Шерзат ісі «Салтанат заңына» жеткенше...
Кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың топырағы кеппей жатып әке-шешесінің үйі өртенді. Полицейлер «бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру» бабы бойынша іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Марқұмның туыстары мен қарапайым жұрт үйді Шерзатты айуандықпен өлтірген топтың жақтастары өртеді деп күдіктеніп отыр.
Мұндай күдіктің өз себебі бар. Небәрі 16 жастағы жеткіншекті аса қатыгездікпен ұрып өлтірген топтың әрекеті қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Көпшілік орда бұзар жасқа жақындаған он неше адамның қаршадай баланы жабыла ұрып, пышақтағанына қатты ашынды. Әу баста бұл іс бір топ бұзақының басбұзарлығы деп бағаланған еді, көп өтпей оның ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деген болжам айтыла бастады.
Жергілікті жұрттың айтуынша, Талғарда көп жылдан бері «хуторскийлер» деп аталатын қылмыстық топ әрекет етіп келеді. Жергілікті билікпен, полициямен астыртын байланысы бар екені, қылмыстары жабулы күйінде қалатыны айтылып жатыр. Әрине, мұның бәрі қазірше дәлелдене қойған жоқ. Желіде «хуторскийлер» жайлы ақпарат өріп жүр, топты үш ағайынды басқаратыны, оның бірі Талғар әкімдігінде лауазымды қызмет атқаратыны да айтылды.
Оның үстіне Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың әділдік сұрап, жұрт алдына шыққаны әлдекімдерге ұнамай қалған. Олар түрмеден хабарласып, «тыныш жүр, әйтпесе балаңның жанынан көріңді дайындап қой» деп ескерту жасапты. Марқұмның туыстары өздеріне қарсы түрлі қорқытып-үркіту әрекеттері жүріп жатқанын айтып, полицейлерден көмек сұраған.
Бұл – заңы бар, тәртібі түзу елде болатын әрекет емес. Баласын жауыздықпен өлтіріп, әкесіне түрмеден хабарласып қорқыту, үйін өртеп жіберу – нағыз қылмыс жайлаған жабайы елге тән көрініс. Егер осының бәрін қылмыстық топ істегені рас болса, олар бір Шерзаттың отбасына ғана емес, тұтас мемлекетке, халыққа, құқық қорғау органдарына қарсы соғыс ашып отыр деп бағалауға болады.
Кеш келген күзет
Бұл істе ішкі істер министрлігі, прокуратура, жергілікті әкімдік сылбыр қимылдап, қайта-қайта кешігіп жатыр. Қылмыс 3 қазаннан 4 қазанға қараған түні болды. Сол кезде оқиға орнына полиция да, жедел жәрдем де бармапты, соққыға жығылған баласы мен інісін емханаға Нұрымов өзі апарған. Мұны бір деңіз.
Шерзат ауыр соққы мен пышақ жарақатынан қайтыс болған соң іс полицейлердің қолына өтті. Ал олар тағы жайбасарлық танытып, дер кезінде тиісті тергеу әрекеттерін жүргізген жоқ. Бұған наразы болған көпшілік көшені жауып, әділдік талап етті. Осыдан кейін ғана құзырлы органдар қимылдап, тергеу дұрыс бағытта жүре бастады. Яғни марқұмның туыстары әділдікке жету үшін президентке үндеу жолдап, қоғамдық резонанс туғызды. Жауапты шенділер өз жұмысынан екінші рет кешікті.
Істің жалпыға жария болып, қоғам назарына шығуы біреулердің жоспарын бұзған сияқты. Олар Шерзаттың жақындарына қысым жасап, қоқан-лоқы көрсете бастаған. Марқұмның туыстары полициядан көмек сұрап, ауыл шетіне күзет қоюға шақырды. Бұл өтінішке билік құлақ түрген жоқ. 12 қазанға қараған түні үй өртенді. Осыдан кейін ғана Алматы облыстық полиция департаменті Шерзаттың отбасы күзетпен қамтамасыз етілгенін хабарлады. Осылайша, шенділер үшінші рет кешікті.
Үй өртенген соң оған дейін үнсіз отырған бас прокуратура да қимылдай бастады. «Талғарда жасөспірімді өлтіру ісі бойынша жәбірленушілердің үйін өртеу фактісіне қатысты 12 қазанда бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылды. Қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынды» деп мәлімдеді олар.
