Саясат

Шетелдіктерге жер берудің қитұрқы жоспары

Қазақтың фермерлер одағы Қытайға қасақана қарыз болған ба?

Шетелдіктерге жер берудің қитұрқы жоспары

       Қазақстанда фермерлер одағы деген ұйым бар. Бұл одақты ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қатты қолдайды. Министр бұл ұйымды Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жоспарын әзірлеуге белсенді қатыстырып келеді. Бірақ осы «Қазақстанның фермерлер одағы Қытайға шамамен 1 миллион доллар қарыз» деп жазды кеше Кирилл Павлов деген журналист.       Ал, ендеше! Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров сонша жанталасып жетектеп жүрген «ҚР фермерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі сот орындаушыларының борышкерлер тізімінде тұр. Қайтарылмаған жалпы қарызы – 1 миллион долларға жуық, нақты айтқанда 403 745 928,6 теңге.         Арыз түсіруші қытайлық биологиялық-технологиялық KhorgosJinhe (Huoerguos jin he biological technology co., Ltd) компаниясы екен. Қытай валютасымен есептегенде қарыз сомасы – 7 393 260 қытай юані. Фермерлер одағының бұл қарызын төлемей отырғанына бір жылдан асып кетіпті. Тіпті Астана сотының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен бұл одақтың басшысы Жигули Дайрабаевтың Қазақстан аумағынан шығуына тыйым салынған екен.      Осыған байланысты Қазақстанның фермерлер одағына қатысты бірнеше сұрақ туындайды. Фермерлер одағы қытайлық компания алдында мұншама сомаға не үшін қарыз болған? Осындай былығы бар одақ Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жоспарын құруға қалайша қатыстырылып отыр және ол ұлттық жоспарға қандай ұсыныстарын тықпалап үлгерді екен? Бұл қулар Қытайға қасақана қарыз болып, ертең ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге пайдалануға беруді күйттеп жүрген жоқ па, өзі?

Тегтер: Без Тега
Әділ Ақылбай
Әділ Ақылбай Әділ Ақылбай

Оқыңыз