Шымкентте 27 миллион теңге қарызы бар жүргізуші ұсталды
Шымкентте «Қорғау» қосымшасының көмегімен 27 млн теңге қарызын төлеуден жалтарып жүрген Lexus жүргізушісі анықталды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
ІІМ баспасөз қызметі мәлімдегендей, борышкерді полицейлер «Қорғау» жүйесі арқылы анықтаған. Мәселен, өткен дүйсенбіде бағдарлама Тәуке хан даңғылында борышкердің басқаруындағы автокөлік туралы ақпарат берген. Азаматтың 27 миллион теңге көлемінде берешегі бар болып шыққан.
Шымкент қаласының тұрғынына қарызды төлеу қажеттілігі туралы ескерту жасалды, ал оның темір тұлпары айыппұл тұрағына қойылды.
«Қорғау» қосымшасын қаланың тәртіп сақшылары 2022 жылдың сәуір айында қолдана бастады. Қосымша полицейлерге жалған нөмірлі, сақтандырусыз, іздестірудегі, төленбеген айыппұлдары бар көліктер туралы хабарлай алады. Сонымен қатар бағдарлама жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын қауіпті жүргізушілерді анықтайды.