Соған қарағанда, бас прокурор Берік Асылов үй өртенгенге дейін істің ушығып тұрғанын түсінбеген сияқты. Бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов істі өзі бақылайтынын айтқан, бірақ министрдің көзін бақырайтып қойып, үйді өртеп кетті.
Вице-министр мен облыс прокуроры алдап кетті
12 қазан күні үй өртенген аумаққа журналистер жиналды. Оқиға орнына «Жас Алаш» тілшісі де барды. Бірақ тергеу барысы туралы ешбір ресми мәлімет ала алмадық. Кейбір әріптесіміз таңғы сағат 8-ден бастап үй маңында болған. Олардың айтуынша, 7 қазанға дейін Алматы облыстық ПД-ны басқарып, сол күннен бастап вице-министр лауазымына өскен Бауыржан Әленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов журналистерді алдап кеткен. Өртенген үйге келген қос шенді журналистерге ішке кіріп, жағдайды көріп шыққан соң жауап беруге уәде етеді. Бірақ басқа жақтан шығып, тайып тұрыпты. Тілшілер екі лауазымды тұлғаның өртенген үйге кірген ізі бар, шыққан ізі жоқ деп, қас қарайғанша күтті. Бірақ Әленов пен Адамовты «ұстай» алған жоқ.
Ол екеуі журналистерге тіке жауап беруден жалтарып, оңаша отырып видеомәлімдеме жасады. Әленов қылмысты ІІМ-нің орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел топ тергеп жатқанын айтты.
Вице-министр 4-қазаннан бері жүріп жатқан тергеу жұмыстарынан қандай нәтиже шыққанын айтқан жоқ. Тіпті қайта-қайта көмек сұрап жүрген жәбірленушілерге үй өртенгенге дейін неге күзет берілмегенін де түсіндірмеді. «Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады» деп құр алдарқатумен келеді. Мұндай уәдені Әленовтен бұрын Сәденов те берген. Бірақ іс, керісінше, шиеленісіп барады. Ал облыс прокуроры Адамов оқиға орнында арнайы прокурорлар жұмыс істеп жатқанын айтып, сараптама нәтижесіне сай әрекет ететінін хабарлады. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқан азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытты. Біздің елде прокуратураның міндеті азаматтардың аузын аңду ғана сияқты көрінеді. Бір мәселе болса, «жалған ақпарат таратқандарды жазалаймыз» деп белсеніп шығады. Ал өздері ешбір ақпарат бермейді. Мысалы, дәл осы оқиғада қоғам арасында әртүрлі әңгіме айтылып жатыр, соның ақ-қарасын айырып, қауесетке нүкте қоюдың орнына Адамов журналистерден жасырынып қашып кете салды.
Адамов қана емес, оқиға орнында жұмыс істеп жатқан облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының бас маманы Расул Нұржанұлы да тергеу құпиясына сілтеп, журналистерге ештеңе айтпай қойды. Ал «жәбірленушілерге бұған дейін не үшін күзет берілмеді?» деген сұраққа да жауап берген жоқ.
Қобызым не дейді, депутатым не дейді?
Оқиға орнына кештетіп, мәжіліс депутаты Ардақ Назаров келді. Ол – парламентке бір мандатты жүйе арқылы Алматы облысынан сайланған. Сол тұрғыдан алғанда қылмыс болған жерге келгені жөн-ақ. Бірақ айтқан сөзі көп көңілінен шыққан жоқ. Жұрт депутаттан істің ашық, әділ тергелуі туралы мәселе көтереді, депутаттық сауал жолдайтын шығар деп күтіп отырғанда, Назаров тосын «маневр» жасады. Бар сөзін жіпке тізіп керек емес, бәрі бір сарынды әңгіме. Ең «дәмді» жерін ұсынайық:
«Ең басты айтарым – ұрпақ тәрбиесін қолға алу керек. Мұның түпкі тамыры балабақшада, мектепте, университетте жатыр. Арақ – бүкіл жамандықтың кілті. Арақ ішкен адам әйелін ұруы мүмкін, біреуді машинамен соғуы мүмкін. Бәрі арақтан басталып отыр, шешесі қорғап отырғанның өзінде барып тепкілеу – айуандық. Сондықтан араққа тыйым салу керек, анаша дегенді Қазақстанға кіргізбеу қажет. Жастар тәрбиесін қолға алу керек. Қазір неше түрлі жастар өсіп келе жатыр, ажырасқандар көп, ата-анасына қарамай отырған жастар көп, елге қауіпті жастар өсіп келе жатыр. Оларды интернет тәрбиелеп жатыр. Сондықтан Астанаға барғаннан кейін ең бірінші қолға алатын мәселем – ұлттық тәрбиені, ұлттық болмысты, идеологияны қолға алуды сауал ретінде жолдаймын», – деді депутат.
