған жағдайды да, министрді де сынады.

“Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды”, – деді Мемлекет басшысы.