Шымкентте пойызға тас лақтырған жасөспірімдер жауапқа тартылды
Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Саратов – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызына тас лақтырған үш жасөспірімді анықтады.
Полицейлер пойыз қозғалысы кезінде теміржол жиегінде тұрған балалардың өтіп бара жатқан құрамға тас лақтырып жатқанын байқаған. Қауіптің алдын алу үшін полиция қызметкері машинистпен шұғыл байланысып, пойыз жылдамдығын төмендетуді сұраған.
Жасөспірімдер көп ұзамай ұсталып, ата-аналарымен бірге көліктегі полиция басқармасына жеткізілді. Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінің қатысуымен өз әрекеттерін мойындаған.
Оларға теміржол нысандарындағы қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Ал ата-аналары балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция пойызға тас немесе басқа да зат лақтыру жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіріп, қозғалыс қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін екенін ескертті.