Депутат та осы істің артында қылмыстық топ тұрғаны рас па деген сұраққа жауап берместен тайып тұрды.
Оқиғаға қылмыстық топтың қатысы бар ма?
Талғар тұрғындары ауданда «хуторскийлер» деп аталатын қылмыстық топ бар екенін растап отыр. Жергілікті жұрттың олардан қорқатыны байқалады. БАҚ-қа сұхбат берген азаматтар бетін жауып, дауысын өзгертуді сұрайды. Көпшілік аталған «банда» талай ауыр қылмыс жасаған деп отыр. Желіде тараған ақпаратқа сенсек, Шерзатты өлтіргендердің осы топқа қатысы бар болуы мүмкін. Мұндай болжамды «Жас Алаш» Youtube-арнасына берген сұхбатында марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов та айтты.
«Талғар полиция басқармасында 70-80 пайыз «Хутор» дейтін ауылдың жігіттері істейді. Менің баламды өлтірген жігіттердің туыстары да полиция қызметінде. Біреуге нақты жала жабудан аулақпын, бірақ сол түні келіп өзге жігіттерге төбелесті бастау туралы бұйрық берген жігіт те полицияда жұмыс істейді деп естідім. Қазірге дейін 7 адам ғана ұсталып, қалғаны бостандықта жүргенінің себебі – осы. Оқиға орнында болған екі әйел әлі куәгер ретінде аталып отыр.
Талғарда «Хутордың» балалары жылда адам өлтіреді. Менің балам ғана емес, өзге жағдайлар да болған. Бізге келіп, тұрғындар айтып жатыр. Біреудің тапа-тал түсте көзін ойып алыпты, біреуді атып тастаған. Сол үшін «Хутордың» жігіттерінен бәрі қорқады, мұны бала кезден білеміз. Олар жабылып кетеді, пышақ сұғады, атады. Өйткені олар жазаланбайтынына сеніп отыр. Ақшамен, байланыспен бәрін шешіп кетеді. Олардың қылмысын жауып беретін әкімдікте, полицияда, прокуратурада байланыстары бар», – дейді Қаржаубай Нұрымов.
Бірақ бұл уәжбен ресми органдар келіспейді. Алматы облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы Серік Шалхаровтың айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топ деген түсінік бірнеше рет қылмыс жасаған адамдарға қарата айтылады, бір ғана оқиғаға бола күдіктілерді ұйымдасқан топтың мүшесі деуге болмайды. «Әлеуметтік желіде тараған «хуторскийлер» туралы ақпаратқа түсініктеме берілді. Кеңес заманындағы «Хуторская» ауданы қазір «Бірлік» деп аталады. Дегенмен сол ауданның барлық тұрғынын қылмыстық топ мүшесі деп айыптауға болмайды. Бізде мұндай топтар жоқ», – дейді Шалхаров.
Қайтыс болған баланың әкесі Қаржаубай Нұрымов әр сұхбатында, әр үндеуінде халықты сабырға шақырып, митингке шықпауды сұрайды. Соған қарағанда, құзырлы орган өкілдері оны «халық көтеріліп кетсе, жауапкершілікті сен арқалайсың» деп қорқытқан сияқты. Журналистер сұрағына жауап беру барысында ол мұндай қысымның бар екенін растады да.
Қазір қазақ қоғамы дауыл алдындағы тыныштық күйінде тұр. Әр өңірден сәлем жолдап, Талғарға барамыз, қылмыскерлермен өзіміз сөйлесеміз, жазасын береміз деген кепте қаншама жазба жарияланды. Бәлен жақтан бәлен жігіт жолға шығыпты іспеттес дақпырт та желдей есіп тұр. Ел дәл қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаев қандай мәлімдеме жасайды деп күтіп отыр. Күні кеше ғана өткен «Салтанат ісі» ұмыт болатындай уақыт өте қойған жоқ. Ол кезде де президенттің бір ауыз сөзімен сот ашық, онлайн форматқа ауыстырылған. Шерзат ісіне қатысты да құзырлы органдар осындай бір емеурін күтіп отырғандай әсер қалдырады.
Айтпақшы, президент биыл ғана әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын екі заңға қол қойған. Заң «Салтанат заңы» аталып кеткен.
Қуаныш Қаппас